Basty bet
Тағы да ҰБТ талаптары түсіндірілді
Ауданда өткен Ұлттық бірыңғай тестілеуде орын алған келеңсіз жағдайларға байланысты аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаев аудандық мәдениет үйінде мектеп директорларымен жиын өткізді. Ернұр Маратұлы мектеп директорларына ҰБТ-дағы өзгерістер мен талаптар туралы тағы да жете түсіндірді.
-Құрметті әріптестер! Заман өзгерді, талап өзгерді. Бұрынғы «көке, жәке шешеді» деген көзқарастан арылу керек. Сапаға жұмыс істейтін кез келді. Бірақ бізде әлі де немқұрайдылық, ескі көзқарас басым.
Бүгінгі тестілеуден шығарылған 14 түлектің ішінде жақсы оқитындары да бар. Бірі телефон алып кіргені үшін, бірі пайдаланғаны үшін тесттен шығарылды. Ол бала ертең оқуға түсе алмайды. Бір жыл уақытын жоғалтады. Бұл жағдай бала үшін қандай ауыр. Бір жыл ішінде түрлі жағдайлар болады. Осыны біле тұра ата-ана неге баланың телефон алып кіруіне жол береді?! Сондықтан мектеп директорлары ата-аналармен тағы да жұмыс жасаңыздар. Тестілеуге телефон алып кіруіне жол бермеңіздер. Түсіндірме жұмыстарын жүргізіңіздер. «Мен көмектесемін деп» баланы үміттендіріп, жауапкершілікті мойнына алғандар баланың обалына қалады. Осы болған жағдайдың бәрі тексеріледі. Барлығының сұрауы бар. Егер ертең тағы да осындай жағдай тіркеліп, оған себепкерлер анықталып жатса, ренжімеңіздер,- деп Ернұр Маратұлы сөзін шегеледі.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»