Basty bet

«Мәселенің бәрін бір жылда шешіп тастай алмаймыз»

Өткен аптаның жұма күні аудан әкімі Нарбай Ергебеков жұмыс алгоритмі бойынша жұмыс сапарымен Қарасаз ауылдық округіне барған болатын. Нарбай Әбілқасымұлы ең алдымен ауылдық округке қарасты Ақбастау ауылындағы ауыз су жүйесінің құрылысымен танысып, тұрғындардың өтініш-тілектеріне назар аударды.

Биылғы жылы ауданда барлығы 15 ауылға ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізіліп жатқаны белгілі. Соның ішінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы негізінде Қарасаз ауылдық округінде Ақбастау және Жұрымбай ауылдарына жаңадан ауыз су құбырлары тартылу үстінде. Атап айтсақ, өткен жылы округтің орталығы Қарасаз ауылында ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізілген болатын.
Сонымен ауыл тұрғындары көптен күткен ауыз су жүйесінің құрылысын «Байсын-А» ЖШС жүргізуде. Серіктестік басшыларының айтуынша, биылғы жылы 136 аулаға таза ауыз су жеткізілмек.
Ақбастау ауылының тұрғындары аудан әкімі Нарбай Ергебековпен кездесу барысында ауылға ауыз су құрылысын жүргізіп жатқан мердігер компанияның жұмысына көңілдері толмайтындықтарын ашық жеткізді. Ауыл тұрғыны, еңбек ардагері Әбдікерім Сейдалиев: «Биылғы жылы ауылымызға ауыз судың құрылысы басталады деген жағымды хабарды естігенде бәріміздің қуанғанымыз рас. Жұмыс басталды. Жұмыстың басталғанына бір айдан асса да ешқандай нәтиже жоқ. Мердігер компанияның жұмысшылары су құбырларын тарту үшін көшелердің бәрін бей-берекет қазып тастады. Кей тұстарда шұңқырлар әлі ашық жатыр. Осының салдарынан ауылымыз шаң-тозаңға толып кетті. Бұл тұрғындарға, төрт түлікке қауіп төндіруде. Қалай дегенде де жұмыстарды өз міндетіне алған компания басшылығы жұмысын сапалы атқаруы керек емес пе? Біз осыған қынжылып отырмыз» дейді.
Айтса айтқандай-ақ, ауыл көшелерінің қазылып жатқанына біраз уақыт болған екен. Карантин жағдайына байланысты болуы керек, ауылда ауыз су жүйесінің құрылысы баяу жүруде. Жұмыс күшінен де тапшылық байқалып отырған көрінеді. Туындап отырған мәселеге байланысты тұрғындардың өтінішін тыңдап болған соң аудан басшысы әңгімеге өзі араласты.
-Биылғы жылы ауданда 15 ауылда ауыз су жүйесінің құрылысы жүріп жатқаны бәріңізге белгілі. Бұл әрине, аудан тұрғындары үшін қуантарлық жағдай. Кейбір ауылдың тұрғындары тәуелсіздік алған жылдардан бері таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Осы уақытқа дейін мүлдем ауыз су жүйесі тартылмаған ауылдар да бар. Бұл олқылықтың орны биылғы жылы толғалы тұр. Мәселенің бәрін бір жылда шешіп тастаймыз десек, әсте өтірік болар. Қалай болғанда да талай жылдардан бері қордаланған мәселелер кезең-кезеңімен шешілу үстінде.
Қазір ел аумағында таралып жатқан қауіпті індетке байланысты ауданда құрылысы жүріп жатқан бірқатар нысандарда жұмыстың баяулығы байқалып отыр. Мұндай жағдай Ақбастау ауылында да орын алуда. Дәл осы ауыз су бойынша бірнеше ауылдағы құрылыс жұмыстарын «Байсын-А» ЖШС тендерден ұтып алған. Мен бір компанияның бірнеше ауылдардың жұмысын тендерден ұтып алғанына мүлдем қарсымын. Ақбастаудағы ауыз су жүйесінің құрылысын жүргізуге міндеттенген компания жұмысқа жауапкершілікпен қарап отырған жоқ. Судың келуін тұрғындар асыға күтіп отыр. Ал компанияның жұмысы – мынау. Қандай тірлік болсын, сапалы атқарылуы керек. Әсіресе, тұрғындардың игілігіне берілетін нысандардағы жұмыстарға жауапты қарау керек. Осыған аса жауаптылықпен қарағандарыңыз абзал. Жұмыс кемшіліксіз болмайды. Осындай олқылықтарды ауыл тұрғындары да дер кезінде байқап, құзырлы орындарға хабарлаулары керек. Сонда ғана жұмыс сапалы атқарылады. Құрылыстың кепілдік мерзімі бес жыл. Жұмыс сапалы атқарылмады ма, мердігер компания осы уақыт аралығында кемшіліктерді жоюға міндетті. Қалай дегенде де, мердігердің жауапкершілігін арттыруымыз қажет,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Осылай деген аудан басшысы «Байсын-А» ЖШС-ның аймақтық директоры Мақсат Маметовке ауыз су құрылының жұмысын тұрғындармен ақылдаса отырып сапалы әрі дер кезінде атқаруды тапсырды.
Айта кету керек, кездесу барысында ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді, өтініш-тілектерін де жеткізді. Көтерілген мәселелерге тоқталсақ, тұрғындар көше жарықтандыру, ауыз су құрылысынан кейін бүлінген көше жолдарын қайта қалпына келтіру, интернет жүйесінің қолжетімділігін, мүмкіндік болса, «Транстелеком» жүйесін орнату мәселесін көтерді. Сонымен қатар, ауылдағы өнегелі істер де тілге тиек етілді.
-Ауылдық округтің әкімшілігі тарапынан бұған дейін де ауылымызда бірқатар жұмыстар жасалып жатыр. Биыл міне, қазынадан қыруар қаржы бөлініп, ауыз су құбыры тартылуда. Су құбырларын тарту үшін көшенің шетін қазған мезетте уақытша қолайсыздықтар болғаны рас. Қазір жағдай біртіндеп ретке келтірілуде. Тағы бір айтайын дегеніміз, ауыл ақсақалдарымен, тұрғындармен ақылдаса келе қаржы шығарысып, оған тоғыз бас қой сатып алдық. Тұрмыс жағдайлары төмен жалғызбасты кісілерге жылқы етін шикідей таратпақ ниеттеміз. Асарлатып үй салуды да қолға алғалы жатырмыз. Міне, ынтымағы жарасқан Ақбастау ауылында осындай тірліктер атқарылуда,- деді ауыл ағасы Асан Борашев.
Аудан әкімі Н.Ергебеков келесі кезекте Б.Майлин атындағы орта мектепке барып, оқу ошағының жаңа оқу жылына дайындық барысын көрді. Мектеп директоры Сәтбай Жайықбаевқа оқу бөлмелерін әктеу-сырлау жұмыстарын сапалы атқаруды тапсырды.
Аудан басшысы Қарасаз ауылдық округіне жұмыс сапары барысында округке қарасты Жұрымбай ауылында да болды. Мұнда да Нарбай Әбілқасымұлына ауыз су жүйесінің құрылысы, ауыл сыртынан түсетін екі көшенің сызбасы таныстырылды. Мердігер компанияның өкілдерінің айтуынша, қазір мұнда су жүргізу үшін есептеу жұмыстары жүргізілуде.
Аудан әкімі Нарбай Ергебеков округтің орталығында болғанда осындағы №6 А.Пушкин атындағы орта мектептің оқу бөлмелерін аралап көріп, жылыту қазандығының жай-күйімен танысты. Жаңа оқу жылына дайындық барысына, мектеп ауласының абаттандырылуына оң бағасын берді.
Айта кету керек, жұмыс алгоритмі барысында аудан басшысы назар аударған мәселелер бойынша ауылдық округтің әкімі Бауыржан Тойшыбеков тиісті жауабын берді.

нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Close