Basty bet

Ауылдың жайын айтып, маңызды мәселелерді көтерді

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы Жуалы аудандық филиалының VIII есеп беру-сайлау конференциясы өтті.
Конференцияға аудан әкімі Олжас Қаржауов, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Сәлімжан Үсібалиев, аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері, аудан ардагерлері қатысты.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің 2016 жылдың қаңтарынан 2021 жылдың тамызы аралығындағы атқарған жұмысы туралы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков есеп берді.
– Аудандық ардагерлер филиалының басты мақсаты – ардагерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға көмектесу, оларға мәдени-тұрмыстық, медициналық және басқа да қызмет түрлерінің сапалы көрсетілуіне ықпал ету, ардагерлердің жастарды аға ұрпақтың жауынгерлік және еңбек даңқы дәстүріне және ата-бабаларымыздың үздік ұлттық құндылықтар үрдісі негізінде тәрбиеленуіне, оларды қазақстандық патриотизм сезіміне баулуына қолдау жасау, ардагерлерге қатысты қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс атқару болып табылады.
Сонымен бірге зейнет демалысына шыққан ардагерлерді ардагерлер ұйымына тарту, солардың азаматтық белсенділігін көтеру.
Бүгінгі таңда аудандағы зейнеткерлердің саны 5355 адамды құрайды. Ауданда 14 бастауыш, 73 цехтық ардагерлер ұйымы жұмыс атқарады. Олардың әрқайсысында ел арасында жоғары беделге ие 355 ардагерден кеңестер құрылған,- дей келіп, Естемес Аманбекұлы ардагерлер кеңесінің атқарған жұмысына тоқталды.
Жалпы ауданда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласы аясында ұлттық бірегейлікті, салт-дәстүр үрдістерін сақтау мақсатында ұйымдастырылған тағылымды шараларды атап өтті.
-Аудандық ардагерлер кеңесі ардагерлер ұйымдарының беделін арттырудағы еңбектері мен қосқан үлестерін назардан тыс қалдырған емес. Жыл сайын лайықты ардагерлер аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың, “Nur Otan” партиясының Құрмет грамоталарымен, Алғысхаттарымен марапатталуда. Сондай-ақ, Жамбыл облысының “Құрметті ардагері” атағын беру туралы қолданыстағы Ережеге сәйкес аудандық ардагерлер кеңесінің ұсынысымен еңбегі сіңген ардагерлерге: Жарас Мұратай, Аманжол Дүрәлі, Әбілқасым Ергебеков ағаларымызға, Кемелбек Дәуренов, Сейітхан Жұмашев сынды белсенді ардагерлерімізге Жамбыл облысының “Құрметті ардагері” атағы берілді. Бүгінгі күнге Жуалы ауданының “Құрметті ардагері” атағына лайықты деп танылған 15 ардагер марапатталды.
Аманжол Дүрәлі ағамыз Талдықорғанда өткен республикалық батагөйлер байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Есімі Қазақстанның Алтын кітабына жазылды. Қоғамдық жұмыста да белсенді.
Бастауыш ардагерлер ұйымдарында данагөй ардагерлер қозғалысы белсенділерін қатыстыра отырып кездесулер өткізу, мерейлі ардагерлерді құттықтап, олардың еңбек жолдарын насихаттауды дәстүрге айналдыруда. Бір ғана мысал аудан орталығында Лидия Захаровна Ходкевичтің 80 жасқа толуына байланысты өткізілген кездесудің тағылымдық мәні зор болды.
Жалпы аудан ардагерлеріне сый-құрмет көрсету ардагерлер ұйымының басты назарында.
Жоғарыда айтқанымдай, зейнет жасындағы кісілердің саны 5355. Олардың арасында тыл ардагерлері – 225, интернационалист жауынгерлер – 59, Чернобыль атом электр станциясындағы апатқа қатысқандар саны-12, Семей ядролық сынақ полигонында болғандар – 77. Айтылған кісілер мемлекет тарапынан үзбей көрсетіліп жатқан моральдық-материалдық қамқорлықты айқын сезініп отыр. Тек биылғы жылы Ауған соғысының ардагерлеріне, Чернобыль апатын жоюға қатысқандарға 100 мың теңгеден, тыл еңбеккерлеріне 50 мың теңгеден, Семей ядролық сынақтарынан зардап шеккендерге 100 мың теңгеден. Барлығына 25 млн 700 мың теңгедей көмек көрсетілді.
Ағымдағы жылы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетумен 89 азамат қамтылды. Оларға үйінде күтім жағдайын жасау үшін 14 әлеуметтік қызметкер бекітілген. Олар өз міндеттерін үлкен жауапкершілікпен атқаруда. Ауру түрлеріне қарай мүмкіндігі шектеулі азаматтар шипажайларға жіберіліп отырады.
Тұрмысы төмен отбасыларға мереке сайын азық-түлік және заттай сый-сияпат көрсетілуде. “Жан жылуы”, “Алғыс айту – адамгершілік негізі” атты қайырымдылық акциясының аясында киім-кешек, азық-түлік таратылып отырады. Мәселен, тек биылғы жылдың өзінде аудандық демеушілер есебінен 55 жалғызбасты зейнеткерлерге, көпбалалы ардагерлерге 800 мың теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетілді.
Қайырымдылық туралы айтқанда “Б.Момышұлы” мейірімділік қорының жұмысы туралы айтпай кетуге болмайды. Қор 2019 жылдан бастап өз жұмысын бастады. Осы уақыт арасында көпбалалы төрт жанға 5 млн 100 теңгеге үй алып бердік, өмірден озған үш ардагердің отбасына 600 мың теңгедей көмек көрсетілді. Тұрмысы төмен отбасынан шыққан 10 оқушыға мектеп формасын 13 700 теңгеден алып берілді. Тұрмыс жағдайы төмен жандарға 140 мың теңгеге көмек көрсетеді. Ауру баласын емдету үшін бір анаға 100 мың теңге, “Әлеуметтік қамқорлық” атты шараны басшылыққа ала отырып 100 тұрмысы төмен отбасыларға 282 240 теңгеге “Ғұмыр дария” газетін жаздырып бердік. 150 адамға 1 500 000 теңгеге Жаңа жыл мерекесіне орай азық-түлік тараттық.
2035 Б.Момышұлы атындағы шекара заставасындағы Б.Момышұлының ескерткішін орнатуға 150 000 теңге және де Б.Момышұлының 110 жыл толуына байланысты: ақындар айтысын, патриоттық әндер байқауын өткізуге арналған іс-шараларды қаржыландыруға 360 000 теңге бөлдік.
Бүгінде әр ауылдық округте облыс әкімі Б.Сапарбаевтың “Асарлатып үй салу” жобасын ауылдық округ әкімдері ауыл ақсақалдарының қолдауымен іске асыруда. Өткен жылы әлеуметтік әлсіз топ мүшелеріне арнап 9 үй соғылып және сатып алынып берілді. Бұл жұмыстар әрі қарай жалғасын тауып әлеуметтік әлсіз топтар қамқорлықта болады деп сенеміз,- деді Естемес Аманбеков.
Ардагер бұдан соң ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған “Аналар кеңесі”, “Әкелер кеңесінің” жұмысына қысқаша тоқталып өтті. Сондай-ақ жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде елеулі үлес қосып жүрген ардагерлерге алғысын жеткізді. Олардың қатарында Аманжол Дүрәлі, Болатбек Қайыпбеков, Рахымжан Сатаев, Лидия Захаровна Ходкевич, Әбілқасым Ергебеков, Дәулетжан Байдалиев, Ізетбек Байболов, Болатбек Құттыбаев, Гнедова Нелля Ефимовнаға, Кемелбек Дәуренов, Андасбек Мырзалиев, Күлданаш Міралиева, Айгүл Омарова, Махамбет Сарымсақов, Маржан Лұқманова, Асанбек Борашев, т.б. ардагерлер бар.
Естемес Аманбеков сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласында жастарға үлгі болып жүрген Берікгүл Айнабекова, Светлана Каримова, Еркебай Нағашыбеков, Қадірқұл Мышбаев сынды ардагерлердің еңбектерін атап өтті.
-Аудан әкімі Қаржауов Олжас Есалханұлы ауданда шешімін таппай жатқан мәселелердің бірі ауыз су және егістік пен бау-бақшаларды суару екенін айқындап, бұл мәселелерді шешу үшін жұмыстарды ұйымдастыруда. Бюджеттен қаржы бөлініп, 2 ұңғыма қазылды. Ауызсуды үнемдеу мақсатында 800 тұтынушыларға су есептегіш құралдары қойылды. 3 ауылдың 10 көшесіне қайтадан су құбырлары тартылды. 48,8 км су жүретін каналдар тазартылып, 1065 гектар суармалы жерлер қалпына келтірілді. 580 үйге арық суы барды. Халық атқарылған жұмысқа дән риза. Айтпай кетуге болмайды. Бұл жұмыстардың басында белсенді ардагеріміз Сейітхан Жұмашев жүр,- дей келіп Естемес Аманбекұлы аудан әкімі Олжас Есалханұлына ардагерлердің атынан ұсынысын жеткізді.
-Аудан көлемінде 28 ескерткіш бар. Бұл ескерткіштердің айналасы жыл сайын абаттандырылып тұратын. Ал биылғы жылы айналасына шөп өсіп, қараусыз қалғандай күй кешуде.
Б.Момышұлы ауылына кіреберісте Жуалы ауданының Құрметті азаматтарына арналған тақта бар. Ол тақталарға соңғы жылдары Жуалы ауданының “Құрметті азаматы” атағын алған 16 кісінің есімі жазылған жоқ. Әрі тақтаның айналасы, баспалдағы тозып кетті. Егілген ағаштар суғарусыз қалды. Сондықтан осы мәселені қолға алсаңыздар,- деді ардагер.
Ардагер өз сөзінде әр сала, мекемелер өздерінің ардагерлерін естен шығармай, көңіл бөліп отырса, “Қарты бар ел – қазыналы” демекші, елдің амандығын, жұрттың тыныштығын тілеп, кісіліктің төресі болып отырған көнекөз қарияларымызға жастардың тарапынан көрсетілер үлкен демеу болатынын айтып өтті.
Аудан әкімі Олжас Қаржауов ардагердің көтерген мәселелері өз шешімін табатынына сендірді.
Жарыссөзге Ақсай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәрібай Құрмашев шықты. Ардагер ауылдық округте атқарылған және енді атқарылғалы жатқан игі істер туралы айта келіп, жас ұрпақ тәрбиесі, отбасы құндылықтары, жас отбасылар, тіпті бес-алты балалы отбасылардың арасында ажырасудың көбейіп бара жатқандығы, бүгінгі қоғамда орын алған түрлі келеңсіздіктер, яғни арызқойлық, пәлеқорлық, қанағатсыздық жайлы өз ой-пікірімен, ұсынысымен бөлісе келіп, көпшілікті індеттен сақтанып жүруге шақырды.
Сөз кезегін алған аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Күлбақыт Айтқұлова кеңес мүшелерінің атқарған жұмысы мен жоспарларын айта келіп, аудан басшылығына деген ұсыныс-тілегін жеткізді.
Ал, Билікөл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Еңсебек Абсалямов ауылдық округтегі үйлесім тапқан, мақтан етерлік игі істерді тілге тиек етті.
Қарасаз ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Тоқбергенов ауылдан Өнер мектебі ашылса деген ұсынысын айтты. Қарасаз ауылындағы А.Пушкин атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын тендерден ұтып алған жеке кәсіпкер жұмысын сапалы орындау үшін қадағалау қажеттігін, жалпы жиналған көпшілікті қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қоюға шықырды.
Боралдай ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсатбек Байболов ауылдық округте ардагерлер кеңесінің ұйытқы болуымен атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Ауданымыздың және Жамбыл облысының “Құрметті ардагері” Жарас Мұратай қария аудан әкіміне ауылдың кіреберісіндегі саябаққа, аллеяға күтім керектігін, өз меншігінде жері жоқ ардагерлерге шөп мәселесінен көмек көрсетілсе деген ұсынысын айтты.
Конференция соңынан сөз кезегін алған аудан әкімі Олжас Есалханұлы ардагердің ұсынысына орай ауылға кіреберістегі саябақтағы ағаштарды суғару үшін тамшылдатып суғару мақсатында жұмыстар жасалып жатқанын және ауданда питомник жасау жоспарда барын, жалпы ардагерлердің ұсыныс-тілектері назарға алынатын жеткізді.
Аудан басшысы сонымен бірге ардагерлерді төмендегідей істерге ұйытқы болуға шақырды.
-Өңіріміздегі игі бастама «Жомарт жүрек» жобасы әрі қарай жалғасын табады.
Биылғы қуаңшылық шаруаларға сүрлем мен пішендеме дайындау қажеттігін білдірді. Әрі бұл мал азықтарының құндылығы жоғары.
Ақсай ауылдық округінде пилоттық жоба басталады. Бұл жобаның ауыл тұрғындарының табысын арттыруда рөлі зор.
Ендігі мәселе – жайылым жер. Ауданда 180-нен астам адам ауыл сыртындағы жерлерді алған. Сіздерден осы жерлерді үкіметке қайтару мақсатындағы жұмыстарымызға көмектесулеріңізді сұранамын.
Ауылдағы көшелер жөнделіп, жарықтануы, басқа да жұмыстар атқарылуы үшін әкімдер жобалық-сметалық құжаттарын дер кезінде дайындауы керек. Сіздер осындай маңызды жұмыстарды әкімдеріңізден талап етіп отырсаңыздар.
Құрметті ардагерлер! Сіздерден осындай игі істерге ұйытқы болуларыңызды және халықты індеттен сақтануға шақыруларыңызды сұранамын,- деді Олжас Қаржауов.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы Жуалы аудандық филиалының кеңес төрағасы мен мүшелері сайланды. Кеңес төрағасы болып Аманбеков Естемес Аманбекұлы қайта сайланды.
Конференцияда сондай-ақ, «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының VIII конференциясына делегаттар сайланды.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close