Basty bet
Аудан әкімі Жалғас Мұртазаның өңір тұрғындарына Үндеуі
Құрметті Жуалы ауданының тұрғындары!
Табиғатқа жанашырлықпен қарау, қоршаған ортаны қорғау, аула мен айналаны, көше мен ауылды таза ұстау – барлығымызға қатысты маңызды мәселе. Экологиялық тұрғыдан алғанда, бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та баса назар аударып отыр. Олай болатыны, экологиялық ахуалды жақсартпай, бәсекеге қабілетті мемлекет құру мүмкін емес, сонымен қоса, халықтың денсаулығы мен ұлттың сапасын арттыруға қатысты мәселелерді толыққанды шеше алмаймыз. Бұл – ең біріншіден елдің болашағына қатысты мәселе. Халықты өңірде ұйымдастырылатын жалпыұлттық сенбіліктер мен экологиялық акцияларға тарту – бұл бағыттағы жұмыстарды ширатуға үлкен сеп болмақ.
Апта басында Қазақстан Республикасында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық акцияның аясында ұйымдастырылатын жұмыстарға өңір тұрғындары мен еріктілерді тұрақты түрде тартудың маңыздылығын да қоса жеткізді.
Құрметті жерлестер!
Президенттің тапсырмасын мүлтіксіз әрі сапалы орындау – барлығымызға қатысты. Сондықтан, Сіздерді «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының аясындағы сенбілік жұмыстарына белсене қатысуға және туған ауылымыздың тазалығын барынша қамтамасыз етуге шақырамын!
Аудан аумағының таза болуы, өңірге қарасты ауылдардың эстетикалық тұрғыдан тартымды болуы – ең біріншіден өзімізге байланысты. Осынау игілікті де сауапты істен шет қалмайтындарыңызға үлкен сенім білдіремін!
Туған өңірдің тазалығына барлығымыз белсене атсалысайық!!!
Іске сәт!!!