Basty bet

Бәйшешек – сенім символы

Бәйшешек пен көктем… Махаббат пен жастық шақ… Барлығы да адам жанына шаттық ұялататын егіз ұғымдар. Адамзаттың бәрі де бұларды әрдайым үкілі үмітпен, сарғайған сағынышпен күтеді. Әңгімемізге арқау болғалы отырған бәйшешекті де алты ай қыс бойы армандап шыққан ағайындарымыз сүйікті гүлімен табысып мәз-мейрам болып жатады. Көктемнің басында, қыстың қары толығымен еріп бітпеген кезде тауда және тау бөктерінде, ормандағы қардың астында, толығымен ерімей ала қардың астынан ақ, көгілдір немесе күлгін ғажайып бәйшешек гүлі шығады.

Бәйшешек – сенім символы. Бәйшешек – сену, достық, адалдық, тазалықты білдіреді. Көпшілік өз ауласында аппақ әдемі бәйшешек гүлін өсіруді жақсылықтың нышаны деп есептейді. Сонымен қатар, жердің бетін жарып шығатын ең алғашқы өсімдік наурыз нышаны. Жылулық пен шаттықтың, сезім мен сенімнің символы. Дала төсінде кішкенай ғана мүсінімен жайқалған гүлді көрген кезде еріксіз онымен көрісуге асығады екенсің. Оның тал бойынан кең даланың, көктемнің жылы лебі, иісі аңқып тұрады. Барша жандарға қыстың ызғарлы күндері кетіп, көктемнің шуақ сәттері келіп, тіршілік қайта басталғанын хабардар етуде.
Бүгінге газет бетіндегі бәйшешек сонау Боралдай елді мекенінің гүлдері. Бұл суреттерді округке жасаған іссапар барысында түсірген болатынбыз. Жол бойында өскен бәйшешекті көргенде біз де балаша қуандық. Қолымызға бір талын алып, балалық шақтың тәтті кездерін еске алдық. Көктемнің жылы лебін сезіндік.

Таңдаулы материалдар

Close