Basty bet
Сақтық шараларын дұрыс ұстанайық!
Коронавирус індетіне байланысты ауданымыздағы бүгінгі таңдағы ахуал жайлы білу мақсатында аудандық аурухананың медициналық көмек сапасын тексеру және ішкі аудит бөлімінің басшысы Қалды Байрамов және эпидемиолог дәрігер Еркежан Әміровамен әңгімелескен едік.
-Коронавирус індетімен біздің ауданда жалпы осы уақытқа дейін қанша адам тіркелді?
-Коронавирус індеті бойынша ауданымызда бүгінгі күнге, яғни, 5 тамызға 120 науқас тіркелді.
-Бүгінгі таңда аудандағы ахуал қалай? Яғни, індетпен ауырғандар саны азайды ма? Ауырғандарға қалай көмек көрсетілуде? (Оларға дәрігер үйіне барып кеңес бере ме, әлде онлайн көмек көрсетіледі ме? Дәрі-дәрмек мәселесі қалай, оларға тегін дәрі-дәрмек беріле ме, әлде сатып алады ма? Қандай жағдайда ауруханаға жатқызылуда?)
-Атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде аудандағы жағдай тұрақталды.
Індетпен ауырған 120 науқастың 88 –і ауруханадан жазылып шықты.
Денсаулық сақтау министрі А.Цойдың 2020 жылғы 16 шілдегі №444 «СОVID-19 күдігі бар және онымен ауырған науқастарды бақылауды ұйымдастыру туралы» бұйрығына сәйкес аудандық Медициналық санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымында 11 мобильді бригада ұйымдастырылды. Мобильді топтың құрамы дәрігерден және учаскелік медбикеден тұрады. Мобильді топтың жұмысы таңғы 08:00-ден кешкі 18:00-ге дейін. Кешкі 18:00-ден кейін жіті респираторлық аурулары бар және СОVID-19 күдігі бар немесе ауыратын пациенттердің қоңырауларына үйден қызмет көрсету, үйде оқшауланған пациенттерді амбулаториялық бақылауды МСАК жанындағы жедел медициналық жәрдем (шақырулардың 4 санаты), жедел медициналық жәрдем (шақырулардың 1-3 санаты) жүзеге асырады.
Мобильді топтың негізгі функциялары: жіті респираторлық ауру белгілері бар және СОVID-19 күдігі бар немесе ауыратын пациенттердің бірінші жүгінуі кезінде үйіне бару арқылы қоңырауларға қызмет көрсету. Дәрігер барып науқастың жағдайын бұйрықтағы алгоритмдерге сәйкес бағалайды. Науқастың денсаулығы жеңіл түрде болса, амбулаторлық жағдайда ем тағайындайды, егер науқастың жағдайы орта немесе ауыр болса жедел жәрдем шақыртылып, ауруханаға жатқызылады.
-Пандемияның жаңа толқыны күзде пайда болуы мүмкін. Сондықтан оған дайын болуымыз керек деген әңгіме үкімет тарапынан жиі айтылуда. Осыған байланысты аудандық аурухана тарапынан дайындық қалай жүруде? (яғни, төсек-орын саны, тыныс алу аппаратты, дәрі-дәрмектер жеткілікті ме? т.б).
-Ауруханада дәрі-дәрмектің қоры жеткілікті. Амбулаторлық деңгейде ем алатын науқастарға ҚР ДСМ 2017 жылғы 29 тамыздағы №666 бұйрығымен (Нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №15721 болып тіркелген) бекітілген тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде, дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілуге, оның ішінде белгілі бір аурулары бар (жай күйлері) бар азаматтардың жекелеген санаттарын, амбулаториялық деңгейде тегін және (немесе) жеңілдікпен берілетін дәрілік заттармен және медициналық бұйымдардың тізбесіне сәйкес ауруханадан тыс пневмониясы, созылмалы аурулары бар пациенттерге дәрілік заттар беріледі.
Әлемдік және республикалық деңгейдегі эпидемиолог дәрігерлердің пайымдауынша, коронавирустық инфекцияның жаңа толқыны күз айларында қайталануы мүмкін. Сол себепті аудандық орталық аурухана тарапынан дайындық жүргізілуде. Атап айтатын болсақ, аудандық жұқпалы аурулар бөлімі 30 төсектік провизорлық стационар болып қайта жасақталды. Қосымша 30 төсек орын ашу жоспарлануда. Провизорлық стационардың барлық палаталарына оттегімен қамтамасыз ету жүйесі орнатылды.
Жіті респираторлық аурулары бар және СОVID-19 күдігі бар немесе ауыратын пациенттерді емдеуге арналған дәрілік заттардың таусылмас қоры қосымша алынуда.
Жансақтау бөлімінде 3 өкпені жасанды желдету аппаратына қосымша тағы 3 аппарат алынуда.
9 оттегі концентраторына қосымша 10 оттегі концентраторы тапсырыс берілді.
9 оттегі баллонын 55-ке дейін көбейтілді және күнделікті босаған баллондар дер кезінде толтырылып қойылуда.
Медицина қызметкерлерінің жеке қорғанысына арналған құралдардың барлығы аурухана және демеушілердің таратыпынан таусылмас қорлары әзірленді. Олар: Бірреттік және көпреттік қорғаныс костюмдер, респираторлар, бірреттік бетперделер, бірреттік қолғаптар, бет қорғаныстары және т.б.
Ауруханада санитариялық дезинфекциялық жағдайдың күшейтілуіне байланысты дезинфекциялық заттар қоры жеткілікті мөлшерде алынды.
-Ауруды жеңу үшін ең бірінші иммунитетіміз күшті болуы керек. Бүгінде барлық бұқаралық ақпарат құралдарынан дәрігерлер иммунитетті қалай көтеруге болатындығы жөнінде жан-жақты кеңес беруде.
Аудандық газет арқылы Сіздер де дәрігер ретінде аудан тұрғындарына қандай кеңес берер едіңіздер?
-«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші барынша ауырмаудың жолын іздеуіміз керек.
Коронавирус инфекциясын жұқтырмаудың жолдары өте оңай. Тек сол карантиндік және сақтық шараларын дұрыс ұстанса, азаматтарымыздың ауырмау мүмкіндігі жоғары.
Жалпы иммунитетті көтеру үшін дұрыс ұйықтау, құнарлы тамақтану және саламатты өмір салтын ұстануымыз қажет.
-Рақмет! Еңбектеріңізге табыс тілейміз! Әр отбасына амандық, тек қуаныш тілейміз!
Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»