Basty bet

ҚАРБАЛАСПЕН ӨТКЕН ЕКІ КҮН

аудан әкімі Нарбай Ергебеков өткен демалыс күнін жұмысқа арнады

«Бірге – таза Қазақстан!» тазалыққа үндейді
«Тазалық сақтаған жерде». Бүгінде осы халық мәтелінің байыбына терең бойлай бермейтін болдық. Табиғат-Анаға келтіретін орасан залалына қарамастан, қолымыздағы қоқысты, тамақтың немесе кез келген бұйымның қалдықтарын кез келген жерге тастап жүре береміз. Адамдардың қоршаған ортаға осындай немқұрайдылығының алдын алу, жұртшылықтың назарын қоқыс тастамауға, айналаны ластамауға аудару мақсатында түрлі сипаттағы іс-шаралар жыл он екі ай өткізіліп тұрады. Соның бірі – өткен сенбіде табиғат жанашырларының «Бірге – таза Қазақстан!» атты ұранымен өткізілген жалпыреспубликалық экологиялық сенбілік.
Аталған экологиялық сенбілікке аудан әкімі Нарбай Ергебековтің өзі бас болып, орынбасарларымен, әкімдік аппаратының, бөлімдер басшыларымен және қызметкерлерімен бірге қатысып, үлгі-өнеге көрсетті. Тазалық шараларына қатысушылардың бір тобы Нұрлыкент ауылының сырт жағындағы Теріс өзенінің «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасына құяр тұсына аялдап, өзен жағасында демалыс өткізушілерден қалған қоқыстар мен тұрмыстық қалдықтарды тазалады. Айта кетерлігі, адамдардың немкеттілікке салынғаны сондай, жер-жерде пластик ыдыстар мен металл қалбырлардың қалдықтары шашылып жатты. Жиналған қоқыстар «Жасыл Ел Жуалы» мекемесінің арнайы техникасының көмегімен шығарылды.
Жалпыреспубликалық экологиялық сенбілік аясында бұл күні Билікөл өңіріндегі Әулиебастау бұлағының басында да тазалық шаралары ұйымдастырылды. Мұнда ауылдық округ әкімі аппараты, спорт және денешынықтыру, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімдерінің қызметкерлері бұлақ көзін ашып, төңірегінде қаулап өсіп кеткен тал-шіліктерді бұтап, бастау басына апаратын жолдардың жиектастарын әктеді. Демалыс аймағына келушілердің тынығуына арналған отырғыштарды ретке келтірді.

* * *
Арыстық балалардың жүзі жарқын
Аудан әкімі Нарбай Ергебеков «Берікқара» шатқалында орналасқан «Тау самалы» балалар жазғы сауықтыру лагерінде болып, осында демалып жатқан арыстық балалардың жағдайымен танысты.
Бұл жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласынан лагерьге келген оқушылардың екінші легі екен. Нарбай Әбілқасымұлы арыстық балаларды әңгімеге тартып, олардан лагерьдегі демалыстың қалай өтіп жатқанына, тамақ мәзіріне, ұйымдастырылатын іс-шаралардың мазмұнына қанықты. Балалар басында әкіммен ашық әңгімеге аздап тосылыңқырап қалса керек, дегенмен ашылып, өздерінің ой-пікірлерімен бөлісіп, мұнда жақсы достар тапқанына қуанышты екенін жеткізді, тіптен өнерлерін де көрсетті.
Нарбай Ергебеков лагерьде демалып жатқан барлық оқушыларға жақсы тынығып, жаңа оқу жылына тың күшпен кірісуге тілектестігін білдіре келе, лагерь басшылығын оларға барынша қолайлы жағдай жасауға шақырды.

* * *
Мал мен шөп
саудасы қызып тұр
Қазір ауданда мал азығын дайындау науқаны қызған шақ. Алқапта піскен астыққа орақ түскелі мал азығы мен ет өнімдерінің нарықтағы бағалары да қабат құбылып, бірде төмендеп, бірде шарықтап тұр. Аудан әкімі Нарбай Ергебеков салалық орынбасары Әбдікерім Уркумбаевпен бірге жағдайды өз көзімен көру үшін жексенбі күні төрт түлік мал мен түктелген шөптер сатылатын аудан орталығындағы «Сәду» жекеменшік мал базарына арнайы барды.
Мал базардағы жағдай әдеттегідей. Сатылатын малдар таң алагеуімен жеткізіліп, таң қылаң бере сауда қызып жүре береді. Мал түлігінің түріне қарай оларды саудалау орындары да бөлінген. Уақ малды саудалаушылар бір жақта, ірі қара мал мен жылқы сатушылардың да өз орындары бар.
Аудан басшысы қой-ешкі сатушылар қатарынан бастап, торпақ-тана, сиыр, әрі қарай жылқы сататын қатарға өтіп, мал иелерімен, сатып алушылармен шаруа төңірегінде пікір алмасып, ашық-жарқын әңгімелесті. Базардың бір бұрышында мал әбзелдерін сатушылардың алдында сөреде жайылып жатқан бас жіптерді, арқандар мен ноқталар мен ауыздық-жүгендерді ұстап, сапасын байқады.
Мал базарынан шыққан аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы тайланған шөптерді әкеліп, сатып тұрған азаматтардың жанына келді. Олармен де шаруа, биылғы шөптің, астықтың шығымы туралы қызу әңгіме өрбітті. Шөп сатушылар орақ науқанының жылдағыдай сарынмен жүріп жатқанын айтты.
Аудан әкімі Нарбай Ергебеков әрі қарай ауданда егін орағы қызу жүріп жатқан бірқатар шаруашылықтар мен олардың қырмандарында да болып, астықтың түсімін, сапасын тексеріп қайтты.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close