Basty bet
Әлеуметтік мәселе – өзекті мәселе
«Nur Otan» партиясы аудандық филиалы жанындағы әлеуметтік мәселелер жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті.
Кеңес отырысын аудандағы №1 мектеп-гимназияның директоры, кеңес төрайымы Эльмира Абишева жүргізді. Ол алдымен күн тәртібіндегі мәселемен таныстырып, сөз кезегін аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұловқа берді. Бөлім басшысы К.Төреқұлов өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға көрсетілген қызметтер туралы баяндады.
– Жұмыспен қамту және мүгедектермен ардагерлер ісі жөніндегі секторы 8 стандарт бойынша мемлекеттік қызметтер атқарады. Жалпы аудан бойынша әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімінің мәліметіне сәйкес, I топ мүгедектері – 120 адам, II топ- 592, III топ – 631, 16 жасқа дейінгі мүгедектер – 330 адам. Барлығы 1673 адамды құрайды.
Мүгедектер мен қарттарға көрсетіліп отырған 9 мемлекеттік қызметтер бойынша атқарылған қызметтерге нақты тоқталсақ. Бірінші кезекте «Мүгедектерге протездік-ортопедиялық көмек ұсыну үшін оларға құжаттарды рәсімдеу» мемлекеттік қызметі негізінде ауданда протездік-ортопедиялық көмекке мұқтаж 137 адамнан өтініштер қабылданып, мүмкіндігі шектеулі азаматтар өз ЭЦҚ-мен әлеуметтік порталға кіріп тапсырыс беруде. Одан бөлек, «Мүгедектерге сурдо-тифлотехникалық және міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету үшін оларға құжаттарды рәсімдеу» мемлекеттік қызметі бойынша, сурдо құралдарға мұқтаж 13 мүгедектердің өтініштері қабылданып, 11 азамат қамтамасыз етіліп, қалған 2 мүмкіндігі шектеулі азаматтар өз ЭЦҚ-мен әлеуметтік порталға кіріп тапсырыс беруде және тифлотехникалық құрал алатын 9 өтініштің барлығы қанағаттандырылды.
«Мүгедек балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу» мемлекеттік қызметі бойынша 68 мүгедек балаларға 1684,8 мың теңге көмек тағайындалып, төленді. Сонымен қатар «Жүріп-тұруы қиын I топтағы мүгедектерге жеке көмекшінің және есту кемістігі бар мүгедектерге ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну үшін мүгедектерге құжаттарды рәсімдеу» мемлекеттік қызметі бойынша «Жуалы демеу» корпоративтік қоры арқылы жұмыс атқара отырып, жүріп-тұруы қиын I топтағы 100 мүгедектердің өтініштері «Е-собес» ақпараттық жүйесіне енгізіліп, әлеуметтік порталға жіберілген және қызмет алушылар мамандардың көмегімен әлеуметтік порталға кіріп, қызмет көрсетушіні таңдап, тапсырыс берілген.
Есту кемістігі бар мүгедектерге ымдау тілі маманының қажет ететін 12 мүгедектің өтініші қабылданып, АИЕ – е-собес ақпараттық жүйесіне енгізілгенін және 12 естуінде кемістігі бар мүгедектерге – бір ымдау тілінің маманы әлеуметтік порталға қызмет көрсету үшін тіркелген.
«Мүгедектерге санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз ету үшін оларға құжаттарды рәсімдеу» мемлекеттік қызметі бойынша 189 мүгедектен өтініш қабылданып, мүмкіндігі шектеулі азаматтар өз ЭЦҚ-мен әлеуметтік порталға кіріп тапсырыс беруде. Бүгінгі таңда 122 азамат шипажайға барып ем алуда. Қалған азаматтар уақытын таңдап тапсырыс беруде, – деген бөлім басшысы Керімхан Әуесбекұлы медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге, мүгедектерге кресло-арбаларды беру үшін және үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге құжаттар рәсімдеу туралы кеңінен тоқталды. Мүгедектердің өмір сапасын жақсарту және олардың белсенділіктерін арттыру мақсатында «Шапағат» корпоративтік қоры арқылы ауданда 106 мүгедекке инватакси қызметі жұмыс атқаруда екенін жеткізді.Сондай-ақ, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Мүгедектердің құқықтары мен мүмкіншіліктері» қоғамдық бірлестігі арқылы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін жартылай стационарлық жағдайында 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық аурумен ауыратын, тірек-қимыл аппараты бұзылған 25 мүгедек балаға оңалту орталығы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететінін хабарлады.
Кеңес отырысында күн тәртібіндегі мәселе толығымен қаралып, баяндамашының есебі назарға алынды. Сонымен қатар жиында «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Марат Нарымбеков оңалту орталығының талапқа сай келмейтіндігі және жөндеу жұмыстарын қажет ететіндігі және т.б. Қойылған сұрақтарға тиісті бөлім басшысы жауап беріп, аталған кемшіліктерді орнына келтіру бойынша жауапты органдарға ұсыныс жолданғанын айтты.
Мақпал Сүйінбай,
«Жаңа өмір»