Basty bet

Жұмыстың барысы мен сапасы ұдайы назарда

Биыл жазда ауданда «Өңірлерді дамыту» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламалары аясында жалпы саны 37 жоба іске асырылатыны және бұл объектілерде 1000-нан астам жуалылықтың жұмыспен қамтылатыны туралы газеттің өткен сандарының бірінде хабарлағанбыз. Осы жобаларға бөлінген қаражатты қоғамдық бақылау «Nur Otan» партиясына жүктелген.

Осы мақсатта облыс әкімі, партия облыстық филиалының төрағасы Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен өңірде төрт қоғамдық бақылау тобы құрылып, олардың құрамына ардагерлер, қоғамдық ұйымдар өкілдері енгізілген. Аудандарда құрылған барлық топтардың жұмысын облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов үйлестіріп отырады.
Партия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова жетекшілік ететін қоғамдық бақылау тобы таяуда аудандағы бірқатар әлеуметтік-мәдени нысандарда атқарылып жатқан құрылыс және жөндеу жұмыстарының барысы мен сапасын бақылап қайтты.
Қоғамдық бақылау тобы алдымен аудан орталығындағы №29, 15 орта мектептері қасбетінің, Күреңбел ауылындағы №10 Күреңбел орта мектебі, Талапты ауылындағы Бауыржан Момышұлы орта мектебі шатырларының күрделі жөндеу барысын көріп, жұмыстардың жай-күйіне қоғамдық бақылау жүргізді.
Топ жетекшісі Анар Садыққызының айтуына қарағанда, барлық нысандарда жөндеу жұмыстары басталған. Жұмыс орындарының саны жоспарға сай. Мұнда 27 жұмысшы еңбектенуде, олардың барлығы жергілікті жердікі. Астары мектеп асханасынан дайындалады, аспаздары бар. Қауіпсіздік санитариялық шаралары сақталуда, жұмысшы персонал антисептик, маскамен қамтылған, арнаулы киім, дулыға берілген.
Күреңбел орта мектебінде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын бақылау үшін ауыл азаматы Т.Тауасаров бекітілген. Басқа нысандарда бекітілген азамат болмады.
Мердігерлерге негізгі нысанның айналасындағы немесе өзінде қосымша сыртқы келбетін келтіретін, әрлеу, сырлау, т.б. жұмыстарды жасап, көмек беру қажеттігі айтылып, назарларына ұсынылды.
Биыл жазда «Өңірлерді дамыту бағдарламасы» аясында ауданда іске асырылатын газдандыруға жататын 22 елді мекеннің ішінен «Бурное» АГТС-нан бірінші кезектегі 15 елді мекенді газдандыру жобасы» бойынша 22 елді мекеннің 5-уі, яғни, Тасбастау, Кәріқорған, Қоңыртөбе, Күреңбел, Ертай ауылдарына газ құбыры жеткізілген.
Бақылау тобы Шыңбұлақ, Майбұлақ, Қосмұрат, Кәріқорған, Қоңыртөбе, Тасбастау, Күреңбел ауылдарын газбен қамтамасыз ету жобасының орындалу барысын да көрді.
Газ құбырын төсеу жұмыстары мамырдың соңғы онкүндігінде Қосмұрат ауылында басталып, жүргізілуде. Объектіде екі экскаватор, бір ауысымда төрт жұмысшы еңбектенуде, оның екеуі жергілікті жерден. Қазылған жердің тереңдігі сметаға сәйкес. Төселген құбырлардың диаметрі – 90 см. Қазушы экскаватор ожауының ені 60 см.
Жұмысшылар сыртта тамақтанады, жағдай жасалған.Қауіпсіздік санитариялық шаралары сақталуда, алайда жұмысшылардың арнаулы киімдері жоқ. Құбырлардың асты дұрыс отырғызылмаған, жоғары қысымға төтеп беру мүмкіндігін сұрағанымызда, учаске басшысының айтуы бойынша қатпарлы тығыздалу жұмыстарын жасау үшін арнайы техника күтіп отырғандықтарын жеткізді. Қосмұрат ауылынан жергілікті қоғамдастық мүшесі Тұранкүл Ракишева бекітілген. Учаске басшысы Серік Жақсыбаевтың сөзінен Майбұлақ ауылында жұмыстар маусым айында, ал Шыңбұлақ, Кәріқорған, Қоңыртөбе, Тасбастау, Күреңбел ауылдарында жұмыстың апта соңында басталатыны белгілі болды.
Д. Пахомов атындағы орта мектепке жапсарлас 6 сыныпты кабинет, спорт зал салу жұмыстарында бір экскаватор, екі «КамАЗ», 20 жұмысшы екі бригадамен жұмыс атқаруда. Оның 8-і жергілікті жұмысшылар. Жұмысшыларға мектептен бөлме қарастырылған, арнайы аспаз бар.
«Нұрлыкент-Теріс» автомобиль жолын орта жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың шілде айында басталады.
Қоғамдық бақылау тобы барлық объектілерде құрылыс паспорттарының болуына және көрнекі жерде ілінуіне зер салды.

Абылайхан Сәрсен,

“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close