Basty bet

Қазақ халқы мен домбыра егіз ұғым

«Домбыра жүрегіммен үндес едің,
Өзіңмен сырласымдай тілдесемін.
Бабамнан қалған мұра сен болмасаң,
Өнердің не екенін де білмес едім», – деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, ұлттық құндылығымыздың бірі болған қасиетті қара домбыра көнеден қалған асыл мұрамыз, көзіміздің қарашығы әрі ұлттық кодымыздың айнымас бөлігі. Домбыра – қазақтың киесі, қасиеті, қазынасы. Қазақ пен домбыра егіз ұғым. Дана халқымыз ұлы даланың желін, желмен жарыса шапқан ат тұяғының дыбысын, тау бұлағының сылдырын, жайқалған құрақтың сыбдырын, жүрегін кернеген сан алуан сезімнің бәрін киелі қара домбырамен жеткізе білген. Осындай ұлттық құндылығымызды ел ішінде дәріптеу мақсатында Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шілденің бірінші жексенбісін Ұлттық домбыра күні деп белгілеп, арнайы Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл күнді домбыра күні деп белгілегені сөз жоқ, ұлтымыздың терең тамырлы мәдениетін асқақтатып, рухын көтеріп отыр.

Домбыра – қазақ халқының ұлттық музыкалық аспабы. Домбырамен ұлттық музыкалық үлкен мәдениет ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, мыңжылдықтардан бері жалғасып келеді. Осындай қасиетке ие қара домбыраны ел арасында жанына серік етіп, ұлттық құндылықты бағалаушы жандар баршылық. Мұндай өнерпаз жанның бірі ретінде Теріс ауылының тұрғыны, ардагер ұстаз Аташбек Әмірқұлдың есімін атауға болады.
Өнерді бағалай білетін Аташбек аға Бақалы ауылының тумасы. Тараз қаласындағы бұрынғы Жамбыл мәдени-ағарту училищесінде домбыра класын бітірген музыкалық мамандықтың иесі. Ол алғашқы еңбек жолын Шу ауданы Төле би ауылында бастап, жас маман ретінде бұл өңірде музыка кластарын ашуға үлесін қосып, алты жылдай балаларды өнерге баулиды. Өнер үшін жаратылған ұстаз Шу жерінде тынымсыз еңбек етіп, ұлттық өнердің дамуына ден қояды. Одан кейін Жуалы ауданына қарасты Шақпақата ауылындағы Қ.Сағындықов атындағы (бұрынғы Киров) мектепке жұмысқа орналасады. Бұл кезеңде ауданда музыка мектептері ашылып, соның бірі ретінде Шақпақата ауылында Төлебаев атындағы музыка мектебі ашылады. Аталған музыка мектебінде мол тәжірибе жинақтаған Аташбек Әмірқұлұлы білім ошағынан талай шәкірттер тәрбиелеп, түлетіп ұшырды.
Саналы ғұмырының алты жылында Шақпақата ауылында шәкірт тәрбиелеуге арнаған ол 1989 жылы Теріс ауылына қайта көшіп келеді. Осы кезден бастап ауылдағы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепте музыка, тарих пәнінің мұғалімі, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жемісті жұмыс істеп, 2017 жылы зейнетке шығады. Қазіргі таңда алпыстың асқарына асқан ардагер ұстаз қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, Көкбастау ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің хатшысы қызметін абыроймен атқаруда. Осы ретте, өзі әнші, өзі күйші Аташбек Әмірқұлұлымен 1 шілде – Ұлттық домбыра күніне орай арнайы кездесіп, әңгімелескен болатынбыз.
– Мені көптен бері осы ұлттық құндылық, ұлттық музыка тақырыптары толғандырып жүр еді. Оның бірі – ұлттық аспап, домбыра, – деп сөз бастады Аташбек аға. -Менің зейнеткерлікке шыққаныма үш жыл болды. Содан бері мектептен қол үзіп қалдым. Өкініштісі осы. Өнерімді жалғастыратын, қазақтың қара домбырасының қадірін білетін шәкірттерді әлі де тәрбиелегім келеді. Бірақ оған қолдау жоқ. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, ел арасында өнерлі жандар бар, бірақ оны көрсететін орын жоқ.
Біздің кезімізде, нақты айтар болсам, кеңестік кезеңде халық өнерді жоғары бағалайтын. Жастардың жаны өнерге жақын болатын. Сол кезеңдерде ән айтып, домбыра шертетін жастардың қатары көп болатын. Сонымен қатар, өз ісінің маманы, талап пен тәртіпті, жұмысты, оның нәтижесін көрсететін уақыт еді. Ал, қазіргі таңда шыны керек, біраз дүниелерге көңілім толмайды. Ұлттық құндылықты, салт-дәстүрді ұлықтайтын, домбыраны насихаттайтын жандардың азайып бара жатқаны қынжылтады, – деп іштегі ойтолғанысын жетізді.
-Мен домбыраны бала күнімнен шертемін. Ата-анам менің өнерімді байқаған болуы керек, бала күнімде домбыра мен 25 тілдік гармошка алып берді. Сол уақыттан бері музыкаға деген аңсарым ауып, өз бетімше үйрене бастадым. Мектеп қабырғасында жүргенімде концерттерде ән сүйемелдеп, қоғамдық жұмыстарға араластық. Одан кейін ауыл ағалары мені қатарларына қосып, бірге ән-күй шерте бастадық. Жарыстарға барып, жүлделі орындарға ие болдық. Түрлі өнер байқаулары, додалар ұйымдастырылып тұрды.
Еңбек жолымды да шәкірт тәрбиелеуге, еңбек етуге арнадым. Өнерді жан-тәнімен түсіну керектігін шәкірттеріме үйреттім. Мамандығымды жақсы көргендіктен болар, өнерге жанашырлық танытқандықтан балаларға өнерімді арнадым. Кейіннен тәуелсіздік алған соң, мектепте мұғалімдер тапшылығы сезіліп, мені тарих пәнінің мұғалімі болып ауыстырды. Ауылдан көп жас мамандар кетіп қалды. Менің өмірлік жарым Доқтыркүл Нұрова да музыка маманы. Ол осы пәннен сабақ беріп қалды да, мен өзге пәннен сабақ беруге кірістім. Бірақ, өнерді тастамадым, одан алыстамадым. Осы тұста да мектепте үйірме ашып, оқушылармен домбыра сабағын жүргізіп отырдым. Биылғы жылы С.Сейфуллин атындағы орта мектептен домбыра үйірмесінің балалары түлеп ұшып жатыр.
Адамның өмір жолы тарих. Өнерді түсінген адамның жүрегі жылы, мейірімі мол болады. 40 жылымның 16 жылын домбыра сыныбына арнадым. Осы тұста балалардың арасында мейірімсіз, қатыгез жандарды кесдестірмедім. Керісінше, домбыра үйренген адамның мінезі жақсы жағынан өзгереді. Сәлемі түзу болып, мәдениеті мен ішкі жан дүниесі қалыптасады. Имандылығы артып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете біледі. Рухани байиды. Міне, өнердің, қасиетті қара домбыраның құдіретінің шексіздігі осыдан көрінеді.
Домбыраны қастерлеуші жан ретінде айтарым, біздің ізімізді жалғастырушы, өнерімізді қабылдаушы жас ұрпағымыз. Болашағымыз – балаларымыз. Сондықтан олармен жұмыс жасарда бір топтағы балалардың мінезінің, талғамының әртүрлілігін зерттеп, зерделеу керек. Уақыт жоғалтпай, дер кезінде тапсырма беру арқылы бір оркестр құруға болады. Ол үшін адамға шығармашылық ізденіс, өнерге деген сүйіспеншілік керек. Шынайы өнер керек. Сол кезде ғана ел өнеріңді бағалайды. Сондықтан ел арасында жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, оларды өнерге баулу керек. Жастар әсіресе, домбыраны үйренуі тиіс. Бұл – біздің төл өнеріміз, асыл мұрамыз. Ол жоғалмауы үшін барымызды аямауымыз қажет. Әрбір қазақтың төрінде қара домбыра ілініп тұруы керек. Сол кезде ұрпағымыз оның қадір-қасиетін, құдіреттілігін білуге талпынады.
Міне, осыдан болар елімізде Домбыра күнінің белгіленуі жайдан-жай емес деп білемін. Бұл рухани жаңғыру бағытындағы ең сүбелі тірліктің бірі болмақ. Осы күннің аясында ұлттық аспабымызды ұлықтау мақсатында тың бастамалар бой көтеріп, көптен бері қолдау таппай жүрген игі дүниелер қайта жаңғыруы ғажап емес. Көп нәрседен үміттіміз. Көк сандықтан домбыра үнімен астастырылған салмақты дүниелердің көптеп жарық көруін жанымыз қалайды. Бұл күн коңыр үні мен қоңыр болмысына сай ұлтымыздың жадын қайта бір жаңғыртатындай күн болса екен деймін, – дейді ардагер ұстаз Аташбек Әмірқұл.
Өзі әнші, өзі күйші Аташбек аға қазақ өнеріне жанықұмар оқушылардың басын қосып, білім ордасында домбыра оркестрін де құрады. Сонымен бірге, ширек ғасырлық еңбек жолында талай әншілер мен күйшілерді тәрбиелеп, үлкен өмірге түлетіп ұшырған. Міне, осындай ұлағатты ұстаздың көмегімен ұлттық өнердің тұнығынан сусындаған еліміздің түкпір-түкпірінде шәкірттері бар. Олардың қатарында жерлесіміз Мәлік Мықтыбеков, Ғазиз Базарбеков, Ғалымбек Оспанов, Әзиз бен Майра Шәкірбаевтар бар.
«Еңбегіне қарай құрмет» демекші, Аташбек ағаның еңбегі еленіп «Ұлағатты ұстаз» медалін иеленген. Екі рет «Бүкілодақтық халық шығармашылығының лауреаты» атанған. Екі мәрте аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланған. Облыстық, аудандық мәслихаттың және аудан әкімінің марапаттарына ие болған. «Имандылық бастауы» кітабының, осы кітапқа қосымша әдістемелік нұсқаулықтың және «Туған жерің – топырағың» атты әдістемелік нұсқаулықтың авторы. Бүгінгі күні де Аташбек Әмірқұлұлы марқұм қарымды қаламгер Мақұлбек Рысдәулеттің аяқталмай қалған шығармасын жарыққа шығару жолында еңбек етуде. Сонымен қатар, алдына қойған мақсаттың бірі ретінде туған жері Бақалы ауылының қалыптасуы және осы жерде еңбек еткен ардагер ұстаздар туралы кітапты жарыққа шығаруды көздеп отыр.

Таңдаулы материалдар

Close