Basty bet

Жастардың бастамасына қолдау қажет

Аптаның ортасында «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен ауданы әкімі Олжас Қаржауов аймақ жастарымен кездесу өткізді. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен кездесуге ауданның белсенді жастары, кәсіпкер, жұмысшы жастар, жастар ісі жөніндегі инспекторлар, БАҚ өкілдері шақырылды.

Еркін форматта өткен кездесуді аудан әкімі Олжас Есалханұлы ашып, жастарды ашық пікір алмасуға шақырды. Ертеңгі күн жастардың қолында екенін ескеріп, жастарды белсенділік танытуға үндеді.
-Мекеме басшысына ауданның жастарымен басқосу туралы ой тастап, жүздесуіміздің сәті бүгінге түсіп отыр. Мұндағы мақсат – ұзын-сонар баяндама тыңдап, уақытты текке жоғалту емес. Сіздермен ашық пікірлесіп, жеке бас үшін емес, аудан үшін жасауға болатын жоспарларыңыз бен ұсыныстарыңызды тыңдау. Ауданға келгелі бері елді мекендерді аралап, тұрғындармен тілдесіп, аймақтың тыныс-тіршілігімен танысып жүрмін. Ауылда белсенді жастар өте көп. Әсіресе, өнерлі спортпен шұғылданатын жастардың бар екенін айтқым келеді.
Кез келген жерде жастарға қолайлы жағдай жасалуы керек. Жастарымыз қол қусырып қарап, бос жүрмеуі тиіс. Сол үшін алдағы уақыттарда вокал студиясын, шахмат ойынын үйрететін мектеп ашсақ, жақсы мамандарды ауданымызға тартсақ деген ниеттеміз. Сонымен қатар, ауылдардағы «Стрит Воркоут» алаңшаларын бірдейлендіріп, ауыл-ауылда жарыстар ұйымдастыру керек. Ауылдарда жаттықтырушылар бар. Мәселен, шалғайда орналасқан Қошқарата ауылында ескі мектептің ғимараты жастардың күшімен жөнделіп, одан спортзал ашылғанын көрдім. Ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығы артып, онда жаттықтырушылар шәкірттер тәрбиелеуде екен. Ең бастысы, құлшыныс, ынта бар, ал ынта бер жерде жетістік те болатыны сөзсіз. Міне, осындай талапты, талантты жастарды жан-жақты қолдап, ауылды дамыту қажет, – деді аудан басшысы.
Кезек сұрақ-жауапқа беріліп, онда жастар ауданның жаңа басшысына көкейдегі түрлі сұрақтарын да қойды. Сауалдар негізінен жұмыссыздық мәселесі, әлеуметтік жобаларға қолдау көрсету, қолға алған істерінің дамуына жағдай туғызу, рухани, мәдени орындар мен қолжетімді спорт залдары төңірегінде болды. Алғаш сөз алған Қуат Пернебек түрлі түсті тұшпара инновациялық жобасына қолдау көрсетуді сұраса, қошқараталық жас кәсіпкер балық шаруашылығын дамытсам деген ұсынысын жеткізді.
Ал, нұрлыкенттік жаттықтырушы Артық Рақымжанұлы: «Ауыл жастарын спортқа баулығаныма 16 жыл болды. Ауданның атын дүбірлі жарыстарда қорғап жүрген бізге ешқандай қолдау көрсетілмейді. Тек ата-аналардың демеушілігімен ғана балаларды жарыстарға қатыстырып жүрмін. Қазіргі таңда 20 шақты шәкіртім бар. Бұл уақытқа дейін де талай балаларды баулып, чемпиондар шығардым. Менің айтайын дегенім, Нұрлыкент ауылынан спорт кешені болмаса да, спортзал соғылса екен»,- деді ол.
Кездесуде Ақсай ауылдық округінен келген Еркебұлан Анарқұл аудан орталығында ұлттық ат спортын жастар арасында кеңінен дамыту мақсатында көкпар ойынына арналған атшабар салынса деген тілегін айтты. Талаптылық Бауыржан Кенже болса спорт үйірмелері мен жаттықтырушы қажеттігін баса айтты.
Ал, нұрлыкенттік Санжар Даярбек ауданда ақындар мектебі жоқтығын айтып, оны өзекті мәселе ретінде көтерді. Ауданымыздың дамуы үшін сөз өнеріне де көңіл бөлінсе деген тілегін жеткізді.
Кездесу барысында аудан әкімі жуалылық жастар облыс көлемінде белсенді екенін, сондай-ақ, жастар арасындағы тәртіпке көңіл бөлу керектігін де атап өтті.
-Белсенді жастар өңіріміздің және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосуда, оларды қолдау біздің міндет. Қазіргі таңда жастар үшін аздап болса да жағдайлар жасалған. Сондықтан алға жылжып, тек биіктерді бағындырыңыздар. Мен сіздерге тек сәттілік тілеймін. Алдағы уақытта тағы осындай кездесу өткізіледі. Сол кезде де ауданды дамыту үшін қандай жаңа жобалар жасауға болатындығы туралы ұсыныстарыңызбен келсеңіздер. Еркін форматта пікір алмасып, өңіріміздің дамуына бірге атсалысайық. Жастар әлеуметтік желілерде де белсенді. Осыны ескеріп, Жуалы жастарына арналған арнайы парақша болмаса, чат ашылып, ұсыныс-тілектерді ортаға салып, еркін ой-пікірде болайық,- деді Олжас Есалханұлы.
Кездесу соңында аудан басшысы жастар тарапынан ауданның дамуы мен көркейюіне ұсыныстар күтетінін, жаңашылдыққа бет бұру қажеттігін және игі бастамаларда бірге аянбай тер төгетіндігін жеткізді.
Бұл кездесуден әр жас әртүрлі ойда тарқасты. Аудан басшысының жастарға көңіл бөліп, пікірлерімен санасқанына ризашылықтарын білдірді. Кездесуге қатысқан өзім үшін де бұл жүздесу ерекше әсер қалдырды. Аудан басшысы жастардан жаңалық күтеді. Ал, жастар соны ұғынып, жеке өзі үшін емес, туған жері үшін тың идеялар тудыруы тиіс. Қолдау жасалса, жастар қауымы мүмкіндіктерін пайдалануы керек. Жаңаша леп, серпіліс қажет. Ауданның түкпір-түкпірінде небір іскер, ойлы жастар көп. Біз де сондай жастар алға суырылып шығып, ауданымыздың дамуына үлес қосса деген ниеттеміз.

Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»
Суреттерді түсірген Сәбит Күзембаев

Таңдаулы материалдар

Close