Basty bet

«Туған жер» жобасына атсалысқан түлектер марапатталды

«Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» деген сөзді дана бабаларымыз текке айтпаса керек. Адам шыр етіп дүние есігін ашқаннан соң оның өмір жолы басқа елде немесе басқа өңірлерде жалғасуы мүмкін. Алайда адам баласы қайда, қай қиырда жүрсе де туған жерін әсте ұмытпақ емес. Оны жүрек түкпірінде мәңгілік әлдилеп өтетіні анық.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында туған жердің қадір-қасиеті туралы аз айтылған жоқ. Мәселен: «Қазақ Туған жерге туыңды тік деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын» деді Елбасы аталған мақалада.
Міне, халықтың рухани жағынан түлеуіне, санасының жаңа заманға сай қайта жаңғыруына арналған бағдарламалық мақаланың аясында ел өңірлерінде қаншама жұмыстар атқарылды. Әлі де атқарыла беретініне күмәніміз жоқ.
Рухани жаңғыру аясында Жуалы ауданында да атқарылған жұмыстардың ауқымы кең. Әсіресе, биыл ел аумағында таралған коронавирустық инфекцияның салдарынан болған пандемия кезінде де жоқ-жітікке, жетім-жесірлерге, сондай-ақ, аз қамтылған отбасыларға көмек қолын созған жаны жомарт азаматтардың қатары көбейе түсті. «Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін жатқа жібермеген текті халық» дейтін болсақ, қысылғанға көмек қолын созған қайырымды азаматтарды қоғамға үлгі ету арқылы біз болашағымызды бағамдаймыз. Халық жүрегіндегі мейірімділік пен қайырымдылықты қайта жаңғыртамыз.
Күні кеше ғана Жуалы ауданының әкімі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған «Туған жер» жобасының аясында кездесу жасап, онда өз ауылдарына, оқыған мектептеріне көмек көрсету арқылы қоғамға үлгі болып жүрген бірқатар азаматтарды марапаттады.
«Туған жерге туыңды тік» деп аталған кездесудің мақсаты – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының «Туған жер» жобасы аясында аудан түлектерін туған жеріне, білім алған мектептеріне, сабақ берген ұстаздарына құрмет көрсетуге шақыру болып табылатынын да айта кеткен жөн.
Кездесуді аудан әкімі Нарбай Ергебеков ашып, рухани жаңғыру мақаласында айтылған міндеттерге тоқталып, мақала аясында аудан көлемінде атқарылған игі істердің бірқатарын, сондай-ақ, осынау иігілікті де қайырымды істерге белсене атсалысқан азаматтардың да еңбегін ерекше атап өтті. Аудан басшысы қайырымдылық істерге аудан тұрғындарымен қатар еліміздің басқа өңірлерінде, тіпті, шет мемлекеттерде қызмет жасап жатқан кәсіпкер азаматтардың да атсалысып отырғанын қуанышпен жеткізді.
-Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында және Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен құрылған Жамбыл облысының түлектер ассоциациясы ауданымыздың гүлденуіне өз үлесін қосып жүрген түлектермен кездесу ұйымдастырып отыр.
Әр адамның кіндік қаны тамып, туып өскен елі жер жәннатымен тең. Осы орайда Жуалы ауданында қолға алынған «Түлек.kz» жобасы «Туған жер» бағдарламасын түрлендіре түсуге септігін тигізе алатын айрықша жоба деуге толық негіз бар.
Оның басты мақсаты – бірінші кезекте аудан мектептерін бітірген түлектердің ұшқан ұясы мен туған жеріне деген перзенттік сүйіспеншілігі мен махаббатын тереңдету болып отыр. Аталған жоба өңірдегі білім шаңырақтарында түлектер туралы жан-жақты мәліметтер мен деректер жазылған сайттар жасақтаудан бастау алды. Олар туған жер мен туған топырақ алдындағы парыз мен қарыз ұғымдарын о бастан-ақ көкейлеріне зерделей білген. Олар мұны туған жер алдындағы парыздарының бір өтеуі деп есептейді.
«Түлек.kz» жобасының басы-қасында жүргендер биыл түлектермен арадағы байланыстар мен қарым-қатынастарды одан әрі тереңдете түсуді ұйғарып отыр. Сіздердің қоғамға қосқан үлестеріңіз, жас мемлекетіміздің аяғына тұрып, егемендігін өрге сүйреген уақыттағы ерекше еңбектеріңіз бен қайраткерлік әрекеттеріңізді еңбек жолындағы үздік жетістіктері – білім мекемелері үшін және аудан үшін зор мақтаныш.
Қасиетті қара шаңырақ қабырғасында алған білімін ел игілігіне жұмсау – әрбір түлектің міндеті. Біз жуалылықтар, өз түлектерімізбен мақтана аламыз деп сеніммен айта аламын,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Жиында ауданның рухани түлеуіне және қайырымдылық шараларына белсене атсалысқан бірқатар азаматтар Жуалы ауданы әкімінің Алғысхаттарына ие болды. Атап айтсақ, «Туған жер» жобасы бойынша ауыл шаруашылығы саласының ардагері, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Байұзақ Серкебаев, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, революционер Қарымбай Қошмамбетовтың немересі, облысқа белгілі кәсіпкер Асан Қошмамбетов, Кәріқорған ауылынан аудандағы жас шаруашылық басшылары Ерлан Қораласбаев, Александр Уразовский, Бекжан Арихов марапатталды. Марапаттарды аудан әкімі Н.Ергебеков тапсырып, жұмыстарына табыс тіледі.

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close