Basty bet

«Майра» кондитерлік өнімдері

Жаңа жыл қарсаңында ауданда кәсіпкерлердің қатары толығып, қуанышты жағдай орын алды. Жеке кәсіпкер, аудандық «Іскер әйелдер кеңесінің» мүшесі Майра Сәрсенова Бауыржан Момышұлы ауылының Рысбек батыр көшесінен «Майра» кондитерлік өнімдері» деген атпен фирмалық дүкен ашып, өз ісін бастады.
Мереке қарсаңында кондитерлік дүкеннің ашылуы салтанатты жағдайда өтті. Ашылу салтанатына жеке кәсіпкер Нүрилә Мәлібекова, аудандық «Іскер әйелдер кеңесінің» төрайымы, кәсіпкер Әсима Шекеева және ауыл ақсалдары мен тұрғындар қатысты.
Дүкеннің лентасын Тезекбай Мықтыбеков және Әсима Қалымханқызы, Нүрилә Мәлібекова қиды. Кәсіпкер Әсима Шекеева Майра Жұмәліқызының кәсібіне сәттілік тілесе, ауылдың қариясы Тезекбай ата ақ батасын берді. Жиналған көпшілік кондитерлік дүкеннің ішіне қуана еніп, шашу шашып, тәттілерден дәм татты. Жақындары шын көңілден жылы лебіздерін білдіріп, құтты болсын айтты.
Мұнда жеке кәсіпкер шәйға арналған түрлі тәттілерден бастап, бәліштердің бірнеше түрін әзірлеп қойған екен. Ішін заманауи тұрғыда сәндеп, бірнеше өнімдерді сақтағыш құрылғыларды орналастырған.
Осы айтулы қуанышты күні жеке кәсіпкер өзінің арманына қол жеткізгенін, сүйікті ісінің кәсібіне айналғанын қуана жеткізді. Негізінен Майра Жұмәліқызы №19 Д.Қонаев атындағы орта мектепте еңбек пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Кондитерлік өнімдерді дайындауды бала күнінен бастаған екен. Ол 6 сыныптан бастап отбасында анасына қолғабыс ете жүріп, өз бетінше тәттілер әзірлейді. Кейіннен бұл оның сүйікті ісіне айналады. Көбінесе үйде отырып, тапсырыстарды қабылдап, өзі ісінің шеберіне айналады.
«Еңбек түбі – береке» дейді дана халық. Иә, бүгінгі жаңа дүкеннің иесі бәрі таза еңбектің арқасында жасалған дүние деп отыр. Сондықтан да ешқандай мекемеден несие алмай, еңбекқорлығы мен шеберлігі, ең бастысы өз ісін жан-тәнімен сүйгендігінің арқасында жеткен. Оның дүкендегі және кондитерлік өнімдерді дайындаудағы көмекшілері, әрі тірегі – отбасы.
Аудан жұртышылығы үшін табиғи таза өнім алдағы уақытта осы дүкеннен табылатын болады. Ендеше, іске сәт, кәсіпкер!

Айгүл Қалымханқызы.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close