Basty bet
Рухани-идеологиялық тәрбие беретін орталық
Жақында ғана Халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойы тойланды. Шерхан Мұртаза тұтас болмысымен қазаққа қызмет еткен азамат. Сол себептен де Шерағаның мерейтойына орай елімізде жыл бойында түрлі тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылса, ауданымызда кең ауқымда аталып өтті. Мерейтойда халық жазушысының шығармалары, қайраткерлігі, кісілік қасиеттері ұлықталды. Ең маңыздысы туған жері Талапты ауылындағы Шерағаның ізі қалған қасиетті шаңырағы әдеби-мемориалдық кешен болып ашылды.
Шерхан – ұлт тәрбиешісі, өз халқымен бірге жасап, қатар тұрып қалыптасқан тұлға. Кісілік келбетіне кір жұқтырмаған парасат иесі. Тойға еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған көпшілік Шерағаның шығармалары мен қайраткерлігі, ағалық қамқорлығы мен азаматтық қасиеттері жайлы әңгімеледі. Музейге кіріп, ондағы жазушыға тиесілі тұрмыстық заттар, оның құжаттары, дипломдары, марапаттары, медальдары отбасымен және достарымен бірге түскен фотосуреттерін көрді. Музейден Шерағаның кабинетін, кітапханасын көзбен көрудің өзі бір ғанибет. Ғимараттың үшінші қабатында бильярд залы бар. Шерхан Мұртаза тек қарымды қаламгер ғана емес, бильярд ойынының шебері ретінде де өзін көрсете білген.
Музейді аралап жүріп Шерхан Мұртаза атындағы облыстық “Руханият және тарихтану” орталығының Шерхантану бөлімінің меңгерушісі Назым Қожамаровамен сұхбаттасудың сәті түсті. Назым Қожамарова құнды жәдігерге толы тарихи, қасиетті шаңырақ туралы әңгімеледі.
-Шерхан Мұртазаның әдеби-мемориалды үйіне өзінің жеке пайдаланған заттары, қолжазбалары қойылып отыр. Оның ішінде 2011 жылы Әділет басқармасына қарасты Шоқан Уәлиханов кітапханасында алғаш Шерхан Мұртазаның кабинеті ашылған болатын. Кейіннен 2019 жылы Шерхан Мұртаза атындағы “Руханият және тарихтану” орталығы ашылды да, Шерағаның көзі тірісінде берген біраз мұралары сол жерге көшкен болатын. Бүгінде осы әдеби-мемориалды кешенге сол заттардың бір бөлігі қойылды.
Одан бөлек биылғы жаңалығымыз, музейге алып келіп жатқан дүниеміз Шерағаның ұлы Батылжан мен қызы Алманың арнайы беріп жіберген ағамыздың өзі киген костьюм-шалбары, бас киімі, тақиясы, қамшысы, өзінің пайдаланған тәспілері, екі көзілдірігі, портфельдері көрменің төрінен орын алып отыр.
Сонымен бірге бұл жердегі ерекше құнды дүниелері Шерхан Мұртазаның ғұмыр бойына жазған 100-ден аса күнделіктерінің 65-і орталықта сақтаулы тұр. Солардың ішінен бірнешеуін осы көрмеге ұсынып отырмыз. Мәселен, Шераға өзінің 30 жылға жуық ғұмырын халқымыздың бір туар ұлы Тұрар Рысқұловтың өмірі мен қызметін, оның шығармашылығын зерттеуге арнаған екен. Әрине, жалаң түрде ғана емес, архив құжаттарымен, ол кісінің жарымен кездесіп, бірге оқыған замандастарымен кездесіп, архивтегі шаң басқан құжаттарды, тиісті дүниелерді іздеп, оның барлығынан тапқанын, түйгенін күнделіктеріне жаза отырып бес томдық кітап жазған болатын. Оның біріншісі “Қызыл жебе” деп аталады.
Шерхан Мұртазаның “Қызыл жебе” эпопеясына қатысты бірнеше деректер бар. Жазушы аталған романды жазу барысында Қазақстанның басшысы Дінмұхамед Қонаевқа кіріп, тарихи архивтердің аса құпия мәлімет сақталған бөлімдерінен мәліметтер іздеуге рұқсат алған екен. Шерағаның роман жайлы өз қолымен жазған екі қалың қызыл дәптері табылды. Оның бірі 1974 жылы, екіншісі 1978 жылы жазылып, сақталған екен. Онда Шерхан Мұртазаның Ташкент қаласындағы архивте, Алматыдағы орталық архивте, Жамбыл облыстық архивінде ізденгені, Тұрар Рысқұловтың өміріне қатысты деректер қарастырылғаны жазылған. Бір сөзбен айтқанда “Қызыл жебе” романының бастауынан, жазушының ой-қиялы қағазға түскен сәттен хабар береді. Бүгінгі таңда табылған романның қолжазба нұсқасы осы әдеби-мемориалды музейде халық назарына ұсынылып отыр. Сонымен бірге Тұрар Рысқұлов туралы жазылған екінші кітабының қолжазба нұсқасы да осы көрмеде.
Шерхан Мұртаза 1978 жылы “Қара маржан” романы үшін Мемлекеттік сыйлыққа ие болған болатын. Яғни, “Қара маржан” жазушының эпикалық жанрда көлемді жазылған алғашқы туындысы.
Шераға романды жазу барысында Қаратау қойнауындағы фосфор кенін игерушілермен сан мәрте жүздескен. Яғни, романға сол заманның шындығы, өндіріс тақырыбы, сол өндірісте еңбек етіп жүрген жұмысшылардың тағдыры арқау болған.
Бұл шығарма да көрменің төрінен орын алып отыр.
Қазақ зиялыларының көпшілігі радио тыңдаған. Тіпті ұйқыдан радионың үнімен оянған деуге болады. Сол себептен көрмеге қойылған заттардың ішінде Шерағаның радиосының да өзіндік орны бар дүниелердің бірі. Жалпы кешенде бас-аяғы құжаттар мен заттарды қоса есептегенде көрмеде 60-қа жуық зат бар. Қалғаны Тараз қаласындағы орталықта,- дейді Назым Қожамарова.
Бұл қасиетті шаңырақ Шераға жайлы тарихи мұраларды сақтаушы ғана емес, рухани-идеологиялық тәрбие беру орталығы болмақ.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»