Basty bet

«Елдік елге байланысты»

21 қыркүйек күні Тараз қаласында «Баласағұн» орталық концерт залында «Елдік елге байланысты» тақырыбында қоғамдық форум өткен болатын. Форумның тағылымдық мәні өте жоғары болды. Яғни, жиында той мәдениеті, жас ұрпақ тәрбиесі, имандылық, салт-дәстүр сынды өзекті мәселелер сөз болды. Форумға қатысушылар мұндай қоғамдық форум аудандарда да өткізілсе деген тілектерін де жеткізген. Осыған байланысты бекітілген іс-шаралар жоспары аясында сәрсенбі күні ауданымыздағы «Достық» мәдениет үйінде «Елдік елге байланысты» атты қоғамдық форум өтті.
Форумға аудан әкімі Нарбай Ергебеков, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудандық Алқа билер кеңесінің төрағасы Аманжол Дүрәліұлы, ауыл әкімдері, ақсақалдар, ауыл имамдары, тағы да басқа салалардың қызметкерлері қатысты.
Форумды жуалылық, жазушы-журналист Мақұлбек Рысдәулет жүргізіп отырды. Аталған шараның мән-маңызына тоқталған Мақұлбек Рысдәулет облыстық қоғамдық форумға қатысушылардың облыс тұрғындарына Үндеуін оқу үшін сөз кезегін Қарасаз ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Тоқбергеновке берді.
Алқалы жиынның алғашқы сөзі Жуалы мешітінің имамы Сейітқазы қажы Медетбекке берілді.
– Менің тақырыбым: «Діни жоралғыларды жасауда ысырапшылдыққа жол бермеу» деп аталады. Ұлы Алла тағала Құранда: «Уакулу уалирабу уала тусрифу иннаху иухиббул мусрифин» деген. Яғни, ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар, Алла тағала ысырап қылушыларды сүймейді деп ескертсе, Пайғамбарымыз (с.а.у) «Жеңдер, ішіңдер, садақа беріңдер және киініңдер, бірақ ысырапшылдық пен даңғойлыққа жол бермеңдер»,- дейді. Алланың берген дәулеті артылып жатса, жағдайы төмен кедей, жетім-жесірлерге, медрессе, мешіт, балабақша сияқты орындарға жұмсау – зор сауап іс. Сондай-ақ, мақтану ниетімен қымбат киіну де ысыраптың түріне жатады. Сондықтан Ислам тұрғысынан дүние-мүлкіңді орынсыз шашу ысырап дейді. Алла тағала Ал-Исрас сүресінің 29 аятында «Өте сараң да, тым дарақы да болма» дейді. Сондай-ақ, ысырап – үлкен күнә. Алла тағала Құран Кәрімнің Әнғали сүресі 141 аятында ысырапқа үзілді-кесілді жол бермеу керектігі айтылған. Өкінішке орай бүгінгі таңда қоғамда діни жоралғыларда, өлім-жітімде шама-шарқына қарамастан, ешкімнен қалып қоймайын деп, ысырапқа жол беріп, шашылатынымыз да бар. Ал өмірде күнкөріске зар болып жүргендер қаншама. Пайғамбарымыз (с.а.у) дәрет алу кезінде артық суды қолданудың өзін ысырапқа жатқызған. Ал бізде қаншама тағамдар желінбей қалып кетеді. «Қай нәрсені қор қылсаң, сол нәрсеге зар боласың» дейді.
Ұлы Абай атамыз:
«Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол,
Қаза көрген жүрегі жаралы ол.
Көзінің жасын тыя алмай жылап жүріп,
Зарланып неге әнге салады ол» дейді. Ойланатын кез келді. Біреудің кісісі өліп қаралы болып жатса, дастарқанында отырып алып сынап, кейде тіпті, бір-бірімен сөз таластырып, ұрысып қалып жататындар да болады. Бұл дұрыс емес. Дүние-мүлікпен жарысу – ол мәдениетсіздік. Пайғамбарымыздың жолымен жүріп, қарапайым болайық. Рухани таза болуға барымызды салуымыз керек. Еліміз ынтымақ, бірлігімізден ажырамасын,- деді Сейітқазы қажы Әбдірұлы.
Кісілікке, адамгершілікке, мәдениеттілікке шақырған имамның мәнді де мағыналы сөзін Аманжол Дүрәліұлы «Бірлігіміз – басымыздың бағымыз» атты баяндамасымен жалғады.
-Қазақ текті, кең пейілді, көңілі кең сарайдай дархан халық. Тарихы терең халқымызды жоқ қылғысы келіп, небір құйтырқы саясатын жүргізгендер көп. Оған кешегі саяси қуғын-сүргін, ашаршылық жылдары куә. Аллаға тәуба! Халқымыз ғасырлар бойы аңсаған арманы – тәуелсіздікке қол жеткізді. Ендігі жерде тек бірлігімізді, елдің болашағын ойлайық.
Адамды адам еткен – еңбек. Еңбек етейік. «Бір адам – самал, екі адам – амал, үш адам – жамал, төрт адам – қамал» дейді. Бірігіп жұмылып, еңбек етейік. Ынтымақ-бірлік бар жерде еңбек өнімді болады. Бірлікті ыдыратып, ірітуші күш – күншілдік, іштарлық, өзара араздықтан аулақ болайық,- деп қария сөзін аяқтады.
Қазақстан Республикасының «Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің иегері, ардагер ұстаз Дәулетжан Байдалиев болса, «Тәрбие – талбесіктен» тақырыбында баяндама жасады.
– Абай атамыз «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» дейді. Ең бірінші адамға керегі – тәрбие. Тәрбиелі, мәдениетті адамның шығар шыңы да биік. Алайда, бүгінгі қоғамда бала тәрбиесінде, рухани жандүниемізде толып жатқан проблемалар бар.
ХХІ ғасырға аяқ басқан Қазақстан күрделі тарихи бетбұрыстар мен жаңартулар тұсында да дамып келеді. Бұл кезеңде рухани адамгершілік дамудың жаңа бағытын айқындау көзделіп отыр. Сондықтан да бүгінгі таңда барлық әлемде сонымен қатар біздің елімізде де жеке тұлға дамудың қалыптасуына жаңаша көзқараспен қарау айқындалуда. Тәуелсіздікке қол жеткізген еліміздің білім, тәрбие ісіндегі басты мақсаты – рухани жандүниесі адами құндылықтарға бай жеке тұлға қалыптастыру.
Ендеше, елдің ұлтжанды азаматын тәрбиелеймін деген ұстаз ұлттық мәдениет пен тарихи, мәдени мәліметтер және құнды ата-баба мұралары мен қарулануы керек. Өзінен бұрын өмір сүрген даналарын кейінгі толқын ұрпақтарының қайта айналып, соғып, жоғын іздеп, барын түгендеу- басты парызы саналмақ. Тарихмыздың әлеуметтік педагогикалық тағылымдарын зерделей келе ұрпақ тәрбиелеудегі қазақ халқының өзінің ұстанымдары мен талаптары, әдістері болғандығына көз жеткіземіз. Оны халық тағылымдарының этномәдени құндылықтарынан аңғару қиын емес. Демек, жаһандану жағдайында ұлттық болмысымызды сақтап қалу үшін ұлттық бастауларға қайта оралу қажет. Ұлтты ұлт еткен құндылықтарды қайта жаңғырту керек. Далада туған дәстүрді санада сақтап қалу керек. Біздің басты байлығымыз ұлттық тәрбие – адам тұлғасын өз ұлтына, өз халқына лайықты өкілі ретінде қалыптастырады, өз тілін қадірлейтін, тарихын, адамгершілік, рухани отбасылық құндылықтарын, еңбек дәстүрін меңгерген басқа да халықтардың мәдениетін білетін және құрметтейтін адам. Сонымен бірге жас ұрпаққа тәрбие беруде туған жеріне сүйіспеншілік рухында тәрбиелеуге ықпал ету, үлкенді сыйлау, табиғатты қорғау деген ұғымды білдіреді.
Ұлттық тәрбие туралы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың: «Байқасаң қазақтың өзінде бар, дүниенің генийлігі, пайғамбары» деген сөзі осыған дәлел. Қорыта айтқанда, біз ХХІ ғасырда бала тәрбиесін аспаннан іздемей, өткен ата-бабаларымыздың қалдырып кеткен салт-дәстүр, әдет ғұрыптары, мақал-мәтелдері, ырым-тыйымдарымен тәрбиелеу керек екендігін өмір өзі дәлелдеп отыр,- дей келіп Дәулетжан Байдалиев қазіргі білім берудегі бірқатар проблемаларға тоқталды. Ең бастасы, еңбек тәрбиесін қолға алуға, жастарды кітап оқуға шықырды.
Әрбір баяндамашының алдында Мақұлбек Рысдәулет тақырып аясында ойға ой қосатын құнды пікірлерімен тұздықтап отырды. Келесі кезекте той мәселесі сөз болды.
Тағылымды той елдің рухын көтереді. «Той – құдайдың қазынасы». Алайда тойдағы ысырапшылдық пен даңғазалық туралы сөз сөйлеу үшін кезек Ақсай ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Кәрібай Құрмашевқа берілді.
-Әрине той жақсы, Алланың тойға жеткізгеніне әр адам, отбасы шүкір дейді. Қуанады, той беруге асығады. Бірақ, қазіргі заманда тойдың түрі, саны көбейіп, мән-мағынасы төмендеп бара жатқаны рас. Бұрынғы кезде тек отбасы ағайындар арасында атап өтетін отбасылық қуаныштар бүгінде үлкен-үлкен тойларға айналып кетті. Мысалы, бесікке салу, тұсау кесу, 30-40 жас, т.б тойларды тізбелегім келмейді.
«Қазақ деген халық мақтаншақ, қызғаншақ, кеңпейіл халық» деген сөз халық арасында көп айтылады. Осы сөз рас. Жоғарыда тоқталған тойлар мақтаншақтықтың белгісі дер едім. Біреудің тойына қызғанышпен қарап, біз неге анадан қаламыз, асыруымыз,озуымыз керек деп, қарыздансақ та асыруға тырысамыз. Байлар білгенін істеп жатыр. Бұл даңғазалық кімге керек?! Меніңше ешқандай, ешкімге пайдасы жоқ іс-шара деп ойлаймын.
Ал енді үлкен тойлар туралы айтсам, үйлену, қыз ұзату, 60-70 жас, алтын тойлар керек. Бірақ мұнда да ысырапшылыққа, даңғазалыққа, мақтангершілікке жол берілуде. Бәсекеге айналғандай.
Бұрын, тойға жақсыны көрмек үшін, қызық деп баратынбыз. Қазір лаждың жоғынан барамыз. Шақырған соң баруымыз керек. Себебі, тойлар бір сарында өтеді. Үлгі, тәрбие, жақсы жаңалықтарға көп көңіл бөлінбейді деуге болады. Музыкадан басың айналып, құлағың тұнады. Бір той қазақтың күмбірлеген күйлерімен басталмайды.
Қысқасы, тойдан демалып, рухани байып, қайта алмайсың. Ал дастарқан мәзірі бөлек әңгіме. Тойда кейбір әйелдер отырып алып не бар, не жоғын түгендеп, бұрынғы барып жүрген тойлардың дастарқанымен салыстырып, кімдікі артық, кімдікі кем деген әңгімелер өрбітеді. Әсіресе, тойдан соң. «Тойға барсаң, тойып бар», «Тойдан тобықтай…» деген сөздер мағынасын жойды деуге болады. Дегенмен, дана халқымыз бекер айтпаған деп ойлаймын. Бұның негізі, той берудің оңай еместігін, тойдан сол отбасына пайда келуін ойлаған дер едім. «Той құдайдың қазынасы» дейтіні сондықтан болу керек.
Қазір көп отбасылар той беріп, қарыз болып жатады. Сонда ондай той кімге керек?! Әрине, оған кінәлі өзіміз, көрпеге қарап көсілмейміз, бір мәнісі болар деп, қарызға кіре береміз. Қазір заман басқа. Қазіргі Президентіміз елге теңдесі жоқ жақсылық жасады дер едім. Тұрмысы төмен отбасылардың қарызын кешірді. Мұндай жақсылық қайталанбайды. Себебі, есепсіз дүние жоқ. Мемлекет көтере бермейді. Енді ойлану керек дер едім қарапайым халыққа. Байлар, артық дүниені далаға шашпай, кедейлерге қарасса, жұмыс орындарын ашса, сауапты іс болар еді. Бірақ әркім өздері білетін заман болды.
Ендігі бірер сөз, тойдың уақытылы басталуы, аяқталуы туралы. Мен жақында Түркістанда тойда болдым. Той сағат 20.00-де басталды, 23.30-да аяқталды. Егер сағат 00.00-ден аса тойхана иесіне айыппұл салады екен. Өте дұрыс.
Ойланайық, құрметті ағайындар! Тойды уақытылы бастап, уақтысында аяқтайық. Бәріміз қолдайтындарыңызға толық сенеммін.
Тойда, аста-төкке жол бермей, зиянға батпай, есте қалатындай елге де, өзімізге де пайдалы етіп өткізуді ойланайық. Судың да сұрауы бар деген, ағайын! Тарихқа қарасаң, қазақтың көргені – қиыншылық болған. «Мың өліп, мың тірілген» деген бір сөзбен-ақ ата-бабаларымыздың бар өмірін көрсете білген. Алла сол кісілердің көрмегенін қызығын бізге бұйыртты. Осыны бағалайық,- деді Кәрібай Құрмашев.
Баяндамашыдан кейін жүргізуші модератор Мақұлбек Рысдәулет той мәселесі дегенде асабалардың сөйлеу мәдениеті туралы да айта кетті. Яғни, асабалардың кейде күлдіремін деп бүлдіріп жататыны. Ешқандай тәрбиелік мәні жоқ сөздері туралы айтты. Сондықтан осындай алқалы жиындарда асабалардың да басын қосып, дұрыс сөйлей білуге, мәдениеттілікке шақыру қажеттігін баса айтты.
«Қыз болашағы – ұлт болашағы» тақырыбында сөз Бауыржан Момышұлы ауылының Аналар алқасының төрайымы Жаңаш Серғазинаға берілді.
-«Қызды тәрбиелегенің – бір ұрпақты тәрбиелегенің» деген екен ата-бабамыз. Бұл сөздің астарында үлкен мән жатыр. Біз қыз баланы тәрбиелеуде ұлттық тәрбие, ұлттық педагогика негіздерінен алшақтап кеткенбіз. Атам заманнан келе жатқан салт-дәстүрдің қуанышы мол. Қызықтысы – ұлын ұяға, қызын қияға қондыру.
«Алып анадан туады» дегенді түптей түсінген халқымызда ананы ардақтау, сыйлау, оның ішінде жаңадан түскен жас келінді құрметтеу бұзылмас салт-дәстүрге айналған.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) «Кімнің үш қызы болып, оларға дұрыс тәрбие берсе, маңдай терімен тапқанына киіндіріп бақса, олар сол үшін тозақ отынан қалқан болады» деген. Бұл шын мәнінде қыз бала тәрбиесінің ата-анаға оңай түспейтіндігін дәлелдейді. Қыз баланың ары мен абыройы, сыры мен сымбатын сақтауы, келешек өміріне даярлығы әрқайсысы өз алдына дербес тақырып. Халқымызда «Бір ұл тәрбиелесең – бір әулетті тәрбиелгенің, бір қыз тәрбиелесең – бір әулетті тәрбиелегенің» деген дана сөз бар.
Қыздарымыздың асыл қасиеті, жандүниесі нәзік, адал махаббат иесі болғандығын, дәулетке, байлыққа қызықпағандықтарын жыр-дастандарымыздан білеміз. Қазақ қызы махаббат атты асыл сезімді ерекше қастерлеп аялаған. Сүйген адамымен қол ұстасып, бірге жүрсе, тіпті, қатықсыз көже ішсе де бақыттымын деп өміріне риза болған.
Халқымыздың бар жақсы ұлттық қасиеттерін – тілін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, дәстүрін баласына, немересіне, шөбересіне жеткізетін, дамытатын – ол әрине, әйел-ана, әже. Ырысты, ынтымақты ұйыстыратын да – әйел-ана. «Ағайын тату болса, ас көп, ағайын тату болса, ат көп» деген ұлағатты сөз де осыдан қалған.
Аналарымыз ақылды да арлы, қажымайтын қамқор, ерінбейтін еңбекшіл, саналы, сабырлы да салиқалы болмаса, біз бүгінгі күнге жете алар ма едік. Сондықтан қыз тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарағанымыз абзал. Болашақ ұрпақтың рухани несібесі – бүгінгі қыздарымыздың қолында,-деді Жаңаш Қуанышбекқызы.
Ақсақалдардың рөлі туралы аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков сөйледі.
-Біздің тіліміз – өте бай. Бүгін қаншама жақсы әңгімелер айтылды. Осында айтылған әңімелердің барлығы әрқайсысымыздың күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге, әрекетімізге әбден қатысты нәрсе.
Жалпы, адамның адам болып, тұлға болып қалыптасуы адамның өзінің ұшқан ұясынан алған тәлім тәрбиесіне, мәдениеттілігіне, ортасына байланысты. Себебі, адамның рухын, мәдениетін тәрбиелейтін ортасы.
Халқымыз ежелден үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, жақсылықты ерекше бағалаған халық.
Мәселе адамның жасында емес, мәселе адамның қалыптасуында, бай тәжірибесінде. Сондықтан кісілігі мол, өмір жолы, еңбек жолы өнеге ата-әжелерімізді үлгі тұтып, сол кісілердің жолын берсін дейміз.
Біз тек тірілерді ғана емес, әруақтарды да құрметтеген, ислам дініне бас ұрған халықпыз.
Біздің мемлекетіміздің бүгінгі идеологиясы – ұлттық құндылықты сақтау. Оның барлығы біздің дінімізде, имандылығымызда, дәстүрімізде тұр. Біз осы ізгі қасиеттерді күнделікті тіршілігімізде негізге алып, жаңғырта білуіміз керек.
Жаңашылдықтың өзі өздіген болмайды. Жаңашылдықтың да тамыры ескіден нәр алады. Жаңа бүгінгі қоғамда орын алып жатқан келеңсіздіктер, жастар арасындағы ажырасу туралы айтып жатырмыз. Мұның бәрі қайдан шығады? Бұл санамызды билеген пендешіліктен шығады. Сондықтан санамыз, рухани жан дүниеміз биік болса, пендешілікке бой алдырмаймыз.
Бүгінгідей ақпараттар ағынында жас ұрпақтың сана-сезіміне әсер ететін дүниелер көп. Сол себептен біз ұлттық құндылықтарымызға қатты мән беруіміз керек. Шетелге еліктемей, өзіміздің ерекшелігімізді, тектілігімізді сақтауымыз қажет.
Біз қарияны сыйлаған, сөзге тоқтаған халықпыз. Тарихымыздан білеміз, талай соғыстың өзі бір сөзбен шешімін тапқан. Сөздің қадір-қасиеті көп нәрсені шешеді.
Ақсақалдар алқасы деген бізде кеңес дәуірінен бар.
Жалпы, ақсақалдар алқасы деген біздің халқымыздың табиғатына өте жақын. Бүгінгі ақсақалдар алқасы жақсы қасиеттерді дәріптеп, жас ұрпақ тәрбиесімен айналысса деген тілек бар,- деді Ерғали Өтемісұлы.
Форумды аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы қорытындылады.
Ұлт бойындағы рухани құндылықтарды жаңғырту мақсатындағы бүгінгі форум барысында түйіткілді мәселелер, ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрыптың уақыт ағымымен өзгеруі, ысырапшылдық пен даңғазалыққа жол бермеу, жастар тәрбиесінің өзектілігі туралы ауданымыздың ақсақалдары мен ел ағалары, білімді әрі парасатты азаматтары сөз сөйлеп, жақсы ойларымен бөлісті.
Тақырыбының өзі-ақ айтып тұрғандай тағылымға толы форумның негізгі идеясы – уақыт талабы. Өйткені қоғамның, ұлттың дамуына кедергі келтірер кертартпа дағдылар мен әдеттер белең алған бүгінгідей шақта елдігімізді елеткізіп, бірлігімізді білдіруіміз қажет.
Бұл Форум «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ағымдағы жылдың 21 қыркүйегінде Жамбыл облысының құрылғанына 80 жыл толуына орай өткізілген ауқымды шара және сол облыстық форумда аталған шараның аудандарда жалғасын табуы бастама болып, бүгін сол бастама біздің ауданда қолдау тапты.
Форум барысында облыс тұрғындарына арналған Үндеу қабылданып, барлық Бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде кеңінен таралды. Үндеуден туындайтын міндеттер бір күндік шара ғана емес, ел болып жүзеге асыратын үлкен мәні бар құжат десек те болады.
Сондықтан облыс тұрғындарын бірлік пен ынтымаққа, сабырлылық пен қанағатшылыққа, берекелі өмір сүруге шақырған Үндеу аудан тұрғындары тарапынан қолдау табады және бірлесе жүзеге асырамыз деп білемін.
Бүгінгі аудандық форумнан қатысушылар үлкен тағылым алып, Отанға деген сүйіспеншілігіміз одан әрі артып, ұлт бойындағы рухани құндылықтарды жаңғырта береміз деп сенемін.
Мұндай маңызды шаралар өскелең ұрпақ үшін де алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады.

Құрметті форумға қатысушылар!
Формуда елдің болашағы үшін маңызды баяндамалар жасап, ой бөліскен спикерлерге және жүргізуші модераторға Сіздердің аттарыңыздан алғыс білдіремін.
Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, мемлекетіміздің мерейі үстем, еліміздің болашағы баянды болсын,- деді іаймақ басшысы.
Иә, форумда айтылған тағылымыды әңгімелер іс жүзінде жүзеге асуына барлығымыз біркісідей атсалысайық, ағайын!

Перизат Шымыртайқызы.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close