Basty bet
Бас жүлде және Стамбулға жолдама
Би – жанның ырғағы, әдемілік айғағы. Қазақтың би өнері ерте заманнан қалыптасқан, халқымыздың аса бай ауыз әдебиетімен, ән-күйлерімен, дәстүрлі тұрмыс салтымен біте қайнасып келе жатқан ел мұрасы болып табылады.
Қазақ халқы ежелгі би өнерінің дәстүрі мен өрнегін сақтап, өзінің рухани қазыналарымен ұштастыра отырып, ғасырлар бойы дамытқан. Қазақ биі халықтың тыныс-тіршілігін, адамның табиғатқа көзқарасын, дүниетанымын айшықтайтын өнер ретінде өркендеуде.
Өткен аптада Шымкент қаласындағы Жастар ресурстық орталығында “Altynarai” Халықаралық хореографиялық байқауы өтті.
Аталған байқауға Түркістан, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласынан, аудан, ауылдарынан 43 би тобы қатысып, бақ сынады.
Бұл байқауға аудан абыройын арқалап саналуан сайыстарда бақ сынап, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда өнер көрсетіп жүрген өнерпаздарымыз, аудандық №1 Балалар өнер мектебінің «Хореография» класы оқушыларынан құралған «Кербез» би ансамблінің «Өрнектер» қазақ биі қатысты.
Кілең мықтылар бас қосқан байқауда қазақ биімен көпшіліктің көңілінен шығып, қазылардың жоғары бағасын алған жас өрендер би сайысының Бас жүлдесін иеленді. Мың бұралған бишілер Түркияның Стамбул қаласына жолдама алды.
«Өнер талантты өсіреді» дейді дана халқымыз. «Кербез» би ансамблінің жетекшісі, хореограф Айсұлу Қалмағамбетованың бишілері бүгінде жарқын жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Жас өнерпаздарға Стамбулда өтетін жарыста сәттілік тілейміз!
Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»