Basty bet
Жуалының туристік әлеуеті мол
Апта басында Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Өңірлік коммуникациялар қызметі» мекемесі Жуалы ауданына баспасөз турын ұйымдастырды. Баспасөз туры аясында Жамбыл журналистері, атап айтқанда, облыстық «Aq jol» қоғамдық-саяси газетінің, облыстық «Ar-Aı» жастар газетінің, «Jambyl», «77 TV» телеарналарының журналистері мен тілшілері аудандағы бірқатар рухани-мәдени нысандарды аралап көрді.
Журналистер ең алдымен «Бурнооктябрск-1» шартты атауымен танымал Баркуаб қалашығы, тарихи археологиялық ескерткішіне барды. Айта кету керек, аталған көне қала жұрты ауданға қарасты Көкбастау ауылдық округінің Теріс ауылы маңында жергілікті жұртшылық «Жылқышытөбе» атап кеткен төбеде орналасқан. Бұл көне қала жұртының қазылып жатқанына биыл үшінші жыл.
Қалашықты тамашалауға келген студенттерге осында қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археологиялық топ «АРК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ескендірбек Төрбеков келушілерге арнап қалашықтың археологиялық қазба жұмыстарының барлығын ғылыми тілмен жеткізді. Одан бөлек, көне дәуірлерге байланысты көптеген құнды мәліметтер ұсынды. Журналистер де Баркуаб көне қалашығының тарихына, оның қай замандарға жататынына қызығушылық танытып, толғандырған сұрақтарын қойды.
-Жуалы өңірі өз кезегінде Қазақстандағы қасиетті жерлердің біріне саналатыны белгілі. Қасиетті Әулиеата, Жамбыл өңірінің батысында орын тепкен, жан-жағын алып таулар қоршаған осынау өлкенің топырағында өткен ғасырларда болған көптеген тарихи оқиғалар, тылсым сырлар жасырынып жатқаны анық. Ұлы Жібек жолының бойында орын тепкен бұл өңірде шамамен 1897 жылы әйгілі тарихшы-ғалым Василий Бартольд болған деген дерек бар. Ғалым бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысынан Верныйға дейінгі аралықтағы Жібек жолының бойында орналасқан ескі қалалар мен бекіністерді аралап зерттей жүріп, жолай Жуалыдағы Жылқышытөбеде орналасқан көне қаланың да басында болған. Одан кейін де, нақтырақ айтқанда, 1940 және 1970 жылдары ескі қалашықтың жұртында археолог-тарихшы В.Пацевич, сонымен қатар, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты мен Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бірқатар археолог-тарихшылары келген екен.
Біз «Бурнооктябрск-1» шартты атауымен танымал көне қалашықты үш жылдан бері зерттеумен айналысып, осында қазба жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Негізінен көне қаланың қабырғалары бүтін сақталған. Мұндай көне заманғы қала жұрты Жамбыл облысында алғаш рет қазылып отыр. Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан бұл жұмыстарға аудан қазынасынан қаражат бөлінген.
Бұл қаланы тарихшы-археологтар біздің дәуірімізге дейінгі І және біздің дәуіріміздің ІІ ғасырларында өмір сүрген Қаңлы мемлекетінің қалаларының қатарына жатқызып отыр. Өйткені, дәл осылай қала тұрғызу, үй салу салты қаңлыларға ғана тән. Ал Қаңлы мемлекетімен қатар өмір сүрген Үйсін мемлекетінің қала салу тәсілі басқа.
Біз көне қала жұртын аршып жатып тастан жасалған балта, дән үккіштер, тағы басқа тұрмыстық бұйымдар тауып, бұл жәдігерлерді аудандық тарихи-өлкетану музейіне өткізудеміз. Одан бөлек, қазба барысында адамның бас сүйегі табылды. Оны Жапония мемлекетінің ғалымдарына арнайы зерттеуге жіберген болатынбыз. Бұл қалашықты мекен еткен адамдар негізінен дәнді дақылдар егіп, егін шаруашылығымен, сондай-ақ осындай қалашықтар салумен айналысқан деп байлам жасауға болады,- дейді Ескендірбек Санжарұлы.
Көне қалашықтың маңында үш жылдан бері қазба жұмыстары жүргізілуде. Биыл елімізде орын алған пандемияға байланысты жұмыстар саябырсып отыр. Біз қалашықта болғанымызда оның шығыс жақ беті аршылып жатқанын байқадық. Мұнда негізінен дән сақтау үшін қазылған терең шұңқырлар мен құдықтың орны аршылуда. Осында қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан серіктестік директоры, археолог Е.Төрбековтың айтуынша, мұнда атқарылатын жұмыстар әлі де жетерлік. Оның айтуынша, бұл көне қалашыққа Мыңбұлақ атырабының Алатау жақ аймағынан қыштан жасалған құбырлар арқылы су тартылған. Оның орындарын, тіпті, құбырлардың орналасқан жерін де жергілікті тұрғындар байқаған. Міне, бұл көне қалашықты мекен еткен адамдар суармалы суды да пайдаланып, егін шаруашылығын өркендеткен деп топшылауға болады.
Бізді бір таңғалдырғаны, қалашықтың қабырғаларының қалыңдығы. Қабырғаның қалыңдығы 2,5 пен 3 метрдің аралығында. Төбесі де ерекше, қалың. Төбе кірпіштерінің кейбір тұстары бүтін сақталған. Осының арқасында болу керек, көне қала жұртының бұзылмай бізге жеткені. Қалашық толықтай аршылғанда ғана көп жұмбақтарға, толғандырған сұрақтарға жауап табылады деген үмітіміз бар. Негізінен біздің заманымызға дейін өмір сүрген Қаңлы мемлекетінің тарихы өте аз зерттелген. Тарихшы-археологтардың айтуынша, Толстов, Подушкин есімді ғалымдар, сонымен бірге, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының директоры Бауыржан Байтанаев ғана бұл тақырыпты зерттеуге араласып отырған көрінеді.
Баспасөз туры келесі кезекте Б.Момышұлы ауылындағы аудандық тарихи-өлкетану музейінде жалғасты. Жуалы ауданының 90 жылдық мерейтойына орай ашылған бұл мұражайда бүгінде аудан тарихына байланысты бірқатар құнды жәдігерлер қойылған. Әлбетте, әрбір жәдігер Жуалының ежелгі һәм құрылғаннан кейінгі тарихы мен оқиғалардан хабар береді. Мұражайда тарихи-археологиялық, рухани жаңғыру, батырлар залдары өз алдына орналасқан. Мұнда қойылған жалпы жәдігерлер саны – 920.
Атап айтсақ, музейді тарихи-археологиялық залында адамзат баласының алғашқы қоғамдастық дәуірінен бастап, Қазақ хандығы кезеңінің аралығындағы жәдігерлер жинақталған. Ал «Рухани жаңғыру» залында Жуалы ауданының құрылу тарихына, мемлекеттік тізілімге енетін тарихи-мәдени нысандар, сонымен қатар, киелі орындар туралы мәліметтер мен жәдігерлер бар. Музейдің құрылғанына көп уақыт болмағанын ескерсек, аудан тұрғындарының, ғалымдардың көмегімен музей қоры әлі толыға түсетініне күмән жоқ Музейдің ғылыми қызметкері, «Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің иегері Дәулетжан Байдалиев археологиялық жәдігерлердің тарихы мен жалпы ауданға қатысты құнды мәліметтерден сыр шертіп, облыстық телеарналардың тілшілеріне сұхбат берді. Бұл музейде Баркуаб көне қалашығын археологиялық қазба барысында табылған жәдігерлер де қойылған.
«Өңірлік коммуникациялар қызметі» мекемесі ауданға ұйымдастырған баспасөз туры аясында аудандық кітапханадағы «Білім орталығында» баспасөз мәслихаты өтті. Онда аудан әкімі Нарбай Ергебеков Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылу барысы туралы баяндады. Аудан басшысы «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары аясында 13 арнайы жобаны іске асыруға жергілікті атқарушы органдармен қатар азаматтық инстуттары да атсалысып, ағымдағы жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында барлығы 686 іс-шара өткізілгенін айтты.
-Азаматтық бастамаларды ынталандыру, өңір қажеттіліктеріне қолдау көрсетуге бағытталған «Туған жер» жобасы аясында барлығы 165 миллион теңгеге жеті жоба жүзеге асырылды. Сонымен қоса «Асарлатып үй салу» акциясы аясында жеке кәсіпкерлердің және меценаттардың демеушілігімен тұрғын үйге мұқтаж, аз қамтылған көпбалалы 10 отбасына үй беру жоспарланып, ағымдағы жылы оның 6-ы беріліп үлгерді.
Биылғы жылы өздеріңіз білесіздер, пандемияға байланысты күрделі жағдай қалыптасты. Міне, осы қиын кезеңде жуалылық кәсіпкерлер аты жаман аурумен ауырған науқастар мен аудандық орталық аурухананың қызметкерлеріне 100 миллион теңгеден асатын аса қажетті құрал-жабдықтар сатып алып берді. Басқа да кәсіпкер азаматтар көмекке мұқтаж жандарға көптеген көмектер көрсетті.
Одан бөлек, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының 110 жылдығына орай «Батырды рухтандырған бұлақ» жобасымен Момышбұлақты туризм орталығына айналдыруды көздеп отырмыз. «Баркуаб» қалашығында да жүріп жатқан қазба жұмыстарына өздеріңіз куә болдыңыздар. Табиғаты басқа өңірлерге ұқсамайтын Жуалы ауданының туристік әлеуетін көтеру мақсатында да жоспарлы жұмыстар атқарылу үстінде,- деді аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы.
Ал «АРК» ЖШС-ның директоры Ескендірбек Төрбеков Баркуаб көне қалашығына археологиялық зерттеу жұмыстарымен қатар, мұнда алда атқарылатын шаруаларды атап өтті. Баспасөз мәсихатында спикерлер журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға да жауап берді.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»