Basty bet

«ТІЛ КЕРУЕНІ» – ЖУАЛЫ АУДАНЫНДА

Ресми деректерге сүйенсек, әлемде шамамен 256 ұлттар мен ұлыстар бар екен. Солардың 130-дан астамы біздің мемлекетімізде тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Барлық ұлт пен ұлыстың тілін тауып, бірлік пен ынтымақта ұстап отырған бүгінгі билік, ұлтаралық татулықты ұзақ жылдан бері сақтап келеді.
Бір қызығы, Қазақстанда тұратын өзге ұлттардың жартысынан көбі қазақ тілін жетік меңгерген. Тіпті, кейбір қазақ азаматтарынан да мемлекеттік тіл – қазақ тілін артық біледі десек, қателеспейміз.
Осыған орай, Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен аудандар арасындағы этнос өкілдерінің қатысуымен өткізіліп жатқан «Бір – Отан, бір – тіл, тәуелсіз ел» тақырыбындағы тіл керуені Жуалы ауданында жалғасын тапты.
Аудандық орталық кітапхананың Білім орталығында ұйымдастырылған тіл керуеніне Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Мөлдір Ахметова, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғазиза Естаева, аудандық тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Фариза Оразымбетова және Б.Момышұлы ауылы, Жетітөбе, Мыңбұлақ және Шақпақ ауылдық округтерінің этнос өкілдері қатысты.
Кездесуде аудандық білім бөлімінің әдіскері Валентина Ефремова, Ш.Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназияның, №21 Д.Пахомов, №4 Қ.Сағындықов, №13 А.Байтұрсынов, №6 А.Пушкин атындағы орта мектептердің ұстаздары Земфира Мамедова, Самира Аллахвердиева, Анатолий Ставских, Имран Имадаев, Сулейман Сулейманов, Инсар Саядов, Екатерина Петухова, Оксана Кононенко, Валентина Тишина, Шақпақ ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Рамиля Талыбова мемлекеттік тілді жетік меңгергендіктерін мақтанышпен жеткізіп, жұмыс барысында шәкірттеріне қазақ тілін тез меңгерту тәсілдерімен бөлісті. Одан бөлек, қазақ тілін дамыту бойынша атқарып жүрген тәжірибелерін кеңінен әңгімеледі.
Сонымен қатар, №21 Д.Пахомов атындағы орта мектептің оқушысы Тамила Магомадова даңқты қолбасшы, Батыр Бауыржан Момышұлының туындысын мәнерлеп жатқа орындады.
Жиынды облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Мөлдір Ахметова қорытындылады.

Мақпал СҮЙІНБАЙ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close