Basty bet
Ұлттық деңгейдегі ауқымды жобаға – екі жыл!
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдың 12 сәуірінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалақ мақаласын жариялап, онда қоғамдық сананы жаңғыртудың нақты бағыттарын айқындап берген еді. Өткен екі жыл ішінде әлемде және елімізде үлкен өзгерістер болды. Тәуелсіз Қазақстанда техникалық, технологиялық, әлеуметтік-экономикалық, ақпараттық жаңғырулармен қатар ел руханиятының маңызды және өзекті мәселелеріне барынша көңіл бөлінуде. Бағдарлама бағыттары айқындала түсті, бұл жаңғыруға қазақстандық қоғам қолдау көрсетті. Рухани жаңғыру, бұл – ұлттық деңгейдегі ауқымды жоба.
Елбасы мақалада болашақ қазақстандықтың болмысын айқындап, қандай болуы қажеттігін атап өтті.
«Біріншіден, ол – әлемдік бәсекеге қабілетті жасампаз тұлға. Екіншіден, алдына нақты мақсаттар қойып, соған ұмтылатын прагматик әрі реалист. Үшіншіден, ұлттық бірегейлікті нығайтып, ұлттың дамуын тежейтін барлық нәрселерден бас тартатын адам. Төртіншіден, білімнің салтанат құруын ең маңызды іс санайтын, жаһандық білімнің шыңына шыққан жан. Бесіншіден, тек эволюциялық даму ғана халқының өсіп-өркендеуіне мүмкіндік беретінін жақсы түсінетін саналы азамат. Алтыншыдан, ол – түрлі тілдерді меңгерген, әлемнің үздік тәжірибелерін алуға және заман талаптарына сай өзгеруге қабілетті, сана-сезімі ашық адам»,- деді Елбасы.
Кез келген көзі ашық, көкірегі ояу жанды «Екі жылдың ішінде қандай маңызды нәрселер жасадық және алдымызда алынатын қандай асулар күтіп тұр?» деген сұрақтар алаңдатады деп ойлаймын. Осы істі алға бастыруда зиялы қауымның, әртүрлі кәсіби салалардың білікті мамандарының белсенділігі шешуші рөл атқарады.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы кездейсоқ пайда болған жоқ. Бұған дейін «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында» атты кешенді мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асты. Енді тарихи кезең қазақстандық қоғамның алдына одан да еңселі міндеттерді жүктеп отыр.
Қазіргі таңда дінімізге, ділімізге, тілімізге қарамай рухани бірлігіміз жарасқан Біртұтас Ұлт болуымыз – қажеттілік. Осы біртұтастық қағидасы елімізді бүтіндей қамтитын барлық саладағы рухани жаңғыруымызға мықты іргетас болады.
Бағдарламалық мақалада айтылған үлкен міндеттердің бірі – қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесі. Соңғы екі жыл ішінде елімізде қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшірудің біршама қадамдары жасалынды.
Екі жыл ішінде қомақты жұмыстар жасалынып жатқан бағыттардың тағы бірі – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының жүзеге асырыла бастауы. Қазіргі кезеңде мемлекеттік тілге аударылуға тиісті деп жоспарланып отырған 100 таңдаулы әлемдік деңгейдегі оқулықтың 18-і толықтай тәржімаланып үлгерді. Бұл оқулықтардың жоғары оқу орындарында пайлаланудың негізгі мақсаты – халықаралық деңгейдегі білім ошақтары туындыларының озық үлгілерінен тәлім алу, үйрену. «Өнерді үйрен де, жирен» деп халқымыз бекер айтпаған. Басқалардан үйрене отырып өзіміздің сара жолымызды тапқанға не жетсін.
Өзінің туған елін, туған жерін, атамекенін қадірлемеген адам айдалада желмен дөңгелеген қаңбақ іспетті, шынайы өмірдің мәнін түсінбейді. Гуманитарлық салада қолданылатын «Әрекеттік патриотизм» деген ұғым бар. Демек, туған жерге деген қатынас жай ғана құрғақ сөз емес, нағыз іңкәр сезімнен туындаған зерделі тәжірибелік әрекет болуға тиіс. Әрбір саналы азамат өзінің туған жеріне арнап кемінде бірнеше игілікті іс жасағаны абзал. Әрине, ол жасаған азды-көпті істерін бұлдап, халықтың көзінше мақтану үшін жасаса, онда оның ешқандай мәні де мағынасы да болмайды. Өкінішіке орай, бізде рухани саяз, істеген жақсылығын мақтану, газет бетіне жариялау үшін жасайтындар аз емес. Мұндай келте түсініктен арылатын кез әлдеқашан келген. Халқымызда «Қайырымды істер риясыздықты қажет етеді» деген қанатты сөздер де бар.
Мақалада «Туған жер» бағдарламасын жүйелі жүзеге асыру үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» деген жобалардың жүзеге асуы өте орынды. Тарихшылар мен мәдениеттанушылар еліміздің ұлан-ғайыр аумағындағы барлық қастерлі деген жерлеріміз бен тарихи ескерткіштерімізді түгелдей саралап, жүйелеп, ұрпаққа ұсынудың әрекеттерін жасауда. Патриотизмнің көрінісі осындай нақты қадамдардан бастау алады әрі жастардың санасын жаңа сападағы деңгейге көтереді.
Мақалада аталған жобалардың бірі – «Қазақстандағы 100 жаңа есім». Елімізде өзінің еңбегімен, дарынымен, қарапайымдылығымен, өнерімен, білімімен қатарынан озып шыққан, өзгелерге үлгі боларлық замандастарымыз көп. Олардың көпшілігін кейде халық біле бермейді. Шын мәнінде кез келген қоғамның ғимаратының қабырғасы болып отырған осы белсенділігі мол жасампаз жандар. Олардың шынайы әрекеті мен шығармашылық белсенділігі қоғамды алға сүйрейді. Қоғамымызды алға тартуға талпынған азаматтарымызды біліп, өзгелерге үлгі тұту – игі бастама.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының ауданымызда жүзеге асыру барысына келсек, екі жыл ішінде жас ұрпаққа берері мол көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды.
Жалпы ауданда бағдарлама жарияланған соң көп ұзамай аудан әкімдігінің білім бөлімінен аудандық «Рухани жаңғыру» офисі ашылған болатын. Офис жұмысына аудан әкімінің орынбасары Ербол Жаңабаев жетекшілік етеді.
Ауқымды іс-шаралар «Рухани қазына», «Атамекен», «Білім және тәрбие» кіші бағдарламалары бойынша жүзеге асты. Атап айтсам, «Кітап – рухани қазына» атты байқау, «Менің өлкеме саяхат» киелі және тарихи өңірлерге саяхат, аудандық өлкетану мұражайының ашылуы, «Қымызмұрындық» және «Құлагер» сәйгүліктер фестивалі, Теріс ауылында белгілі болған Баркуаб қалашығында қазба жұмыстарының жүргізілуі, т.б. Ал, үстіміздегі жылы «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы бойынша өлкетану мұражайынан тарихи-өлкетану қозғалысын құру, Шерхан Мұртазаның шығармашылығына арналған конференция өткізу және Халық жазушысының «Қызыл жебе» романы желісінде қысқа метражды фильм түсіру, «Қызғалдақтар», «Құлагер» сәйгүліктер фестивалін ұйымдастыру, аударыспақ спортынан ашық біріншілік, «Алтын сақа» турнирін өткізу жоспарлануда. Аталған шаралар қазақи салт-дәстүрлерімізді, мәдениетіміз бен рухани құндылықтарымызды жас ұрпақтың бойына сіңіруде тигізер пайдасы зор. Яғни, мейірім, шапағат, жарасым, төзім, парасат, ізет, бақыт туралы арман-аңсар осындай мәдениет пен өнерде, салт-дәстүрде түрліше көрініс табады.
Елбасы мақаласындағы: «Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді» деген қатал қағида өте әділ. Себебі, дәл қазір қазақтың түбегейлі өзгеретін, ойын, жансарайын жаңғыртатын шағы. Сана – адам қоғамында ең жоғары тұратын сезім.
Рухани жаңғырудың дүниетанымдық маңызына тоқталсақ, онда жауапкершілік мәселесін айналып өтуге болмайды. Еліміздегі әрбір азаматымыздың өзіне қойған жоғары талабы, кәсіби біліктілігі мен жаңашылдыққа бейімдігі маңызды. Сондықтан «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Бірліктің арқасында өркениетті қоғамды қалыптастыра беру бәрінен де қымбат.
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»