Basty bet
Жылқы етін өндіруге үлес қосуда
Қазіргі таңда әлем елдерін алып қарайтын болсақ, ең алдымен азық-түлік қауіпсіздігіне ерекше назар аударып, басымдық беріп отырғанын көреміз. Алдыңғы қатарлы дамыған елдердің өзі ауыл шаруашылығы саласына ерекше қарқын беріп, азық-түлікті молынан өндіру ісін жеделдетіп қолға алуда. Сарапшылардың пікірінше, дүние жүзінде қай мемлекет болсын, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін бірінші болып шешсе, сол мемлекет басымдыққа ие болады. Сондықтан біздің елімізге де ауыл шаруашылығы саласын қарқынды дамыту аса маңызға ие.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы «Дамыған агроөнеркәсіп кешені» деп аталатын тапсырмасында бұл жөнінде кеңінен айтылып, тиісті ведомствоға нақты тапсырмалар жүктеліп отыр. Онда ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау ісінде шикізатқа негізделуден бас тарту, сонымен қатар, өнім өңдейтін кәсіпорындардың әлеуетін арттыру жайы да кеңінен айтылған. Бұл мемлекеттің алға қойып отырған басым бағыттарының бірі екені даусыз.
Ауыл шаруашылығын дамыту ісі Қошқарата ауылдық округінде де мықтап қолға алынған. Округ шаруалары төрт түліктің басын көбейтуге, ақ егістің көлемін ұлғайту бағытында жүйелі әрі жемісті жұмыс жасап келеді. Ауылдық округте барлығы 103 шаруа қожалық тіркелген. Олар негізінен сүт және ет өндірумен, сонымен қатар, егін егу жұмыстарымен айналысады. Ауылдық округтің әкімі аппартының бізге берген мәліметінше, шаруа қожалықтардың ішінен 21 ШҚ мал шаруашылығын дамытумен айналысса, қалғаны егін шаруашылығына басымдық беруде. Ал мал басына келер болсақ, округтегі жеке қосалқы шаруашылықтарда 3718 мүйізді ірі қара, 19 696 бас қой, 2520 бас ешкі, 738 жылқы, сондай-ақ, 12 117 үй құстары бар. Ал ауыл сыртында орналасқан мал қыстауларында мал басын көбейтіп отырған жекелеген шаруа қожалықтардағы мүйізді ірі қараның басы 200-ді, қой мен ешкі 2500 басты, жылқы 213 басты құрап отыр. Бұл әрине, шалғайда жатқан шағын ауылдық округ үшін үлкен көрсеткіш.
Қошқарата ауылдық округінің орталығы Қошқарата ауылында, сондай-ақ, округке қарасты Ақтасты, Қызтоған ауылдарында Қамбар ата түлігінің басын көбейтуге, сол арқылы ел тұрғындарын сапалы жылқы етімен қамтамасыз етуге үлес қосып отырған шаруалар баршылық. Солардың қатарында округ орталығында тұратын Серік Жапаровтың отбасы да бар.
Серік Өскенбайұлы аталған ауылда еңбек ардагерлерінің отбасында тәрбиеленген. Қошқарата ауылындағы №9 Абай атындағы орта мектепті бітірген соң біраз жылдар Алматы қаласында сауда-саттықпен айналысқан. Жұмыс бабымен Корея елінде де болған. Содан біраз жыл сыртта жүрген іскер азамат ауылға келіп, мал шаруашылығын өркендетуге ниет етіп, осыдан екі жыл бұрын өзінің туған ауылына қайта көшіп келеді. Осы жерден үй сатып алып, қазіргі таңда жылқының басын көбейту арқылы экологиялық жағынан таза ет өндіруді қолға алды.
-Еліміз үшін өткен ғасырдағы тоқсаныншы жылдардың іші, одан кейінгі 2000-шы жылдардың басында болған әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтар халқымызға оңай тимегені белгілі.
Мен көпбалалы шаруа отбасында өстім. Ата-анам колхозда, колхоз тарағаннан кейінгі жылдары мал шаруашылығымен айналысты. Аға-әпкелерім бірінен соң бірі үйленіп, тұрмысқа шығып жатты. Мен үйдің кенжесі болған соң әке-шешеме салмақ салмайын деген мақсатпен ауылдағы орта мектепті бітірген соң Алматы қаласына жұмыс іздеп кеттім. Алматы үлкен мегаполис. Түсіне білген адам онда күнделікті жұмыс жасау керек немесе кәсіппен айналысуы қажет. Үлкен қаланың жазылмаған заңы осындай. Біраз жыл сонда болып, сауда-саттықпен айналыстым. Қысқаша айтқанда, сыртта жүріп, өмірдің сынақтарымен бетпе-бет келіп, шыңдалып, тәжірибе жинақтадық.
Негізгі тамырымыз ауылда болған соң қайда жүрсең де туған ауылың ешқашан есіңнен шықпайды екен. Атакәсібімізді өркендету үшін 20 жылдан соң туған ауылыма қайта оралдым. Отбасым да осында. Алға қойған мақсатым – жылқының басын көбейту. Осы мақсатта ауылға көшіп келген жылы жергілікті жылқыларды сатып алдым. Біздің ауылда бұрыннан келе жатқан ақшұбар жылқының тұқымдары әлі де бар. Оны ауылдағы үлкен кісілер жақсы біледі. Шұбар жылқының басын көбейтсем деймін. Өткен жылы 25 бас жылқы бордақыладым. Жылқының етіне ауылда болсын, қалада болсын сұраныс өте жоғары. Оның үстіне бордақы малын таза жоңышқа, арпа-бидай беріп байлаймыз. Оны жеген мал тез семіреді. Еті де дәмді болады. Жылқы етін ауыл тұрғындарына, аудан орталығына саудалаймыз. Арнайы тапсырыспен Алматы қаласына да жіберіп жатырмыз.
Мал бағу, оны бордақылау – отбасылық кәсіп. Оны жыл он екі ай айналдырасың. Семіргендерін сатып, орнына басқа жылқыны бордақылауға қоясың. Ауылда бос тұрған үйді сатып алып, мал қораларын кеңейтіп жатырмыз. Үлкен шөпхана салдық. Оның жанынан мал бордақылайтын бастырма құрылысын жүргізуді де қолға алып жатырмын. Малдың қора-жайын кеңейтсем бордақы малының да басын көбейтуге мүмкіндік болар еді. Қазір 40 басқа жуық жылқы бағып отырмыз. Бұқашықтарды да бордақыласақ дейміз. Оған жем-шөп қорымыз жеткілікті,- дейді Серік Өскенбайұлы.
Мал бағуды оңай жұмыс деп айта алмаймыз. «Бақпасаң мал кетеді» демекші, қазақ халқы үшін төрт түліктің амандығы, оның көбейгені маңызды. Кейінгі жылдары аудан көлемінде мал басының күрт көбеюіне байланысты бұрынғы жайылым жерлердің де көлемі тарылып барады. Жем-шөп қорын молынан дайындау үшін де егістік жердің маңызы зор.
«Туған жер ешнәрсе жоқ сенен артық» деген ұстанымды алға ұстап, алдына нақты мақсат қойып, кәсіп ашу үшін туған ауылына қайта оралған Серік Жапаров егін егіп, мал азығын дайындауға ауыл әкімшілігі тарапынан жер берілсе деген тілегін де қоса жеткізді. Бұл мал шаруашылығын, оның ішінде ет экспортын дамытудың негізі болмақ. Талапкер азамат отбасында жары Малика Әбдірахова екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»