Basty bet
Ауылына қарап, азаматын тануға болады
Тазалық ұғымын жай ғана қарапайым сөз емес, қоғамдық мағынасы бар сөздердің бірі ретінде қарап түсінуіміз керек. Себебі, тазалық – адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің, кісілігі мен тәрбиесінің маңызды көрсеткіштерінің бірі. Даналарымыз адам өмірінің зор байлығы – денсаулық десе, денсаулықтың кепілі – тазалық екенін ұғындырған. Мемлекет үшін халқының денінің саулығы мен амандығы басты байлық екенін ескерсек, қай жерде болсын тазалық бірінші орында тұруы тиіс. Бұл ретте, ауданымызда жыл сайын көктемгі, күзгі екі айлық жарияланып, өңірдің тазалығына баса мән беріледі. Тек аудан орталығында ғана емес, өзге де елдімекендерде ауылдың тазалығына аса жауапкершілікпен қарау жүктеледі.
Күзгі екі айлық аясында Жетітөбе ауылдық округінің орталығы Кәріқорған ауылында да бірқатар тазалық жұмыстары атқарылған.
-Жуалы ауданы әкімдігінің 2020 жылғы 21 тамыздағы №378 қаулысына сәйкес аудан аумағында 01 қыркүйек 01 қараша аралығындағы күзгі екі айлық жариялануына байланысты, Жетітөбе ауылдық округі аумағындағы елді мекендерде көріктендіру көгалдандыру жұмыстары бойынша атқарылатын жұмыстардың іс-шара жоспары жасалып, барлық мекемелерге жеткізілген. Сонымен қатар, елді мекендердің әрбір тұрғын үй иесіне аулаларын таза ұстау, тұрғын үйдің сырт келбетін, қоршауларын жөндеу, сырлау әктеу және әр аптаның соңында санитарлық тазалық жүргізу қажеттігі туралы хабарламалар таратылып, ескертілген.
Округ аумағындағы барлық мекемелерге екі айлыққа байланысты әр аптаның соңында санитарлық тазалықты сақтау мақсатында сенбіліктер ұйымдастыру қажеттігі ескертіліп, ұйымдастырылуда.
Бүгінгі күнге әр тұрғын үй иелері мен мекемелер өз аулаларында тазалық жұмыстарын жүргізіп, күл-қоқысты аптасына бір рет тасымалдау арқылы шығару ұйымдастырылған.
Ауылдық округке қарасты алты елдімекенде орналасқан ҰОС ардагерлері және тыл еңбеккерлеріне арналған ескерткіштердің аумағы, одан басқа да елдімекендер «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы шеңберінде қабылданған қоғамдық жұмысшылардың күшімен тазартылуда. Спорт алаңшалары да тазаланып, ретке келтірілуде. Округ әкімі аппаратының қоғамдық жұмысшылары арқылы жол бойындағы арық-атыздар мен каналдар тазартылды. Ауыл тұрғындарының шарбағына келетін ағын су арықтары тазартылып, тұрғындар өз тұсындағы арықтарын тазалауда. Ағаш отырғызу мекеме және жеке тұрғындармен келісіліп атқарылуда және отырғызылған теректер мен ағаштар қаралып бапталуда.
Екі айлық басталғалы белгіленген іс-шараларға сәйкес алты елдімекенде бірқатар жұмыстар атқарылды. Әр тұрғын үй иелері, мектептер, ауылдық дәрігерлік амбулатория, бөбекжай-балабақша ұжымдары екі айлық аясындағы күзгі тазалық жұмыстарын атқарып, өз үлестерін қосуда.
Бүгінгі күнге Жетітөбе-Қоңыртөбе ауылдарының аралық шекарасына дейінгі көлік жолының бойы қоқыстардан тазартылып, 1,5 тонна қоқыс шығарылды. Қоқыс төгетін бір орын жайластырылып, бес кездейсоқ қоқыс төгетін орын жойылды, – дейді ауылдық округ әкімі Рәтбек Көсембаев.
Бұл ауылдық округтің бізге берген мәліметі. Атқарған бірқатар жұмыстар бар. Десек те, ауыл ішін аралап шыққанымызда көше бойында құрылыс қалдықтарының, шашылған қоқыстардың, бұталған талдардың жатқандығы байқалды. Ауылдағы ең ұзын көше М.Қожаназаров көшесінің бойында әлі де тазалық жұмыстарын атқару керек сияқты. Себебі, ауылдың көркін ашатын дәл осы көше. Бұл жерде электр бағаналарының әктеліп, сырланбағаны да көзге бірден көрінеді Ал, Қ.Омарбеков көшесіне апарар жолда шашылған қоқыстар, қураған шөптер, кесілген талдарды да кездестірдік. Жол бойындағы талдар әлі әктелмепті.
Тазалық – баршаға ортақ іс. Тек жауапты мекеме қызметкерлеріне тазалық жұмыстарын ысырып қоймай, оған баршамыз біркісідей атсалысқанымыз абзал. Ауылдың азаматтары туған өлкелеріне жанашырлық таныта білсе, ауыл да ажарлана түсер еді. «Ауылына қарап, азаматын таны» демекші, ауылдың тазалығы сол елді мекеннің тұрғындарына тікелей байланысты. Тазалық арқылы ауылдың мәдениетін, ауызбіршілігі мен бірлігін де аңғаруға болады. Сол себепті, туған жеріміздің гүлденуі үшін баршамыз жұмылып тазалық жұмыстарына атсалысайық.