Basty bet

Мақсаты – шағын құс фабрикасын ашу

«Кәсіп болмай, нәсіп болмас» демекші, кез келген кәсіпті жүргізу үшін алдымен сенім керек. Сонымен қатар, еңбекқорлық, таза ниет пен тәуекелге бел буу қажет.
Қазіргі таңда елімізде кәсіп ашып, ісін бастаймын деушілерге қолдау көп. Тек істің көзін тауып, кәсібіңді өрге дөңгелете алуың керек. Ол үшін де «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген қағиданы ұстана білген де жөн. Мұндай ұстаныммен Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Зәру Қалмұрзаева құс шаруашылығымен айналысуда. Ол өзін-өзі жұмыспен қамтып, кәсіпкерлікпен шұғылдануда.

Зәру жолдасы Данияр екеуі үш қыз бір ұл сүйіп отырған отбасы. Алла қаласа, бесінші перзентін күтуде. Жас отбасы ата-анасының алғысын алып, еңбектеніп, жаңа үйді де тұрғызған. Таңның атысы, кештің батысы тынбай, тіршілік етіп, кәсібінің нәсібін көріп отырған жас отбасының бірі.
Ауданның кәсіпкерлік саласын дамытуға өз үлесін қосып отырған Зәру еңбекқор жан. Үйдің шаруасымен, келіндік міндетімен қатар, кәсіпкерлікті де қолға алған. Оның құс асырауға деген қызығушылығы бала кезден бар. Бұл уақытқа дейін ол үй құстарының бірнеше түрін, яғни тауық, үйрек, бөдене, тауыс тағы басқаларын асыраған. Ал, қазіргі таңда 600 басқа жуық қазды күтіп баптауда. Оның мұндай еңбекқорлығына жақында куә болып, кәсібімен танысқан болатынбыз.
Күн түс ауа, Б.Момышұлы ауылындағы Зәрудің үйіне барып, жайылымнан қайтқан қаздарды көрдік. Алыстан шаңдатып, қайын атасы мен балалары көше маңындағы сайдан қаздарды айдап келеді. Қиқулап, бірінен соң бірі қаз-қатар тізіліп қораға кірді. Қораның артына тормен қоршалған орындарына кіріп, бөтен адамның жүргенін сезіп, тынбай қиқулай бастады.
Зәрудің айтуынша, 2019 жылы «Бастау-Бизнес» жобасы аясында 505 мың қайтарымсыз грант ұтып алып, қаз өсіруді бастаған. Одан кейін арада жыл өтіп, кәсібін алға жақсы дөңгелетіп, осы істі әрі қарай дамытуды қолға алады. Осылайша алдымен 1000 басқа арналған қора соғып, құжаттарын дайындап, кәсібін кеңейту мақсатында Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 6 пайызбен 3 млн 800 мың теңге несие алады.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының бизнес-тренері Жазира Тоқабаева да Зәру Қазақбайқызының ұмтылысын, ізденімпаздығын алға тартады. Ең бастысы, оның ниеті мен талпынысы жоғары екенін айтады. Ауданның құс шаруашылығына үлесін қосып отырған көпбалалы ананың ісіне ризашылығын білдіреді.
Зәру қаздың «Линда», «Крупный серый», «Губернатор» түрлерін алып, өсіруде. Қорасын қысқа, жұмыртқалау кезеңіне сақадай-сай әзірлеп қойған. Сонымен қатар, 9 тонна жем-суын, керекті дәрумендерін де дайындаған.
Ауыл маңындағы сайға жайылымға жіберіп, таңғы сағат 6-дан бастап күтімін жасайды екен. Көмекшілері – жолдасы, қайын атасы, сондай-ақ көршілері.
-Мен бір орында қарап отыра алмаймын. Әйтеуір бір іспен шұғылданып, бос отырмауым керек. Бұл уақытқа дейін құстардың бірнеше түрлерін ұстадым. Ісімді бастамас бұрын әбден зерттеп, зерделедім. Қаздың өзге құстардан ерекшелігін іздедім. Бизнес-тренерім Жазира Тоқабаевадан кеңестер алып, бағыт-бағдар сұрадым. Оқығанның да пайдасы көп екен.
Қаз өте сақ құс. Үйге бөтен адамды кіргізбейді. Ұрыны жолатпайды. Бөтен адам келсе, бірден қиқулап, айқайлап кетеді. Тез семіреді. Қазға жайылым жер болса болды. Суыққа өте төзімді. Менің зерттеуімше, қаздың 10-ға жуық түрі бар екен. Әрқайсысының ерекшелігі әртүрлі. Біз өсіріп отырған қаздар 3,5-5 келі аралығында ет береді. Бағасы ары кетсе 4-5 мың болады. Жиі ауырмайды.
Биыл 2000 балапан инкубатордан басып шығардық. Карантин кезінде үйден келіп, тапсырыс берушілер алып кетті. Содан кейін өзім сатқан балапандарды қаз болып өскенде қайта сатып алдым.
Кез келген іс еңбекті талап етеді. Ерінбей, уақтылы көңіл бөлу керек. Дәрумендер беріп, иттен қору қажет. Дәрілерді Тараз қаласындағы «Айболит» ветеринарлық дәріханасынан аламыз.
Үйдегі талай құстарды қаңғыбас иттер жеп кетті. Қазды да солай болды. Бірақ оның аса сақтығынан кейде ит жолай алмайды. Сонда да қорқыныш бар.
Бұлар да аяқ астынан ауырып қалуы мүмкін. Көбінесе іші ауырып өледі.
Қаздар осы қараша айында сойылады. Бір қар жауып, күн суығанда жақсы ет береді. Ал, ақпан, наурыз, сәуір айларында жұмыртқа басады. Оған орны дайын. Жұмыртқалайтын кезеңде қаздарды екіге бөлеміз. Аталық пен аналықтың санын теңестіріп, жібереміз.
Қазға сұраныс көбінесе Шымкент, Алматы қалаларынан көп түседі. Кейде аудан тұрғындары да келіп үйден алып кетеді. Көршілерім өте жақсы адамдар. Осы кезде көршілерім құстарға жем-суын беріп, үйімізге дейін қарап тұрады. Біз балаларымызды бірге алып, екі ортада кәсібімізбен айналысамыз, – дейді ол өз сөзінде.
Ол өз сөзінде, кәсібінде проблемалар да кездесетінін айтып өтті. Ауласы тар болғандықтан жайылым жоқтығын алға тартты. Алдағы уақытта жер берілсе, яғни жалға алуға дайын екендігін де айтады. Сонымен қатар, жүн жұлатын аппаратын алу да жоспарда бар. Кәсібі өрге дөңгелеп жатса, «Жуалы қаздары» экологиялық таза өнім» деген атаумен шағын фабрика ашу ниетте.
-Биыл өте қиын кезеңді бастан өткерудеміз. Кәсібімді кеңейту мақсатында қаржы аларда қорқыныш болды. Әрине, әр адам тәуекелге бара білу керек. Ісімді бастап, жүргізе алмай қалсам не болады? деген сұрақтар мазалады. Оның жем-суы бар, дәрі-дәрмегі, сатылымы бар оңай шаруа емес. Еңбегіміз еш кетпесе екен дедік. Құс тұмауы да жүріп, біраз уайымға салындық. Ауылдағы ветеринар дәрігерлер келіп, екпе салып кетті. Шүкір, одан да өттік дейді ол.
Ісінің бүге-шүгесіне дейін зерттеген кәсіпкердің алға қойған мақсаты айқын. Алдағы уақытта ісі өрге басса, оғанда жетер күн алыс емес екеніне сенімді. Кәсібінің нәсібін көріп, отбасының қамы үшін еңбек етуге әркезде дайын.

Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Айгүл АМАНҚҰЛ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close