Basty bet

Бағдарламалық мақала фракция отырысында талқыланды

«Nur Otan» партиясының аудандық филиалында партияның аудандық мәслихаттағы депутаттық фракциясының кезекті отырысы болды. Фракция отырысының күн тәртібіне екі мәселе ұсынылды. Олар – Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласын және Астанада өткен «Nur Otan» партиясының кезекті XXVIII съезінде қабылданған «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» бағдарламасын талқылау.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша депутаттық фракция отырысын ашып, жүргізіп отырған «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Анар Ахметова аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері, ҚР Үздік өлкетанушысы, Әлем жазушылары одағының мүшесі Дәулетжан Байдалиевке сөз берді.
Дәулетжан Жамалбекұлы Елбасының кезекті «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы «Мәдени мұра» жобасы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының заңды жалғасы екенін еске сала келе, өз сөзін қатпары терең отандық тарихпен ұштастырды. Оның айтуына қарағанда, аудан аумағында өткен жылы қазба жұмыстары басталған Теріс ескі қалажұртының орнынан табылған құнды жәдігерлер қаланың жасын біздің дәуіріміздің ІІ-IV ғасырларына жатқызып отырғанын, Жуалы өңіріндегі алғашқы қоныстану Баркуабтың, Жылқышытөбенің төңірегінде болғанын тарих дәлелдеп отыр. Мұны Жапонияның Нарра қаласындағы халықаралық зертхананың оң сараптамасы да растайды. Алғашқы қазба жұмыстарында табылған жәдігерлер аудандық тарихи-өлкетану музейіне өткізілген.
– Бір ғажабы, қазба барысында адам баласына белгісіз дүниелер табылған. Мәселен, біріншіден, Сейфуллин атындағы орта мектепте жеміс сөлін айдайтын тастар бар. Екіншіден, балық шаруашылығы болғанын дәлелдейтін жаңалықтар белгілі болып отыр. Өйткені торлардың шетіне бекітетін үлкен ауыр тесік тастар табылған. Одан кейін өрнек тоқуға арналған құралдар мен тастар біздің өркениетіміздің әлдеқайда тереңде жатқанын көрсетеді, – деді баяндамашы.
Жиынның күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша фракция мүшелері «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Анар Ахметованың баяндамасын тыңдады. Анар Садыққызы партияның 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың он мақсаты» атты бағдарламасының басым бағыттарына тоқтала келе, Партия Төрағасы, Елбасының даму барысында ұлттық идеяны басшылыққа алу қажеттігін атап көрсеткенін тілге тиек етті. «Ұлттық идеяның базалық құрамдауыштары ұлттық бірлік, бәсекеге қабілетті қуатты экономика, өркендеуші зияткер қоғам, әлемде лайықты құрметке ие екендігі белгілі. Осының барлығы Қазақстанның табысты дамуының негізі болып саналады. Өз кезегінде Ұлттық бірлік доктринасы төрт тірекке сүйенеді, олар – ортақ тарих, ортақ құндылықтар, ортақ Отан және ортақ болашақ» дей отырып, баяндамашы мемлекеттің ең басты басымдығы – азаматтардың тұрмыс деңгейін және Қазақстанның дамуын әлеуметке бағдарланған мемлекет ретінде қамтамасыз ету екендігін атап көрсетті. Партияның бағдарламалық құжатында биылдың өзінде әлеуметтік салаға Ұлттық қордан жұмсалатын барлық шығыстардың 45 пайыздан астамы бағытталмақ.
Фракция отырысында көпбалалы аналармен аз қамтылған отбасыларға көрсетілетін көмек-қолдаудың жай-жапсары туралы аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Жансая Нысанбекова түсініктеме берді.
Абылайхан СӘРСЕН.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close