Basty bet
Жаман әдеттерден арылып, пайдалы іспен айналысайық!
Қасиетті Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы қордаланған мәселелерге жан-жақты тоқталды. Соның ішінде руханият саласына қатысты пайымды пікірлерімен бөлісті.
«Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасат пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді. Құрметке ие болады»,- деді Президент Ұлттық құрылтайда.
Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін өз ісіне жүрдім-бардым қарайтын, өз мүддесін бірінші орынға қоятын пайдакүнем, парақор, жемқор пенделердің кесірінен көптеген қиындықтарға кезіктік. Сол үшін Мемлекет басшысы осы тақырыпқа арнайы салмақ сала отырып атап көрсетті.
«Біздің қоғам өзгерісті біреуден мадақ есту үшін емес, ең алдымен өзі үшін жасауға тиіс»,- деді Президент. Шынында бізде анау социализм кезеңінен қалыптасқан жаман әдет бар. Әрбір істі науқанға, жарысқа айналдырамыз да, біреуден мақтау күтеміз. Олай емес, қандай әрекетті болсын ұлт пен мемлекеттің пайдасы үшін істеуіміз керек. Сонда ғана нәтижеге жетеміз. Өкінішке қарай, бізде әлі осы әдеттен айырыла алмай келе жатқандар көп.
Мемлекет басшысы баяндамасында сегіз тақырып бойынша ой қозғады. Сол арқылы әр мәселеге нақты тоқталып, оның көрінісін, салдарын, түзету жолдарын ұсынды.
Бірінші, мемлекеттік нышандарды жетілдіру қажет. Екінші, ұлтымыздың тарихи сана-сезімін, жаңғырту өте маңызды. Үшінші, біз мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеуіміз керек. Төртінші, өскелең ұрпақтың тәрбиесі өте маңызды мәселе. Бесінші, ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, креативті индустрияны дамыту. Алтыншы, мемлекттік саясатта талдау, сараптама жасау қызметі сапалы жүргізілуге тиіс. Жетінші, еліміз үшін стратегиялық маңызы бар тағы бір мәселе – шекаралас аймақтарды дамыту. Сегізінші, қоғамда мемлекеттік аппараттың жұмысына қатысты сын-пікірлер туралы.
Шығармашылықпен айналысып жүрген жандардың бірі болғандықтан, өзіме жақын тақырып руханият жайлы ой өрбіткім келіп отыр. Еліміз тәуелсіздік алғалы еліміз көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Аллаға шүкір! Алайда, руханиятымыз тоқырап, құлдырады.
Жалпы бұл мәселеде адамдардың пиғылы өзгермесе, ештеңе өзгермейді.
Материалдық байлық пен рухани байлық адам баласы үшін құстың қос қанатындай. Біреуі кем болса, қанаты сынған құс секілді жерден көтеріле алмайды. Қарным тойсын деп тәннің азығын көксеп кетсек, жанымыз жүдеп, жасып қалады. Жан дүниесі кедей адамның келешегі де бұлыңғыр.
Адал азаматты тәрбиелеу – ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлудің басы. Ал адалдық – құтты қоғамның темірқазығы іспетті. Әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген. Мемлекеттің ең басты байлығы – адам. Отаншылдық – шынайы патриоттық сезім. Тұратын үйіңді, аулаңды таза ұста. Еңбектің жаманы жоқ. Президент «Еңбек адамының мәртебесін көтеру керек. Еңбек күніне орай ең үздік мамандарды мемлекеттік деңгейде ұлықтау керек» деп бәрін таразыға салып, өлшеп айтып отыр.
Баланы, ұрпақты ойламаған елдің болашағы бұлыңғыр. Себебі, елдің ендігі иесі – бүгінгі жастар. Сондықтан адамзаттың ұшан-теңіз мол білімін, жинақталған тәжірибесін соңымыздан келе жатқан жастарға үйретуіміз керек. Сол үшін еліміздегі балалар басылымына қолдау керек. Оқулықпен қана шектелмей, балаларға арналған газет-журналдарға жазылғаны дұрыс. Мектепте газет-журнал оқымаған бала, есейгенде ешқашан кітаппен дос бола алмайды.
Адам баласының ең бір қымбат төрт нәрсесі болса, соның біреуі – жастық кездегі күш-қуат. Сол себепті баланың жастық шағында немен, қалай өткізіп жатқанына, керекті білім алып, пайдалы кәсіп үйреніп, өнегелі ортамен айналысқанына қатты мән беру керек. Себебі, орта, тәрбие, дәстүр әлсізді мықты, мықтыны тұлға қылған құндылықтар.
Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”