Basty bet

Арналы Ақсайдың арқыраған суы

ауылдардағы бау-бақшаның тіршілік нәріне айналады

Кеңес Одағы заманында жапсарлас жатқан Ақсай, Мыңбұлақ ауылдық округтері мен аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылындағы бау-бақшалар Ақсай шатқалынан тікелей тартылған су арнасымен келетін ағын сумен суландырылатын. Ақсайдың арқыраған суы мол болғаны сондай, тіптен іргедегі Қарасаз ауылына дейін жетіп жататын. Тұрғындар үй іргесіндегі жерге бақша дақылдарын егіп, одан отбасының қыстай тұтынатын азығын жинап алатын. Одақ тарағаннан кейін бұл суландыру жүйесі қараусыз қалып, жарамсыз күйге келді.

Тұрғындар талай жиындарда көтеріп келе жатқан осы өзекті мәселенің шешімін мемлекет биыл ұсынып отыр. Аудандағы Ақсай суландыру жүйесін қалпына келтіру жобасы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына енгізіліп, мемлекет қазынасынан 85 миллион теңге қаражат бөлінді.
Жобаның тапсырыс берушісі аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі болса, мердігері болып аталған бөлімге қарасты «Жуалы су» мекемесі таңдалып отыр.
«Жуалы су» мекемесінің бастығы Қуанышбек Болысбаевтың айтуынша, кәсіпорын елді мекендерге ауыз су жеткізіп берумен, ондағы су құбырына және кәріз жүйесіне техникалық қызмет көрсетумен шұғылданады. Тұрғындардың бақшасына ағын су жеткізіп беру қызметі де кәсіпорынның жарғылық мақсаттарына қайшы келмейді. Бұл қызмет мекеменің жарғысында бар.
– Ыстық маусым жақындап келеді. Ылғал судың дайын көзі болмағандықтан, бау-бақша суғару маусымында тұрғындар үй іргесіндегі қосалқы шаруашылықтағы шарбақтық жеріне ауыз су құбырының суын пайдаланады. Соның салдарынан шілденің шіліңгір ыстығында жеке сектордағы үйлерге ауыз судың жетпей қалып, орынды реніш туындап жатады. Жаз мезгілінде ауыз су қорына түсетін қысымды азайту мақсатында кәсіпорын екі жылдан бері аудандағы елді мекендердің бұрынғы кеңес заманындағы ирригациялық, яғни суландыру жүйесін қайта жаңғырту үшін арнайы жоспар дайындап, буып-түйіп отырдық.
Жоба бойынша Ақсай өзенінің суын пайдалану көзделген. Кезінде осы өзеннің аңғарынан тартылған диаметрі 1 метрлік асбест және темір құбырлармен аққан су аудан орталығын, жапсарлас елді мекендерді суландырған, оған қоса, Қарасаз ауылына дейін жетіп жатқан. Қазір барлық ауылдарда жүйелі су келетін арықтар жоқ. Бұзылып кеткен, немесе пайдаланылмайды.
Біз осы мақсатта Ақсай өзенінің аңғары мен арнаның бойын түгел қарап шықтық. Арнаның ұзындығы 3,7 шақырымды құрайды. Табиғат құбылысы салдарынан бас су тарту коллекторы істен шығып, арнаның бойындағы жер төсемі әр тұстан жырылып, тіптен кей тұстары қазылып, терең жыра болып кеткен. Осы сай-жыраларды қайтадан топырақпен толтырып, таптап, жер төсемін қайта қалпына келтіріп алуымыз қажет. Жарамсыз күйге келген ескі, тозған құбырларды айырбастап, жаңа құбырлар төсейміз.
Мемлекеттен таяуда қомақты қаражат бөлініп, алғашқы 30 пайызы шотымызға түсті. Құрылысқа қажетті материалдар мен бұйымдар Шымкент қаласынан жеткізілді. Енді техникамызды сайлап, жақын күндері жерді қазу жұмыстарын бастап, құбыр төсеуге кірісеміз. Жұмыстардың денін өзіміздің жұмыскерлер мен техникамыз атқаратын болады. «Жұмыспен қамту орталығы» мекемесі арқылы ауыл тұрғындары да жұмысқа тартылуы мүмкін, – дейді мекеме бастығы.
Таудан бері қарай жердің табиғи орналасуы еңіс болғандықтан, ылдиға аққан ағын судың жылдамдығы күшті болатыны белгілі. Сондықтан жолай үш тұстан ағын судың арынын шектейтін құрылғы орнатылады. Одан бөлек, су қысымын реттеп отыратын ысырмалар да қондырылады.
Жоба бойынша кәсіпорын ағын суды Ақсай ауылының Қайрат ауылының үстіндегі тоспаға дейін жеткізіп береді. Осы жерде үш бағытқа су бөлетін шлюздер орнатылады. Аталған бағыттармен су Ақсай ауылдық округінің Қайрат, Мыңбұлақ ауылдық округінің Көлбастау және аудан орталығы – Б.Момышұлы ауылына беріледі. Тағы бір міндет, осы аталған ауылдарға су жүгірту үшін ішкі арық жүйелері ретке келтірілуі қажет.
Айта кетерлігі, су арнасы шаруа қожалықтарының алқаптары мен жайылымдарды суландыруға арналмаған, одан тұрғындардың бау-бақшасы мен көшелер бойындағы тал-дарақтар суғарылып, ауылымыздың жасыл желекке айналуына септігін тигізбек.
Осылайша, өз бастауын арналы Ақсайдан алатын арнаны қуалаған судың бұрынғыша тіршілік нәріне айналып, ауылдардағы бау-бақшалардың көркіне көрік қосатын күн жақын.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close