Basty bet
Басым бағыттарды баяндады
Қазақстан Республикасы президенттігіне Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан кандидат Нұрлан Әуесбаев Маңғыстау облысына барып, Жанаөзен қаласындағы «Білім-Инновация» лицейі ғимаратында сайлаушылармен кездесу өткізді.
Іс-шара барысында кандидат жиналған қауымға өзінің сайлауалды бағдарламасының басым бағыттары жөнінде баяндап берді.
Нұрлан Әуесбаевтың пікірінше, мұнай-газ саласы ел бюджетінің басым бөлігін құрайды. Дегенмен аталған өңір инфрақұрылым жағынан артта қалған аймақтардың бірі болып саналады. Мұның бәрі теңгерімсіз өңірлік саясаттың салдары. Кандидат барлық деңгейлі, оның ішінде облыстық әкімдерді сайлауды енгізу арқылы бұл тығырықтан шығуға болады деп есептейді.
Реформалардың бірі ретінде бюджеттік рәсімдерді жетілдіру ұсынылады. Әр елді мекенде өзіне тиесілі ашық бюджет жасақталып, нақты уақыт режімінде онлайн түрде мемлекет ақшасының қалай және қайда жұмсалып жатқандығы ашық көрсетілуге тиіс.
Бұдан бөлек Нұрлан Әуесбаевтың сайлауалды бағдарламасында қазақстандықтардың өмір сапасының стандартын енгізу ұсынылады. Құжатта азаматтарымыздың сапалы тамақтануынан бастап, демалысына дейінгі барлық қажеттіліктері жан-жақты қарастырылуы қажет.