Basty bet

Ердің ерлігі елдің жадынан шықпайды!

Жауынгерлік «Даңқ» ордендерінің толық иегері Т.Тастандиевтың 100 жылдығы атап өтілді

«Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас» деп әйгілі Алаш ақыны Мағжан Жұмабаев жырлағандай, ерлік ешқашан ұмытылмайды. Болашақ ұрпақтың бақыты үшін, келер жарық күн мен тұтас елдің жарқын өмірі үшін басын бәйгеге тіккен батырлардың есімі де ел есінен әсте шықпақ емес…

«Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып қызмет еткін» деп даңқты қолбасшы, қазақ халқының қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлы жас ұрпаққа өсиет еткендей, ел дегенде елеңдеп, жұрт дегенде жарғақ құлағы жастыққа тимей адал қызмет еткен жуалылық асыл ердің бірі – Тайыр Тастандиев болатын. Тайыр Бүркітбайұлы Ұлы Отан соғысына аттанғанда небәрі 18 жастағы бозбала еді. Қасиетті Отанның басына төнген қауіп-қатер оның да жігіттік намысын қайрап майдан даласынан бір-ақ шығарды. Тайыр Тастандиев өзінің жорық жолында 1-ші және 2-ші Прибалтика, 4-ші Украина майданының құрамында ел мен жерді неміс-фашист басқыншыларынан азат ету жолындағы көптеген ұрыстарға қатысқаны белгілі. Алғашқы жорық жолын бастағанда-ақ «Ерлігі үшін» медалімен наградталған Тайыр өмір мен өлім белдескен сұрапыл соғыстың әрбір белесінде батырлықтың өшпес өнегесін көрсетті. Донбасс шахталарын, Донецк, Воронеж, Кенисберг қалаларын және Қырым түбегін азат ету жолындағы кескілескен шайқастар, Днепр жағалауындағы ұрыстар Батырдың қаһармандық жолындағы қадау-қадау белестердің бірі болғаны анық.
Иә, бәрін айт та, бірін айт. Тайыр Тастандиевтың ер қорғаудағы ерен ерліктері кейіннен орыстың классик жазушысы Константин Симоновтың «Шел солдат» деректі фильмінде (1974 жылы Мәскеу қаласында түсірілген) ашып көрсетілген. Батыр туралы жергілікті қаламгерлер Ә.Айтақов және М.Ахметтің кітап жазғанын жақсы білеміз. Батырдың ерлік жолы мен еңбек жолы туралы жазылған осынау құнды кітаптардың жас ұрпақтың қаншама буынын ерлік пен отаншылдық рухында тәрбиелеп келе жатқаны дау тудырмайды.
Пулеметші Тайыр Тастандиевтың Ұлы Отан соғысындағы ерліктері туралы газеттің алдыңғы нөмірінде жазылғандықтан, оған қайта тоқталмаймыз. Ал оның соғыстан елге аман-есен оралып, соғыстан кейінгі ауыр жылдарда елдің өркендеуі мен халық тұрмысының көтерілуіне сіңірген еңбегі өз алдына өр төбе. 1946 жылы майдан даласынан ауылға келген Тайыр бір жылдан кейін отау құрып, Талапты ауылының бойжеткені Үрлікүл Дәуітқызымен шаңырақ көтерген. Қызыларық ауылындағы ұжымшарда қойшы, қарауыл, қамбашы және парторг сияқты жауапты жұмыстарды атқара жүріп, соғыстан кейінгі ауыл-ел тұрмысындағы қиындықтарды еңбекпен еңсеруге өзінің сүбелі үлесін қосады. Содан Тайырдың ауыл-аймақ пен ағайын арасындағы абырой-беделін және ұйымдастырушылық қабілетін байқаған аудан басшылығы оны ауданға қарасты Ақтөбе ауылдық кеңесінің төрағасы етіп тағайындайды. Бұл 1953 жыл болатын. Тайыр бұл жауапты қызметті өмірінің соңына дейін (1974 жылға дейін) мүлтіксіз атқарады. Айта кету керек, аталған ауылдық округ Қызыларық ауылдық округімен көршілес орналасқан. Бұл әкімшілік аумақтық бірлік қазір де бар.
Ұлы Отан соғысында бірнеше рет ерекше ерлік көрсетіп, жауынгерлік «Даңқ» ордендерінің толық иегері атанған Тайыр Тастандиев елге келгеннен кейін де «Мен Батырмын!» деп қол қусырып қарап жатқан жоқ. Ауыл тұрмысын көтеруге бойындағы күш-жігері мен білім-білігін сарқа жұмсап, жұбайы Үрлікүл Дәуітқызы екеуі құрған құтты шаңырақта үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді.
Өмірдің ащы-тұщысын көріп өскен ерлі-зайыптылар балаларына қазақи тәлім-тәрбиемен берумен бірге, оларды адал еңбекке және тура сөйлеуге, шыншылдыққа үйреткені анық.
Ерлік ұмытылмайды, «елім» деп еңіреген адал азаматтың абыройы да сол сияқты. Уақыт өткен сайын жарқырай түседі. Жауынгерлік «Даңқ» ордендерінің толық иегері Тайыр Тастандиевтың 100 жылдық мерейтойына орай өзі ширек ғасырға жуық ауылдық кеңестің төрағасы болып қызмет еткен Ақтөбе ауылдық округінің орталығы Бәйтерек ауылында «Даңқы өшпес Батырдың рухына мың тағзым!» аталатын мерейтойлық әрі патриоттық іс-шара ұйымдастырылды. Оған ауыл тұрғындарымен қатар, Батырдың ұл-қыздары мен туған-туыстары және ауданның ардагерлер кеңесінің мүшелері шақырылды.
Батыр мерейтойына арналған іс-шара осындағы №11 Т.Тастандиев атындағы орта мектептің ауласындағы жауынгерлік «Даңқ» ордендерінің толық иегері Тайыр Тастандиевтың бюстіне гүл шоқтарын қою рәсімінен бастау алды. Атап айтқанда, аудандық ардагерлер кеңесінің және аудандық қоғамдық кеңестің төрағалары – С.Жұмашев, Ә.Уркумбаев, сонымен қатар, аудан аумағындағы 91678 әскери бөлімінің әскери қызметшілері бюстке кезегімен гүл қойып, тағзым етті.
Митингте сөз сөйлеген «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның аудандық филиалының төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Сейітхан Жұмашев, Отан үшін жан аямай соғысып, кейіннен елге оралып жұртшылық қызметінде болып, ерлік пен еңбектің шыңына жеткен Тайыр Тастандиевтың ерлік істері елдің есінен және жас ұрпақтың жадынан шықпайтынын, есімі тарихта қалған тұлғаның өмір және еңбек жолы жас ұрпаққа жарқын үлгі мен өнеге болып қала беретінін баса айтып, мерейтойға жиналған жұртшылықты құттықтады. Жиында Т.Тастандиевтың ортаншы ұлы Дәулетбек Тайырұлы да сөз сөйлеп, Әке өнегесі және одан тараған ұрпақтар туралы тебірене ой толғап, ізгі тілегін жеткізді.
Батырдың мерейтойы – елдіктің мерекесі. Мерейтойға арналған іс-шара ары қарай мектептің ішінде жалғасты. Онда жиналған жұртшылықтың назарына Тайыр Тастандиев туралы түсірілген «Жарқын бейне» деректі фильмі көрсетіліп, құттықтауларға кезек берілді. Жиналған жұртшылықты аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова құттықтады.
– Құрметті жерлестер және мерейтой қонақтары!
Екінші Дүниежүзілік соғыстың батыры, жауынгерлік «Даңқ» ордендерінің толық иегері Тайыр Тастандиевтың туғанына биыл 100 жыл толып отыр.
Батырдың соғыстағы ерлік істері мен еңбек майданындағы өнегелі өмір жолы – жас ұрпақтың алдағы өмір жолына адастырмас темірқазық іспетті.
Тайыр Бүркітбайұлы Донецк қаласының жанындағы кескілескен ұрыста өзінің бөлімшесімен жаудың күшті бекінісін алып, аса жауапты жауынгерлік тапсырманы орындағаны үшін 3-ші дәрежелі, жау ДЗОТ-ын гранатамен жарғаны үшін 2-ші дәрежелі, Днепр жағалауындағы кескілескен ұрыста көрсеткен ерлігі үшін 1-ші дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталғанын жақсы білеміз.
Соғыстан кейінгі жылдары Тайыр Бүркітбайұлы Ақтөбе ауылдық кеңесінің төрағасы ретінде ел мен туған өңірдің дамуына зор еңбек сіңіріп, жұбайы екеуі отбасында үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіріп, оларды азамат қатарына қосты.
Ерлік өлмейді, айтулы тұлғаның елге сіңірген еңбегі де ешқашан өшпек емес. Жарты ғасырлық ғұмырында талай істі тындырып, қасиетті өлкенің жұлдызын биіктеткен Тайыр Тастандиевтың есімі мен жарқын бейнесін оның ерлігі мен еңбегін туған елі мен қасиетті Жуалы жұртшылығы ұмытпайды,- деп атап өтті Анар Садыққызы.
А.Ахметова өз кезегінде Батырдың қара шаңырақта тұратын ортаншы ұлы Дәулетбек Тайырұлына Т.Тастандиевтың майлы бояумен салынған үлкен портретін сыйға тартты.
Айта кету керек, жиында сөз алған Батырдың туған-туыстарынан, оның қарындасы Әсия Ахметова, қызы Роза Тастандиева, жиен қарындасы Күлтай Мұсабекова, күйеу баласы Болат Жолдасбеков, т.б. Т.Тастандиевтың рухына тағзым ету мақсатымен келген бірқатар ниеттес азаматтар сөз сөйлеп, Батырдың азаматтық келбетін, ерекше қасиеттерін айта келіп, оның сан қырлы азамат болғанын айтып, өткен күндерден сыр шертумен бірге, кейбір беймәлім деректерді де ортаға салды.
Сөз соңында айта кетсек, қазір Тайыр Тастандиевтың кіндік қаны тамған Қызыларық ауылындағы бір көше, сонымен қатар, аудан орталығы Б.Момышұлы ауылында және облыстың орталығы Тараз қаласында бір-бір көше Батырдың есімімен аталады. Ауылдағы қара шаңырағы орналасқан көшеде Батырдың ортаншы ұлы Дәулетбек пен келіні Ақылбала екеуі 45 жылдан бері осында түтін түтетіп, саналы ұрпақ тәрбиелеп келеді.
Батырдың 100 жылдығына орай қара шаңырақта Құран бағышталып, ас таратылды.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close