Basty bet

Әлеуметтік қызметкер– қоғамға қажетті мамандық

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауының төртінші «Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты – басты басымдық» бөлімінде әлеуметтік саясатты жетілдіре түсудің жолдары қаралып, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолайлы жағдай жасалуы керектігі, олар әрқашан мемлекеттің ерекше назарында болуы тиіс екендігі атап көрсетілген.
Осы ретте халықты әлеуметтік қорғау саласында үйде қызмет көрсету бөлімшелеріне де жүктелер міндеттер зор. Аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі әлеуметтік жұмыс жөніндегі кеңесшісі Жәмила Қалымбетова бөлімшенің функционалдық міндеттері мен көрсететін қызметтері туралы былай деп әңгімелейді:
– Аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесі өз жұмысын Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 26 наурыздағы №165 Қаулысымен бекітілген «Халықты әлеуметтік қорғау саласында үйде қызмет көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандартының» 3 қосымшасын, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2019 жылғы 13 мамырдағы № 238 бұйрығымен бекітілген «Халықты әлеуметтік қорғау саласында үйде қызметтер көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандартын» басшылыққа ала отырып жүргізеді. Бөлімшеде егде жасына байланысты өзіне қызмет көрсетуге мүмкіндігі жоқ адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметті үйде күтім көрсету жағдайында қамтамасыз етіліп, жұмыстар атқаруда.
Бөлімшеде бір әлеуметтік жұмыс жөніндегі кеңесші, қарттар мен мүгедектерді күту жөніндегі үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 14 әлеуметтік қызметкер жұмыс атқарады. Олардың арнаулы орта және жоғары білімдері және тиісті тәжірибелері бар. Қызметкерлер жүйелі аттестаттаудан өткізіліп тұрады, екінші санатты біліктілік дәрежесі берілген. Менің өзімнің осы салада жұмыс істеп келе жатқаныма 25 жылға жуық уақыт болды.
Бүгінгі таңда бөлімшеге Бауыржан Момышұлы, Мыңбұлақ, Ақсай, Нұрлыкент, Қарасаз және Жетітөбе ауылдық округтерінен арнаулы әлеуметтік қызметке мұқтаж 83 жалғызбасты қария, соның ішінде 13 жалғызбасты мүгедек тіркеліп, үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетумен қамтылған.
Әлеуметтік қызметкерлер атқаратын қызметтер сан салалы болып келеді. Ол мәдени-ағартудан бастап, қаржы-шаруашылық, тіптен санитариялық-гигиеналық, медициналық қызметтерді қамтиды. Яғни, әлеуметтік қызметкер қызмет алушының денсаулық жағдайы бойынша әдеттегі, соның ішінде, төсектен тұру, төсекке жату, киіну және шешіну, жуыну, тамақ, сусын ішу, көзәйнекті немесе есту аппаратын қолдану, тырнағын алу, ер кісілерге – сақал-мұртын алу секілді қызметтерді көрсетеді. Сонымен қатар, үй жанындағы жер телімін өңдейді, бау-бақша өнімдерін жинау жұмыстарын ұйымдастырады, үй ішін және есік алдын тазалайды, ағаш аралайды, коммуналдық (газ, телефон, электр қуаты) төлемдерін төлейді, үйіне, моншаға су тасып береді, жертөледен көкөністерді алып береді, тағам даярлап, жуынуға көмектеседі, поштадан немесе банктен зейнетақысын бірге барып, алып береді, қыс мезгілінде ауласындағы қарды тазалап береді, үйден тыс жерде бір елді мекен шегінде онымен бірге ілесіп жүреді, хат жазуға және оқуға көмек көрсетеді, ыстық тамақ, азық-түлік және күнделікті қажетті азық-түлік емес тауарларды сатып алады және үйге жеткізіп береді, пеш жағуға, отын, көмір және су әкелуге, кір жууға, тұрғын үй-жайларды жөндеуге және жинауға жәрдемдеседі, жерлеу қызметін ұйымдастыруға көмектеседі (қайтыс болған қызмет алушының туыстары (заңды өкілдері) болмаған кезде).
Өзіне бекітіп берілген әлеуметтік қызмет алушыны дәрігердің кеңесі бойынша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді. Дәрігерге дейінгі көмекті көрсетеді: ыстығын өлшейді, қыздыратын компресс қояды, үйге дәрігер шақыруды, сондай-ақ шұғыл жағдайларда алғашқы медициналық көмекті жүзеге асырады, денсаулық сақтау ұйымдарында ілесіп жүреді. Әлеуметтік мәселелер бойынша заңнаманы түсіндіреді және басқа тапсырмаларды орындайды. Қажетті медициналық, протездік-ортопедиялық көмек және әлеуметтік көмектің басқа да түрлерін алуына жәрдемдеседі. Газет-журналдарды оқып республикадағы, облыстағы, аудандық және шетел жаңалықтарымен таныстырады, тағы да басқа қажет ететін жұмыстарды орындайды.
Әлеуметтік қызметкердің бойында ең алдымен шыдамдылық, төзімділік, мейірімділік, адамгершілік секілді адами қасиеттер басым болып, қариялардың жасын құрметтеп, олардың психологиялық ерекшеліктерін, жан дүниесін түсінетін адам болуы тиіс.
Бөлімше есебінде тұрған қарттардың жалғыз қалуының себептері әртүрлі. Арасында жақындары немесе балалары алыста тұратындар, бас бостандығынан айыру мекемелерінде отырғандар немесе түрлі себептермен қасында бола алмайтындар бар. Кейбіреулерінің туыстары бар болғанымен, бала-шағалары жоқ.
Әлеуметтік қызметкердің жұмысы көзге көрінбегенімен, ол өте ізгілікті, қоғамға аса қажетті мамандық. Біздің ведомстволық жұмыс есебімізде «әңгімелесу» деген арнайы қызмет көрсету түрі бар. Жалғызілікті қарттардың хал-жағдайын сұрап, бірауық жылы әңгімелескеннің өзі олар үшін үлкен қуаныш. Бұл кезде қария өзінің жан дүниесінде қалыптасқан қуанышымен, сүйінішімен, күйінішімен бөліседі, мұңын шағып, қайғысын білдіреді. Көпшілігі бала мінезді, көңілдері тез босағыш, мұңайғыш болып келеді. Осы кезде олардың жанынан табылып, бір ауыз жылы сөзбен демейтін, қолдайтын әлеуметтік қызметкер болып табылады.
Күнделікті жұмысқа шығар алдында бір мезгіл мамандардың басын қосып, қайсысында қандай проблемалар бар екендігі ортаға салынып, оларды бірлесе талқылап, шешу жолдарын іздейміз.
Әлеуметтік қызмет алушылармен мен өзім де жиі әңгімелесіп тұрамын. Олардың әрқайсысының өткен тарихы, өмірі болады. Алғаш есепке алғанда осы жәйттерді міндетті түрде ескереміз. Бала-шағалары бар болса, олардың мекенжайлары мен байланыс телефондарын жазып қоямыз.
Бөлімшеде жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлердің барлығы кәсіби еңбегіне адал, өз міндеттерін жанын салып атқаратын мамандар. Олардың әрқайсысы мақтау мен марапатқа лайық жандар. Дегенмен де өзінің іске берілгендігімен, тындырымдылығымен ерекшеленген қызметкерлер ретінде Фатима Ибрашованы, Хамзат Мелдехановты, Гүлнар Қалдарбекованы, Жайсаң және Бейбіт Әбдікерімовтерді атап көрсетуге болады.
Қазіргі коронавирустық пандемияға байланысты енгізілген карантиндік режим кезінде әлеуметтік қызметкерлердің жұмыс жүктемесі екі есеге жуық арта түсуде. 65 жастан асқан егде адамдардың көшеге шығуына, қоғамдық ортада болуына, басқа да қимыл-қозғалыстарына шектеу қойылғандықтан, әлеуметтік қызметтің қажеттігі артып келеді.
Бөлімше мамандары аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің қызметкерлерімен бірлесіп, жалғызбасты қарттарға тегін бетперделер үлестірді. Одан бөлек, есепте тұрған жалғызбасты құрметті аналарды, қарттарды мейрам күндерімен, соның ішінде 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні, 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекелерімен құттықтап, олардың көңілін көтеріп, мерейін тасытады.

Жазып алған
Абылайхан СӘРСЕН.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close