Basty bet
МАҢДАЙ ТЕРДІҢ ӨТЕМІ – БІТІК ӨНІМ!
Астықты өңір есептелетін аудан алқаптарында егін жинау науқаны шіліңгір шілде мен тамылжыған тамыз айларына тұс келеді. Диқандар ас атасы – нанның мол болуы үшін тер төгіп, көктемнің әр күнін тиімді пайдаланды. Нәтижесінде 63 835 гектар жерге дән егілді.Бүгінде жер төсін емген шаруалар ауа-райының қолайлы тұсын тиімді пайдаланып, алтын орақты қысқа мерзімде әрі сапалы аяқтауға күш салуда. Ауданның қай өңірінде болсын, астықтың түсімі жаман емес.
Әсіресе, Ақсай диқандарының көңіл-күйі көтеріңкі. Олар жылдағы әдетпен науқанға ауданда алғашқылардың бірі болып кірісті. Жиын-терім жұмыстары Алатаудың етегінде орналасқан алқаптарда қызып тұр.
Әтіркүл Батыршаева жетекшілік ететін «Марс-62» шаруа қожалығы иелігіндегі бес гектар арпаға орақ салып жатыр. Маржандай жайқалып, толысып піскен алқапта «Нива-5 СК» комбайны ерсілі-қарсылы жүйіткіп жүр.
– Бұл қожалық меншігінде бар екі комбайнның бірі. Бұған дейін ауданның күнгей жағында ерте піскен астықты орып, ондағы шаруаларға қолғабыс жасап келдік. Бір комбайнымыз уақытша жөндеуді қажет етіп тұр. Бұйырса, бірер күнде дайын болады. Кешеден бері өз алқабымызға түстік. Өнім жаман емес. Жиналған астықты аудан орталығындағы қамбаға жөнелтіп жатырмыз. Онда арпаны ұсақтап, малдың жеміне дайындаймыз. Бір бөлігін кептіріп, дәрілеп, келесі жылдың өніміне ұрыққа тастаймыз. Қажетімізден артылғанын сатып, шығындарымызды жабамыз, – дейді «Марс-62» ШҚ мүшесі Абзал Батыршаев.
Абзал бауыры Нұрланмен бірге кез келген техниканы еркін меңгерген. Комбайн штурвалына болсын, автокөлік руліне болсын, өздері отырып еңбек көрігін қыздыра береді. Нұрғали Мырзахметұлы деген көмекші жігіт тағы бар. Басқа жастар сияқты бұлардың көңілі қалаға бұрмайды. Ауылда тұрып-ақ жақсы өмір сүруге болатынын дәлелдеген азаматтар бұлар.
– Бәріміз портфель ұстап кетсек, мына қыруар шаруаны кім істейді? – деп әзілдейді Абзал.
Онысы рас. Негізі, қазіргі ауыл жастары қысы-жазы бос сеңделуді білмейді. Әйтеуір, бір табыс әкелетін істің тұтқасын ұстауға бейіл. Дала жұмыстары аяқталған соң да жұмысбасты жігіттер қарап отырмайды. Қыстай техника біткенді жамап-жасқайды. Сөйтіп, келесі көктемге дейін қолдағы барлық құрал-сайманды әзірлеп қояды.
Биылғы астықтың бағасы да көңілден шығып тұр. Былтырғы 38-40 теңгеден әжептәуір көтеріңкі. Дәл қазір түйір дәннің әр келісінің бағасы 45-47 теңгеден де бір кемі жоқ. Бұл да болса, төгілген тердің жақсы өтемі емес пе?!
Абылайхан СӘРСЕН.
Сурет автордікі.
«Жаңа өмір»