Basty bet

Өлкетану жолындағы өнегелі өмір

ардагер ұстаз, өлкетанушы Дәулетжан Байдалиевтың 75 жылдығы атап өтілді

Жуалы – батырлар мен генералдар туып-өскен қасиетті өлке екені қалың жұртшылыққа белгілі. Осынау киелі өлкеден қалам ұстаған ақын-жазушылар, есімі елге белгілі ұстаздар, өнер мен спорт қайраткерлерінің де көптеп шыққанын жақсы білеміз. Жуалылық ақын-жазушылар шоғырының ішінде ақын, өлкетанушы Дәулетжан Байдалиевтың де есімі құрметпен аталады. Дәулетжан Жамалбекұлы – саналы ғұмырын кәсіптік-техникалық білім беру ісіне, кейіннен аудан орталығындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда мұғалім болып еңбек етіп ұстаздыққа арнаған ізденімпаз жан. Қасиетті Жуалы өлкесінде туған азаматтың ақындық жолға түсіп, өлкетану ісіне қосқан мол үлесін айта кеткен артық болмас. Ұзақ жыл ұстаздықтан зейнет демалысына шықса да қазір өлкетану ісімен тұрақты айналысып келеді.
Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнап, ұстаздық жолда жарты ғасырдан астам уақыт еңбек етіп, білім беру саласында аянбай тер төккен ұлағатты ұстаз, ақын, өлкетанушы, Жуалы ауданының Құрметті азаматы – Дәулетжан Байдалиев биыл мерейлі 75 жасқа толып отыр.
Республика күні мерекесінің қарсаңында ауданның білім беру, өлкетану салаларына саналы ғұмырын арнаған ардагер ұстаз, үздік өлкетанушы, кәсіптік-техникалық білім беру ісінің озық қызметкері – Дәулетжан Жамалбекұлының 75 жасқа толуына орай сәрсенбі күні «Достық» мәдениет үйінде «Өлкетану жолындағы өнегелі өмір» аталатын мерейтойлық рухани кеш өтіп, оған аудан ардагерлері, мектеп оқушылары және өнерсүйер қауым шақырылды. Шараның басталуында ақынның өмір жолынан шағын бейнесюжет көрсетілді.
Мерейтой иесін ең алдымен аудан әкімінің орынбасары Айдос Асабаев құттықтап, Дәулетжан Жамалбекұлына аудан әкімі Жалғас Мұртазаның Құттықтау хатын табыстап, қазақы салтпен иығына шапан жауып, сый-сияпат жасады.
«Құрметті Дәулетжан Жамалбекұлы! 75 жас мерейтойыңыз құтты болсын! Сіз білім саласында ұзақ жыл абыройлы еңбек етіп, «Қазақстан Республикасының кәсіптік-техникалық білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталдыңыз.
Бүгінде тарихы терең Жуалы өңірінің ежелгі тарихы мен өткенін зерттеп, өлкетану саласына сүбелі үлес қосып келесіз. Аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері ретінде төрт мыңға жуық жәдігерді, Жуалы ауданының құрылу тарихынан бастап, өңірден шыққан өнер адамдары, Еңбек Ерлері мен соғыс ардагерлері туралы толыққанды мәліметтер жинауда аянбай қызмет етіп келесіз.
Сіздің аудан тарихына қатысты жазған кітаптарыңыз және мерзімді басылым беттерінде жарияланған өлең-жырларыңыз болашақ ұрпақтың бойына Отансүйгіштік қасиетті сіңіріп, туған жерді сүюге тәрбиелеуге бағытталған әрі жас ұрпақ мәңгі жадында сақтайтын құнды мұралар.
Сіздің қоғамда алып отырған мәртебеңіз бен абыройыңыз қай салада болсын, ел мен жерге адал қызмет еткендердің еңбегі ескерусіз қалмайтынын дәлелдеп отыр. Батыр Бауыржан туған, «генералдар өлкесі» атанған Жуалы жұртшылығы Сізді Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын, білгір тарихшы, білікті өлкетанушы ретінде танып, мақтан тұтады. Сіздің туған өлкеңіз үшін жасап келе жатқан игі істеріңіз жас ұрпаққа үлгі.
Өңірдің тарихы мен өткенін насихаттау жолындағы еңбегіңіз еселене берсін. Деніңізге саулық, отбасына амандық, сәттілік пен абырой тілеймін!» делінген аудан әкімінің Құттықтау хатында.
Мерейтойлық іс-шара барысында Дәулетжан Байдалиевтың үлкен ұлы, бүгінде Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқытушы-профессор болып қызмет ететін Дархан Байдалиев құттықтау сөз сөйлеп, әкесінің білім мен ғылымдағы соқпақты жолы туралы әңгімелесе, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ерғали Тілеубеков Дәулетжан Жамалбекұлының өлкетану ісіне және тарихи-өлкетану музейінің жабдықталуына қосқан мол үлесін аудан жұртшылығы жоғары бағалайтынын жеткізді. Сонымен бірге, мерейтой иесіне танымал ұстаз, ғалым, Астана қаласындағы Назарбаев университетінің профессоры Гүлтас Сайынқызы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессоры, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Біржан Хасанғалиев ізгі тілегін бейнеқұттықтау арқылы жолдады.
Рухани кештің барысында аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы қызметкерлерінің орындауында «Арманнан туған жол» қойылымы көрсетіліп, ақын Дәулетжан Жамалбекұлының сөзіне жазылған «Туған жер туралы толғау», «Жұлдызы биік Жуалы», т.б. рухты әндер орындалып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Қасиетті қара өлеңді жанына серік етіп, сурет салумен және өлке тарихын зерттеумен тұрақты шұғылданатын ақын, ардагер ұстаз Дәулетжан Байдалиевтың қаламынан «Күзгі шуақ» жыр жинағы және «Ұстаз ғибраты» кітабы, сонымен қатар, «Жуалы жер-су атауларының этимологиясы» және «Жуалы – батырлар өлкесі» тарихи-танымдық жинақ кітаптары жазылып, баспадан жарық көрген.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close