Basty bet
қызмет сапасын арттыруға баса мән берілді
Жуалы ауданына жұмыс сапары барысында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев әлеуметтік мекемелердің жұмысымен танысты, мектептер мен ауруханалардың, бизнес кәсіпорындарының ұжымдарымен кездесті. «Қаралма» тау-таңғы базасына барды, ал ауданға жұмыс сапарының қорытындысын аудандық мәдениет үйінде шығарды.
Облыс басшысының жұмыс сапары «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасын көруден басталды. Мұнда 50 млн. текше метр су жиналған, бұл қажетті көлемнің тек үштен бірін ғана құрайды. Оның себебі, қыста қардың аз түсуінен болып отыр, тауда қар әдеттегіден 40% аз жауған. Сондықтан жергілікті әкімдік «Қазсушар» РМК-мен бірлесіп, арнайы топ құрып отыр. Арнайы топ шаруа қожалықтарын аралап, вегетативтік кезеңде ағын сумен проблемаларды болдырмау үшін ылғалды аз қажет ететін дақылдарды себуді табанды түрде ұсынуда.
Ақтөбе ауылдық округінің Бәйтерек ауылында өңір басшысы 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның қызметімен танысты. Аталған денсаулық сақтау мекемесі жергілікті әкімдікпен бір ғимаратта орналасқан. Ал 1076 балаға шақталған №11 Тайыр Тастандиев атындағы орта мектепте 316 оқушы білім алуда. Облыс әкімі білім ошағының қасбетінің көріксіз екеніне, оны үлкен шығынсыз ретке келтіруге болатынына назар аударды.
Бәйтерек ауылының тұрғындарымен кездесуде Бердібек Сапарбаев тұрғындар табысын арттыруды көздейтін пилоттық жоба бойынша қаражаттардың толық игерілмегеніне, емдеу мекемесі мен әкімдіктің бір ғимаратта жөнсіз орналасуына назар аударды. Жергілікті билік органдарына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде медицина мекемесіне бөлек ғимарат салу үшін кәсіпкер іздеу тапсырылды.
Бәйтерек ауылының тұрғындары жергілікті әкімдіктің 10 жылдан астам уақыттан бері қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер учаскелерін бөлу мәселесін шеше алмай отырғанына шағымданды. Бұл факті Б.Сапарбаевтың назарына алынып, жауапты тұлғаларға тексерісті бастап, нәтижелері туралы қысқа мерзім ішінде баяндауды тапсырды.
Қызыларық ауылдық округіндегі №17 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте облыс әкіміне ауданның білім беру саласындағы істің жай-күйі таныстырылды. Білім беру саласында 76 мекеме, соның ішінде 39 мектеп және 32 балабақша бар болса, орта білім берумен 11 244 бала қамтылған. Көптеген объектілер 1990-1995 жылдары салынған, күрделі жөндеуді қажет етеді.
Жергілікті ақсақалдар алқасының төрағасы Серік Садыров техниканың жоқтығына шағымданды. Оны сатып алуға қаражат жоқ, бағасы көршілес мемлекеттерге қарағанда бізде әлдеқайда қымбат.
– Жергілікті шаруашылықтарға кооперативтерге бірігіп, ресурстарды шоғырландырып, несиелендіруге қол жеткізу қажет. Тұқымдардың сапасына айрықша назар аударған жөн. Жақсы өнім алу үшін жоғары сапалы тұқым сепкен маңызды, – деп атап көрсетті Б. Сапарбаев.
Алатау ауылындағы бұрынғы кеңшардың ескі ғимараттарына орын тепкен мектеп пен балабақша жағымсыз әсер қалдырады. Бердібек Сапарбаевқа 100 орынға арналған жаңа мектептің жобасы таныстырылды. «Мектеп қажет, сондықтан жобаға қолдау көрсетеміз, бірақ құрылыстың құны тым артық көрсетілген», – деді өңір басшысы.
Бауыржан Момышұлы ауылындағы аудандық орталық аурухананың құрал-жабдықтармен жарақталуы 92% құрайды, қолда дәрі-дәрмектің екі айлық қоры бар, бетперделер де жеткілікті. Алты дәрігер жетіспейді, міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесіне 2817 тұрғын тіркелмеген. Бас дәрігер Батихан Алпысбай 16 наурызға дейін бұл жұмыстың аяқталатынына сендірді.
Бердібек Сапарбаев скринингті жүргізудің, ана мен бала өлімін азайтудың маңыздылығына тоқталды.
Халыққа қызмет көрсету орталығына барғанда Б.Сапарбаев аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуге, балаларға арналған мемлекеттік әлеуметтік пакеттерді уақтылы рәсімдеу мен беруге екпін берді.
– Атаулы әлеуметтік көмек алмайтындармен етене жұмыс істеп, оларға жұмыс тауып беруіміз қажет. Жаңа мамандықтарға тек еңбекке кепілді түрде орналасатын жағдайда ғана оқытқан жөн, – деді өңір басшысы.
«Бурное сүт компаниясы» ЖШС ірімшік пен басқа сүт өнімдерінің сегіз түрін өндіреді, айран мен йогурттер есебінен өнім қатарын көбейту жоспарлануда.
Б.Сапарбаев ірімшік зауытының аудандағы ең ірі әрі үлкен әлеуметтік жүктеме көтеретін кәсіпорын, мұнда 100-ден астам адам жұмыс істеп, тұрақты жалақы алып отырғандықтан, өндірісті кеңейту идеясына қолдау білдіре келе, жәрдемдесуге уәде берді.
Ағымдағы жылдың соңында жылына 17,5 мың тонна битум шығаратын жаңа «ШақпақЖолСервис» ЖШС зауытында да жұмыс орындары ашылмақ, бар мәселе газ жүргізуге тіреліп тұр.
Құны 3,8 млрд. теңгені құрайтын «Қаралма» тау-шаңғы туристік базасында құрылыс жүргізілу үстінде. Қажетті инфрақұрылым тартылған, аспалы жол салынуда, 20 коттедж бой көтерген. Аталған кешен толықтай іске қосылғанда туризмді алға сүйрейтін нысан бола алады, жергілікті билік оның дамуына жәрдемдеседі, деп атап көрсетті облыс әкімі.
Аудан тұрғындарымен қорытынды кездесуде жуалылықтар медициналық қызмет көрсету сапасына шағым білдірді; «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойынан Қарасаз ауылының тұсында көпір салуды; механикаландырылған жасақтардың жұмысын қалпына келтіруді; түрлі аурулардың ошақтарына айналған ескі жеміс бақтарын шаруақор қожайындардың қолына беруді; жекелеген ауылдарды газдандыруды жеделдетуді; орталық бейіттің айналасына қоршау орнатуды сұрады.
– Елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету үшін халықаралық қаржы институттарымен жұмысты жалғастырамыз, бірақ ең алдымен каналдар мен су қоймаларын ретке келтіруіміз қажет. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласын дамытуымыз керек. Жуалы ауданы картоп өсіруге маманданған және онымен бүкіл облысты қамтамасыз ете алады. Топырақ құнарын арттыру жұмысының маңызы зор, ауыспалы егісті пайдаланып, минералдық тыңайтқыштар енгізу қажет.
Пилоттық жоба бойынша қаражаттарды игеру 10 наурызға қарай аяқталуы қажет, келесі аптада әкімдер нәтижелері туралы есеп береді.
Жаңа медициналық пункттер салатын боламыз, бірақ дәрігерлерден де сапалы емдеу түріндегі қайтарым болуы тиіс. Өкінішке орай, шағымдар әлі де көп, соның ішінде ақ халатты абзал жандардың әдебі мен мәдениетіне қатысты.
Алатау және Диқан ауылдарында ескі мектептердің орнына жаңаларын саламыз, бірақ қаражатқа ұқыптылықпен қарап, сметалық құнын қайта қарау қажет.
Мен әркез әкімдерден олардың халықпен жиірек кездесуін, проблемаларды білуін және адамдардың сұраныстарына жедел үн қатуды талап етемін. Тек осы жағдайда ғана әкімдердің жұмысын жақсы деп айтуға болады. Жақын арада азаматтардың проблемаларын шешу үшін барлық мекемелердің бірінші басшылары, аудандарға шыға бастайтын болады, – деп түйді Бердібек Сапарбаев.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі