Basty bet

«Баршаңызды бала тілмен баурайтын, бала деген бір бақыт қой самғайтын»

№1 Өнер мектебінде бүгінде 1500-ге жуық бала өнердің түрлі саласы бойынша білім алып, өнер үйренуде. Аталған өнер мектебінен көптеген талантты, дарынды шәкірттер білім алып, бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде.
«Өнерлімен дос болсаң қызықтырар, еріншекпен дос болсаң бұзып тынар» демекші, өнерлі баланың айналасына, қоғамға берер өнегесі зор.

Кеше аудандық мәдениет үйінде Балалар жылына орай аудан орталығындағы №1 Балалар өнер мектебінің «Баршаңызды бала тілмен баурайтын, бала деген бір бақыт қой самғайтын» атты шығармашылық кеші өтті.
Мерекелік шараны өнер шаңырағының өнерлі шәкірттері Аружан мен Асылай және Мерей жүргізді.
Балалар өнер мектебінің есеп беру шығармашылық кеші биші қыздардың биімен басталды.
Ұстаздар фольклорлық ансамблінің орындауындағы «Адай», «Кербез сұлу» күйлерінен кейін кезек өнерлі балаларға берілді.
«Тұмар», «Кербез» би тобының бишілері «Шаттық», «Көктем», Рухты ару», «Өзбек» биі, тағы да басқа билерді билесе, домбырашылар «Тепеңкөк», Ерке сылқым», «Би» күйін тартты. Қуатбек Ділназ «Бақыт деген» әнін шырқады.
Абай Құнанбаевтың жыл мезгілдері туралы өлеңдеріне қойылған композициялық қойылым да ерекше шықты.
«Балдәурен» әні, «Жұлдыздар» тобының «Dance monkey» әні, вокалды инструменталды ансамбльдің сүймелдеуіндегі «Позвони мне позвони» әні де көрерменді тәнті етті.
Өнер мектебінің шәкірттері бірінен бірі өткен жұлдыздар. Бірі домбыра, гитара тартса, бірі фортепианода ойнайды. Бірі ән айтса, бірі би билейді. Сахнада өздерін еркін сезінген өнер шаңырағының шәкірттерінің өнерінде еш мін жоқ.
Шара барысында ауданық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, құттықтау сөз сөйлеп, балаларды мерекелерімен құттықтады. Анар Садыққызы өнер мектебінің жетістіктеріне тоқталып, еңбек ұжымына аудан әкімінің атынан алғысын білдірді.
Сонымен бірге, облыс әкімдігі білім бөлімі жанындағы мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылығы орталығының басшысы Балдай Ертуғанова өнер ұжымына шығармашылық табыс тілеп, Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени орталығының Көркемсурет галерея ғимаратында өткен №1 Балалар өнер мектебінің қолөнер шеберлері мен көркемсуретшілерінің шығармашылық жұмыстарына арналған көрмені жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін облыстық білім басқармасы басшысының Алғысхатымен мектеп директоры Қанат Мұратаевтан бастап, бірқатар ұстаздарды марапаттады.
Сондай-ақ, аудандық білім беру қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитетінің төрайымы Гүлнұр Қадырбек аудандық білім бөлімі мен кәсіподақтың Алғысхатымен және бағалы сыйлықтармен өнер мектебінің ұстаздарын марапаттады.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close