Basty bet

Вакцинацияның электрондық паспорты туралы не білуіміз керек?

Вакцинацияның электрондық паспорты деген не?
Вакцинацияның электрондық паспорты – вакцинацияның медициналық тарихы. Яғни құжат профилактикалық екпелерді алғандығын куәландырады.
Вакцинацияның электрондық паспортын (ВЭП) қайдан алуға болады?
Комитет вакцинация паспортын вакцинацияның екі кезеңінен өткеннен кейін eGovmobile мобильді қосымшасының «Сандық құжаттар» бөлімінде алуға болатынын айтты. Деректер Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтер базасына сәйкес автоматты түрде толтырылады.
ВЭП-те қандай деректер көрсетіледі?
Бүгінгі күнге дейін вакцинация паспортында келесі мәліметтер көрсетіледі: толық аты-жөні, вакцинация алғандағы тіркелген орны, препараттың атауы, вакцинацияның бірінші және екінші кезеңдерінің күні, дозаның сипаттамасы, препарат сериясы, дәрігердің толық аты-жөні, сондай-ақ вакцинациядан кейінгі кезеңде бақылау.
Вакцинация паспорты кімдерге қолжетімді?
Жеке деректерді қорғау үшін паспорт иесінің рұқсатынсыз үшінші тараптың көруіне тыйым салынады. Алайда өз құжатын үшінші тараппен бөліскісі келетін адамдар үшін QR кодты скайнерлеу арқылы жүзеге асыруға болады.
Вакцина алмаған, электрондық паспорты жоқ адамдар үшін шектеулер бола ма?
«Қазақстанда вакцинациядан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған, кез-келген қудалау заңсыз болады. Вакцина алмаған және электрондық паспорты жоқ азаматтардың жүріп-тұруына ешқандай шектеулер жоқ», – деді Денсаулық сақтау министрлігі.
«Бұл тек иммундық мәртебені анықтау үшін қажет. Оған ешқандай шектеулер қойылмайды. Бұл вакцинация туралы мәліметтерді нақты жазу және елдегі вакцинаның көлемін жоспарлау үшін жасалады, өйткені біз жыл сайын вакцинациядан өтуіміз керек шығар, бәлкім. Біз кімге, қашан, қандай сериямен вакцина салғанымызды нақты білуіміз керек, демек, бұл есепке алу мен жоспарлауды ұйымдастыру тұрғысынан жасалады», – деді ол.
Қазақстандықтарға вакцинасыз саяхаттауға тыйым салынбай ма?
Денсаулық сақтау министрлігі жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бас сарапшысы Нұршай Әзімбаева вакцина алмаған адамдар үшін шектеулер басқа елдерде болуы мүмкін деп мәлімдеген болатын. «Мүмкін, болашақта кейбір елдерде профилактикалық екпеден өтпеген адамдарға шектеулер енгізілуі мүмкін. Бірақ біздің елімізде вакцина алмаған адамдардың еркін жүруіне шектеу қою жоспарланбаған», – деді ол.

Ермек АБДИВАИТОВ,
аудандық Халыққа қызмет
көрсету орталығы
бөлімінің басшысы

Таңдаулы материалдар

Close