Basty bet

Баку турнирінде алтын медаль иеленген…

Ауданда жастар арасында спортқа деген құлшыныс жоғары. Сондай спортқа жақын жанның бірі – Бибарыс Әшірбай. Жас спортшы аудан орталығындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның оқушысы.
Бала күнінен бастап оның спортқа деген қызығушылығы оянады. 2018 жылдан бері бокс үйірмесіне қатысып, талай додаларда топ жарып жүр. Бибарыстың алғашқы жеңісі аудандық ашық біріншіліктен орын иеленуден басталады. Сол уақыттан бастап алыс-жақын аудан мен Тараз қаласында өткен сайыстарда жүлде алып жүр. 2022 жылы Қостанай қаласында 2007-2008 жылы туған жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасы чемпионаты өткен болатын. Сол жерде жас спортшы Бибарыс күміс жүлдені қанжығасына байлаған болатын.

Бибарыс Әшірбайдың үлкен жеңісі өткен жылы Бразилия мемлекетінің астанасы Рио-де-Жанейро қаласында өткен Дүниежүзілік жазғы гимназияда (U15) аясында бокстан өткен жарыста жеңімпаз атанды. Бұл жеңіс жас спортшыны одан әрі жеңіске деген құлшынысын оятты.
Ол осымен тоқтап қалмай, бапкерімен күні-түні дайындалып, 12-18 мамыр аралығында Әзірбайжанның астанасы Бакуде бокстан жасөспірімдер арасында өткен халықаралық турнирде алтын медальға қол жеткізді.
Бокс спортын таңдаған айтулы спортшы бүгінде ата-анасының қуанышына, ауданның және еліміздің мақтанышына айналып отыр. Осындай жігерлі азаматты тәрбиелеуде жаттықтырушы бапкері Нұркен Рахманқұлдың еңбегін айтпай кетуге болмайды.
Бапкері жас спортшыны алғаш бокс мектебіне келгенде осы спорт түріне икемі бар екенін байқаған. Содан өзі бар білгенін үйретіп, осы спорт түрінің қыр-сырын меңгертіп, үлкен додаларға алып шығып, сол үмітінің ақталғанына, қаншама еңбегінің зая кетпегенін анық түсінді.
Былғары қолғап шебері бастауыш сыныптан бастап аудандағы №16 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығып келеді. Сол жерде жүріп алғашқы жеңістің алғашқы дәмін татқан. Бибарыс спорт жүрсе де мектептен білім алуды ұмытқан жоқ. Сабақ үлгерімі жақсы, мектеп ішінде болатын іс-шараларға белсенді қатысуға тырысады.
Бибарыс Дінмұхамедұлы көпбалалы отбасында дүниеге келген. Бибарыстың ағасы Жандос та осы бокс үйірмесіне қатысқан. Жас боксшы ағасының арқасында осы спорт түрін таңдап, қазіргі таңда үлкен жетістіктерге жетуде.
Бибарыс Әшірбайдын алдағы арман-мақсаты – Олимпиада ойындарына қатысып, еліміздің көк байрағын желбірету.

Баян ТҰРСЫНҚҰЛҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close