Basty bet

Аудандағы діни ахуал жайы сөз болды

Облыс әкімінің 2019 жылғы 13 наурыздағы №70 өкімімен бекітілген жергілікті атқарушы органдардың жұмыс алгоритміне сәйкес аудан әкімі Нарбай Ергебеков Бауыржан Момышұлы ауылы әкімдігінің мәжіліс залында дін саласының мамандарымен кездесті. Кездесуге сонымен қатар теолог мамандар, ауылдық окург әкімдері, тиісті сала басшылары мен мамандары қатысты.

Жиын барысында аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Нарымбеков аудандағы діни ахуалдың жай-күйі мен мәселелері, алға қойған жоспарлары туралы жан-жақты баяндама жасады.
Баяндамадан соң экстремистік діни ағымдардың жетегінде кеткен азаматтар туралы арнайы түсірілген видеоролик көрсетілді.
Аудан әкімі баяндамашыға сұрақтар қойып, жиынға қатысушыларды ашық пікір алмасуға шақырды. Жаңадан соғылып жатқан және басқа да құжаттары рәсімделмеген мешіттердің құжаттарын рәсімдеуде, мешіттердегі бейнекамералардың сапасы, қасиетті шаңырақтың ауласының көріктендірілуі, ауыл-ауылдағы зираттарға барар жолды жөндеу, тағы да басқа мәселелерде ауылдық округтер әкімдері мен ауыл имамдары, ауыл тұрғындары бірлесіп, ауызбіршілікпен еңбек етуге шақырды.
Ауданның бас имамы Нұрлан Әмірбаев та аудандағы діни ахуал жайлы айтып, баяндамашыны толықтыра түсті.
«Жуалы» мешітінің имамы Сейітқазы қажы Медетбекұлы елдің көкейінде жүрген сұрақтарды жеткізді. Олар: «Қайтыс болған кісінің мәйітін сараптамаға алып кету оның отбасы үшін үлкен қиындық тудырады. Осы мәселені мейлінше дұрыс жағын қарастырсақ» деген сауал болса, екіншісі – «Көрші-қолаң мен ағайын-туыс арасында орын алатын кейбір араздасу мен кикілжіңді шешуде алқабилерді тартуға атсалыссақ» деген сауал. Бұл сұрақтарға аудандық полиция бөлімінің басшысы Мергенбай Қойкенов нақты заңдылықтарын түсіндіре жауап берді.
Жиын барысында жас ұрпақты кішкентайынан еңбекке баулу, халықты қолдағы барын пайдаланып, еңбек етуге, ауызбіршілік пен ынтымағымызды сақтауға шақыру туралы әңгімелер де айтылды.
Кездесуді аудан басшысы Нарбай Әбілқасымұлы қорытындылады.

Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close