Basty bet

Өркениетке құлаш сермеген ауыл

Ауданымыздағы тұрғындарының ауызбіршілігімен, ауыл шаруашылығына ден қоюымен ерекшеленетін үлгілі елді мекеннің бірі – Қайрат ауылы. Бұл ауыл аудан орталығы Б.Момышұлы ауылының оңтүстігінде, Ақсай алқабында қоныс тепкен үлкен елді мекен. Колхоздасып, ұжымдасып, тіршілік жасап жатқан кезде еңбекшілер қайраттанып, құлшынып жұмыс істесін деген ниеттен туған атау. Жаңа құрылған колхоз атауы да «Қайрат» колхозы болып аталған. Ол кезде бүгінгідей көше болмағанмен ауыл әулет-әулет болып сол маңдағы Арзымбет, Төребек, Мәтен, Мекембай және Айыр, Шетбұлақ, Диірмен сайлары мен Момын сазында отырған.

1949 жылы колхоз мүшелерін бір араға қоныстандыру мақсатында үш көше тілінеді. Сай-салада отырған әулеттер көше бойына шоғырланады. Ол көшелерге сол кездегі саясат бойынша «Колхозный», «Центральный» және «Мичурин» атаулары беріледі. 1957 жылы ірілендіру жүргізіліп, ауыл үлкейтілді. Қайратқа Ақсайдан «Сталин жолы», Алатау етегінен «Жайлаутаң» және Бақатейден «Қуаныш» колхоздарының ел-жұрты көшірілді. Ауыл түтіні артып, көше саны тоғызға жетті. «Ленин» атындағы колхоздың құрамына кірді.
Сексенінші жылдары Қайрат ауылында ауыл әкімшілігі, мектеп пен мәдениет үйі, тұрғын үйлер салынды. Ал ауыл көшелері тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда қазақыланып, оған елге еңбегі сіңген азаматтардың есімдері берілді.
Ұлт тұлғаларының есімдері, яғни Төле би, Ә.Молдағұлова, Т.Рысқұлов, А.Байтұрсынұлы және Абай Құнанбайұлы есімдері көшеге берілген. Өзге алты көшеге осы өңірде туып өскен, еңбек еткен ел азаматтарының есімдері берілген. Олар ел қорғаған Садыбай батыр, генерал Есен Демесінов, еңбек адамдары Озғанбай Тәукебаев, Тоқтасын Тілеуқұлов, Сейітхан Әбдиев пен Манап Әлімбекұлы.
Міне, осындай тарихы бар ауыл қазіргі таңда сәні мен салтанаты келіскен елді мекенге айналуда. Бірлігі бекем, тірлігі берекелі ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайы артып, халық саны 2194 адамды құрап отыр. Елді мекенде 14 көше, 384 аула бар. Жалпы жер көлемі 34817,29 гектарды, оның ішінде ауыл шаруашылығы жер көлемі 6153,3 гектарды, егістік көлемі 4580,98 гектарды, жайылым жері 955 гектарды құрайды. Ауылда 95 шаруа қожалық және екі ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі тіркелген.
Олардың ішіндегі «Әлібек» шаруа қожалығы кәсібі өрге басқа ірі шаруа қожалықтарының қатарында.
Сондай-ақ, мұнда ауыл шаруашылығын дамытып отырған «Ақсай – 2016» АШӨК-нің тынымсыз тірлігі әрдайым көрініс табады. Кооператив төрағасы – Нұрқанат Әбзелбеков. Оның жүргізетін сүт бағытындағы АШӨК-нің мүшелігінде 130 адам, 120 бас сауынды сиыр бар, 570 млн теңгеге қаржыланған. Ал, ет бағыты бойынша МІҚ саны 850 басты құрайды. Кооператив ашылған жылдан бастап казіргі уақытқа дейін 2250 тонна сүт өндірген. Кооператив иелері Қазақстан бойынша ең ірі кооператив болып тіркеліп, нәтижелі жұмыс атқаруларына байланысты сүт мұздатқыш құрылғысын сыйға алған. Ал, екінші «Жуалы-Агро» АШӨК-нің төрайымы – Айман Сейдалиева. Бұл кооператив 2018 жылы ірі 8 шаруа қожалықпен құрылып, бүгінгі күнге дейін 1000 тонна сүт өндірген.
Ауыл шаруашылығы жолға қойылған ауылда мал басы артып, егін алқабы кеңеюде. Қайрат ауылының шаруалары көктемгі дала жұмыстарына қызу кірісіп, мол өнім алу үшін еңбек етуде. Сондай-ақ, ауылда «Қарапайым заттар экономикасымен» 2,5 пайыз несие алу байынша пилоттық жоба күтілуде. Егер де ол жоба округте мақұлданса, Қайрат ауылының тұрғындарының экономикалық жағдайы өседі деген сенім бар.
Елді мекенде талайларды білім нәрімен сусындатып, түлектерін алтын ұясынан түлеткен Мыңбұлақ орта мектебі орналасқан. Сонымен қатар, екі мектепке дейінгі ұйым яғни, «Мөлдір бұлақ» «Шапағат» бөбекжай-балабақшалары жұмыс істейді.
Халқымыздың ғасырлардан тамыр тартатын өткенін, тарихын халық арасына, кейінгі ұрпаққа таратуда музейлердің маңызы зор. Осы ретте, ауылдағы даңқты қолбасшы, Батыр Бауыржан Момышұлы атындағы мемориалдық музейі мәдени-тарихи орталыққа айналған. Музейдің ашылғанына да биыл тұп-тура 25 жыл толып отыр. Мұнда экспозицияға 1139 экспонат қойылған. Даңқты қолбасшы атымен аталатын музейде Батыр мұрасын сақтаушы киелі орын ретінде тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде. Музейдің айналасы аббаттандырылып, көгеріштендірілген. Осы музейдің үстіңгі бөлігінде Батыр атымен аталатын саябақ ашылған. Саябақ ауыл тұрғындарының сейіл құрып, демалатын сүйікті орнына айналған.
«Қарты бар ел – қазыналы» демекші, бұл ауылда өмірден көрген-білгені, түйгені мол қадірменді қариялар бар. Қариялар бүгінгі ауылдың тыныс-тіршілігіне араласып, бірлік пен татулықты сақтаушы жандар болып отырған жайы бар. Олар жастарға өнегелі өмір жолын көрсетіп, аталық ақ тілектерін, ақыл-кеңестерін береді. Қарттарын сыйлаған қайраттықтар олардың тәжірибелерін, ғұмыр жолын үлгі етеді. Осы ретте, Қайрат ауылында «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» атағын иеленген Әбілқасым Ергебеков, Аманжол қажы Дүрәліұлы, Кәрібай Құрмашев, Кеңес Шымкентбайұлы, Мейірбек Мәтенов және т.б. азаматтар тұрады.
-Қайрат ауылын үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін жандар мекен етеді. Жастары жасы үлкенді құрметтейтін, ақыл-кеңесіне сүйенетін берекелі ауыл. Ынтымақ бар жерде тірлік бар. Үлгілі ауыл болу үшін де ең бірінші ынтымақ керек. Мен 2014 жылдан бастап ардагерлер кеңесін басқарамын. Сол уақыттан бері талай бастамалар көтеріліп, жүзеге асты. Қазіргі таңда тұрғындарды зиянды әдеттен аулақ болуға шақырудамыз. Ауылды ішімдік ішілмейтін ауыл ретінде қалыптастырғымыз келеді. Ауылда міндетті түрде апта сайын көкпар ойыны өтеді. Сондықтан ат спортын дамыту үшін осында мектеп ашу мәселесін көтерудеміз. Жаңадан салынған мешітте үлкенді-кішілі жиындар ұйымдастырылады. Жиындарда ұтымды ойлар, ұсыныстар айтылады, мәселелер талқыланады. Мешітте қаржы жиналады. Жиналған қаржыны аз қамтылған отбасыларға арнап, оларға азық-түліктей көмек көрсетіледі.
«Жас келсе, іске!» демекші, қайраттық жастар ауыл шаруашылығын дамытып, кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтуде. Олардың ауылға деген жанаршырлығы жаңа мешіт бой көтерерде көрініс тапты. Ауылдың тумасы, жеке кәсіпкер Ерік Тастанов мешіт құрылысына демеушілік жасап, игі бастамаға қолдау көрсетті. Бастаманы ауыл жастары да і қолдап, 1960-1995 жылдары туған азаматтар қолдарынан келгенше көмек қолдарын соза білді. Олардың ынтымағының арқасында небәрі сегіз айдың ішінде мешіт құрылысы аяқталып, қазіргі таңда сәні мен салтанаты келіскен имандылық орынға айналды. Бұл кезде қазақ халқының байырғы асарлату дәстүрін ауыл жастары қазіргі замандағы үлгісі ретінде жаңғыртып, құрылыс алаңында үш ауысыммен жұмыс істеді. Мешіттің бой көтеруіне тек жастар емес тұрғындар көпшілік болып атсалысты. Ал бұрынғы мешіт ғимараты жастардың бос уақытын тиімді пайдалану және бұқаралық спортты дамыту мақсатында бокс мектебі болып ашылды. Бүгінде онда бокс, күрес үйірмелері жұмыс істеп, шәкірттері жетістікке жетуде,- дейді Ақсай ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәрібай Құрмашев.
Әр халық ұлттық құндылықтары арқылы ұзақ жасайды. Атадан балаға мирас болып келе жатқан қазақ халқының ұлттық құндылықтары ауылдық жерлерде сақталғаны көңіл қуантады. Қайрат ауылының тұрғындары да қазақ халқының салт-дәстүрін ұстанып, ұлттық құндылықты дәріптейді. Осы ретте, берекелі ауылда ұлттық сусынды өндіруші жандардың қатары көп. Олар ұлттық сусынның маңызын жоғалтпауға, пайдасын білуге үлестерін қосуда. Мұндай жандарға ел арасында «қайраттықтардың қымызы дәмді әрі жақсы» деп баға берген.
Қайраттықтар тек ұлттық сусынымен ғана емес, қолөнер шеберлерімен де мақтанады. Олардың қатарында ардагер ұстаз, ағаш шебері Жылқыбай Майлықараевтың есімін атауға болады. Ағаш өңдеу, әшекейлеу өнерімен танылған шебер бүгінде қазақ халқының ағаш өңдеу өнерін түрлендіріп, жаңартып, дамытып отыр. Ол бұл өнермен 1970-ші жылдардан бастап айналысып келеді. Шеберханасында қажетті барлық құрал-жабдықтар, аппараттар мен станоктар бар. Оның қазақи нақыштағы бұйымдары көздің жауын алады. Шебердің қолынан үй тұрмысына қажетті бұйымдардың барлығы дерлік шығады. Ол үнемі ағаштан жасалған заттардың адамның денсаулыққа пайдасы көл-көсір екенін жұртшылыққа айтып отырады.
– Береке бастауы – ауылда. Ауылда жылулық, мейірімділік, ынтымақ бар. Ауылдан адам көшкенімен, адамнан ауыл көшпейді. Әрбір адамның жүрегінде ауылдың бейнесі, тұрғындардың ыстық ықыласы тұрады. Негізінен ауыл тұрғындары өздерінің кеңпейілділігімен, жомарттығымен ерекшеленеді. Ең бастысы, қонақжайлықты ұмытпайды. Ауыл қариялары, жастары қоғамдағы жұмыстарға белсене атсалысып, проблемаларға бей-жай қарамайды. Әсіресе, қадірменді қарияларымыз ұрпақ тәрбиесіне араласып, зиянды әдеттерден аулақ болуды қолдайды. Жастарға зиянды әдеттерден бас тартуды үндейді. Олардың біздің ауылдағы рөлі ерекше. Ардагерлеріміз мұндағы талай тірліктердің басы-қасында жүріп, жұмыстың нәтижелі болуын қадағалайды. Оған біз қуанамыз.
Әрбір ауыл тазалығымен, көркімен дараланады. Қайрат ауылында да бұл үрдіс сақталған. Биылғы жылы округтің атауы жазылған арка жаңа үлгіде салынып, елді мекеннің көркін аша түсті. Сондай-ақ, көріктендіру, көгеріштендіру екі айлығында тазалық жұмыстары жүргізіліп, сенбіліктер өтті. Оған ауылдағы мекеме қызметкерлері, қоғамдық жұмысшылар және тұрғындар қатысты. Қайрат ауылында орналасқан Б.Момышұлы саябағына 300 түп жеміс ағаштары мен теректер отырғызылды. Саябаққа биылғы жылы батырдың 110 жылдың мерейтойына орай қаржы бөлінді. Аббаттандыру жұмыстары жүргізіліп, киіз үй орнату жоспарлануда.
Ауылда 14 көше бар. Оның 8 көшесі жарықтандырылған. Барлық дерлік аулаға көгілдір отын кіргізілген. Биылғы жылы Абай көшесіндегі жаңадан соғылған тұрғын үйлерге газ құбыры тартылды. Көшелер жыл сайын кезең-кезеңімен жөнделуде. Қайрат ауылына мәдениет үйін соғу үшін орны нақтыланып, жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Тұрғындарды учаскелік полиция инспекторы Ержан Саурықов тәртіпке шақырып, ауылдың тыныштығын күзетеді. Ауылда ағын судан проблема туындамайды. Мұраптар сайланған. Кезекпен бақшаларын суғаруда,- дейді Ақсай ауылдық округінің әкімі Қазыбек Бейсеқұлов.
Кез келген адам үшін өзінің туған жері, ауылы ыстық. Олар үшін өз ауылы үлгі саналады. Қайрат ауылы да осындай қадірменді қарияларымен, ақ жаулықты аналарымен, бірлігі бекем жастарымен ерекшеленеді. Ауыл тұрғындары ұлттық құндылықтарды бағалап, зиянды әдеттерден аулақ болуды қолдайды. Сондықтан тынымсыз тірлігі тоқтамаған, өркениетке құлаш ұрған Қайрат ауылының жылдан-жылға көркейе беретіні анық.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close