Basty bet
Олар халық денінің саулығы үшін қызмет атқарады
Денсаулық – бұл әр адамның ғана емес, бүкіл қоғамның құнсыз күйі. Жақын және қымбатты адамдармен кездескенде және қоштасқанда біз оларға мықты және зор денсаулық тілейміз, өйткені ол – бақытты және толымды өмірдің кепілі және негізгі шарты. Денсаулық бізге жоспарларымызды орындауға, өмірдің негізгі мәселелерді табысты шешуге, қиыншылықтардан өтіп, керек болса, едәуір ауыртпалықтарды көтеруге көмектеседі.
Денсаулық сақтау саласы қай қоғамда да өзінің өзектілігін жоғалтқан емес әрі жоғалтпайды да. Бұлай дейтініміз, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында денсаулық саласына айрықша мән бергенін білеміз. Ел Президенті Жолдауда «Бүгінде еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасайды.
Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, енді ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады. Онда инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылады. Бұл төрт миллионнан астам адамға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырады. Сонымен қатар телемедицина бағытын дамытамыз. Сол арқылы шалғайда тұратын халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетілетін болады.
Денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдірген жөн. Медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылады. Алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейеді. Мұның бәрі ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға септігін тигізеді. Келесі маңызды мәселе – білім беру жүйесі туралы. Бұл сала ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқарады» деген болатын.
Осыған орай, бүгін біз Қарасаз дәрiгерлiк амбулаториясы туралы сыр шертетін боламыз.
Қарасаз ауылында орналасқан Қарасаз дәрігерлік амбулаториясынын жаңа ғимараты 2017 жылы қыркүйек айында ауыл тұрғындарының игілігі үшін пайдалануға берілген. Бүгiнде мұндағы дәрiгерлер мен медбикелер күн-түн демей ауыл жұртының денiнiң сау болуы үшін аянбай еңбек етуде. Сонымен бiрге бұл жерде жұмыскерлер үшiн де, ауырып ем іздеген науқастар үшiн де барлық жағдай жасалған. Бұлай дейтініміз, ғимарат заманауи медициналық кұрылғылармен, қажеттi төсек-орындар және құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Ғимаратқа кіре берістен бастап барлық бөлмелері мұнтаздай таза болса, медбикелер де ақ халаттарын сымдай тартып, ұқыптап киіп, өз істеріне аса жауапкершiлiк танытып, жұмыстарына әлдеқашан бел сыбана кiрiсiп те кеткен екен. Мұның барлығы сырт көзге ерекше әдемі әрі үйлесімді көрінеді. Бұдан біз «Тазалық – саулық негізі» қағидасын берік ұстанатын ұйымшыл ұжым екенiн аңғардық.
Қазіргі таңда дәрігерлік амбулаторияда жоғарғы санатты, білікті мамандар жұмыс iстейдi. Амбулаторияда жалпы тәжірибелі дәрігерлер Жамшид Сайдалиев және оның жұбайы Дилрабо Сайдалиева «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен жұмыс жасауда.
Ерлі-зайыптылардың екеуі де Түркістан облысы, Сайрам ауылында дүниеге келген. Олар Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде жалпы тәжірибелі дәрігер мамандығы бойынша оқып, білім алған.
Дәрігерлер алғашында Ақтөбе ауылдық дәрігерлік амбулаториясында екі жылдай еңбек етеді, кейіннен, яғни ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап Қарасаз дәрігерлік амбулаториясында сапалы қызмет атқаруда.
«Біз мұнда іс-тәжірибемізді жетілдіру үстіндеміз. Алдағы уақытта оқуымызды одан әрі жалғастырып, халықтың денінің сау болуы үшін аянбай еңбек ететін боламыз», -дейді ерлі-зайыпты дәрігерлер.
Сонымен қатар дәрігерлік амбулаторияда алты учаскелiк медбике, бiр процедуралық ем-шара медбикесі, бір зертханашы, бір акушер, бір жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі, екi тазалықшы және бір күзетші жүйелі жұмыстар атқарады.
Карасаз дәрігерлік амбулаториясында зертхана, акушерлік, екпе егу, ине шаншу, күндiзгi ем алу, ЭКГ, ТУП, дәрiгерге дейiнгi тiркеу белмесi, балалар бөлмесі және терапиялык кабинет бар.
Айта кету керек, бұл амбулаторияға алты ауылдық медпункт қарайды. Олар Жұрымбай, Қарасу, Көктас, Шыңбұлақ, Майбұлақ және Қосмұрат ауылдық медпункттері.
Ал, осы дәрігерлік амбулаторияға қарайтын алты ауылдық медпункттің жұмысына әрi тазалығына ұдайы бақылау жургiзiп отыратын он жетi жылдық жұмыс өтілі бар тәжiрибелi маман, аға медбике Венера Ертаеваның айтуынша, ауыл тұрғындары көбінде қан қысымы, жүрек-қан тамырлары, қант диабетi және бронхит ауруымен жиі шағымданып келетіндігін айтады. Ең өкініштісі қазіргі уақытта аурудың бұл түрлерiмен тек егде жастағылар ғана емес, сонымен катар жастардың да ауыратындығы болып отыр.
– Бүгінде Қарасаз дәрігерлік амбулаториясында есепте тұрған аурулар саны – 370 науқас болса, оның ішінде балалар – 93. Сонымен қатар, психоневрологиялық есепте – 6, наркологиялық есепте – 3 адам тұр, – дейді Венера Құдыретқызы.
Шетел ойшылы Сенека Луций Анней «Жазылудың ең негізгі шартының бірі – жазылуға деген құлшыныстың болуы. Егер сiздiң iс-әрекеттерiнiзде жазылуға деген құлшыныс болмаса, жалғыз дәрiгердiң күш-жiгерi нәтиже беруі екіталай» десе, шығыстың ғұлама ғалымы, екiншi ұстаз атанған Әл-Фараби «Адамның тәндік жаратылысының дамуының негiзгi көрсеткіші – денінің саулығы» деген екен. Сондықтан да, жоғарыда аталған ауылдық-дәрігерлік амбулаторияның қызметкерлері ауыл тұрғындарының денінің сау болуы үшін, аянбай еңбек етуде.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»