Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының халық рухының тағы да бір дүр сілкінуіне, сонымен бірге, төл тарихымызды түгендеп, абыройымызды асқақтатуға қосып отырған үлесі зор. Онда: «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады», – делінген. Одан бөлек, аталған мақалада атқа міну мәдениеті туралы кеңінен айтылғаны белгілі. «Ат – ер қанаты» деп ұғынатын қазақ халқының дүниетанымы мен тұрмыс салтында, күнделікті шаруашылық өмірінде жылқының алар орны бөлек. Көптеген тарихи деректерде атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне біздің ұлы даладан тарағаны тайға таңба басқандай етіп жазылғаны белгілі. Қазақ пен жылқының жақындығы жөнінде көптеп айтылатыны да сондықтан. Қандай бір ас, жиын-той болсын ұлттық ат спорты ойындарынсыз өтпейді. Бұл да біздің ұлттық рухымызды асқақтатуға молынан үлес қосып отыр.
Шын мәнінде ұлт тарихы мен ұлттың болашағы халқымыздың қара шаңырағы саналатын ауылдан бастау алатыны белгілі. Ауылдарда осынау салтымыз бен дәстүрлеріміздің салтанат құруы ұлттың болашағына да тікелей әсер етеді. Ал бүгінде ауылдық жерлерде рухымызды қайта түлетіп жатқан ұлттық іс-шараларға жиі-жиі куә болып келеміз. Бұл – бір өңірде ғана іске асырылып отырған шаруа емес, керісінше, оның ұлттық сипатқа ие болып отырғаны көңіл қуантады.
Ауданда ынтымақ пен бақ-берекені арттырып, ырысын тасытып отырған ауылдар жеткілікті. Солардың қатарында қасиетті Қошқарата ауылдық округіне қарасты Ақтасты ауылы да бар. Ақтасты негізінен кеңестік кезеңде ХХІІ-ші партсьезд атындағы колхоздың бір бөлімшесі болған. Осынау шағын ауылдан небір айтулы еңбек майталмандары шыққан. Кейіннен Кеңес Одағы тарап, әркім өз алдарына жеке-жеке шаруашылық ашып, жұмыс жасай бастаған тұста да мұндағы халықтың ынтымақ-бірлігіне ешқандай сызат түскен жоқ. Керісінше, бірліктері беки түсті. Әлі де атпал азаматтары мен жанашыр жастары бар іргелі ауылдың қаймағы бұзылған жоқ. Ырыс пен берекенің тек қана бірлігі мен татулығы жарасқан жерге баратынын ақтастылық жұртшылық үнемі дәлелдеп келеді.
«Өлінің қамын тірі жер» немесе «Өлі ырза болмай, тірі байымайды» демекші, осыдан біраз жылдар бұрын Ақтасты ауылының тұрғындары «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» ауыл жанындағы мазараттың айналасына қоршау жұмыстарын, одан бөлек, бейіт басында атқырылуы тиіс бірқатар шаруаларды қолға алған болатын. Оның алдында, одан кейін де тұрғындардың күшімен, сондай-ақ, ауылдан түлеп ұшқан азаматтардың күшімен қаншама игілікті істер атқарылды. Биылғы жылы бұрыннан қалыптасқан бұл үрдіс өз жалғасын тапты. Атап айтқанда, ауылдың жастары бастап, аға буын өкілдері қостап өзара ақылдаса келе ата-бабалар мен апа-әжелерге, бауырларына, жалпы әруақтарға арнап дастарқан жайылып, Құран оқытылды. Бұл сауапты істен еліміздің әр өңірінде қызмет атқарып жүрген, Ақтасты ауылынан басқа жаққа қоныс аударып кеткен азаматтар да тыс қалған жоқ. Осы шараның аясында бірқатар сауапты істер атқарылды. Ауылдағы намазханаға ыдыс-аяқ, басқа да жабдықтар алу үшін 100 мыңнан астам қаражат жұмсалды.
Ұлттық ат спорты ойындары да ұмыт қалмай, ауыл төңірегін ат дүбіріне бөлеп, жалпы салым көлемі 300 мың теңгені құрайтын үлкен көкпар берілді. Көкпар десе қаны қызбайтын қазақ жоқ. Ұлттық ойынға төңіректегі ауылдардан шабандоздар ат терлетіп келіп, көкпар бәсекесінің көрігін қыздырды. Ауыл ақсақалдары және ардагер көкпаршылар шабандоздарға арнап бата берді.
Иә, осы күні аядай ғана Ақтасты ауылында игілікті де сауапты іс атқарылып, ата-бабаның әруағына Құран бағышталды. Дастарқан басында ауыл қариялары, аға буынның өкілдері ел бірлігі, ұрпақтар сабақтастығы туралы келелі әңгімелер айтып, ауыл жастарының игі бастамаларын қолдап-қуаттай отырып ақыл-кеңестерін айтты. Бірлігі бекем ауылда осындай сауапты істер алдағы уақытта да өз жалғасын табады.