Basty bet
Үш ауылдың тұрғындарына есеп берді
Шақпақ ауылдық округі аудандағы ірі елді мекендердің бірі саналады. Онда соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласымен қатар кәсіпкерліктің те дамып келе жатқанын байқауға болады. Ынтымағы жарасқан берекелі ауылдық округте басқа да игі тірліктер бар. Жақында ауылдық округ әкімі Мұстафа Бектұрғанов округке қарасты Амансай, Шақпақ бекеті және Ынтымақ ауылдарының тұрғындары алдында 2019 жылы атқарылған жұмыстардың есебін берді. Амансай және Шақпақ бекеті шағын елдімекендерінде жиын өткізетін орынның болмауына байланысты есептік жиын округтің орталығындағы №4 Өнер мектебінің акт залында өтті. Жиын жұмысына аудан әкімдігі білім бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлсім Сыпатаева, аудандық мәслихаттың депутаты Нұрмахан Тыныбеков қатысты.
Жиын барысында ауылдық округтің әкімі жылды қорытындылаған есептік баяндама жасап, атқарылған жұмыстарды баяндады. Ол алдымен Амансай ауылының тұрғындарына есеп берді. Окург әкімі жыл бойына атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып, Шақпақ ауылдық округінің «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына енгенін қуанышпен жеткізді. Бағдарламаға сәйкес, 2024-2025 жылдары аралығында аталған ауылдық округте бірқатар оңды істер атқарылады деп күтілуде. Сонымен қатар, ағымдағы жылы округтің орталығы саналатын Шақпақата ауылы және Т.Дүйсебайұлы ауылдарына ауыз су жүйесі тартылатын болады. Оған ел қазынасынан қомақты қаражат қарастырылып отыр. Ал Амансай ауылының Б.Көпбайұлы көшесіне асфальт жабындысы төселіп, жарықтандырылатын болады.
Ауыл тұрғындары Жорабек Жуасбаев, Сайып Сәбеев ұсыныс-тілектерін жеткізіп, ауылдық округ әкімінің жыл бойы атқарған жұмыстарына қанағаттанарлық деген баға берді.
***
Шақпақ ауылдық округінің әкімі Мұстафа Бектұрғанов Шақпақ бекеті тұрғындарының алдында да жылдық есебін берді. Шойын жолдың бойындағы бекеттің байырғы тұрғындары әкімнің қорытынды есебін көңіл қойып тыңдап, арасында өздерін толғандырып отырған өзекті мәселелерді де орынды қозғады. Атап айтсақ, Шақпақ бекетінің тұрғыны, ардагер теміржолшы Тоқтасын Исабеков үлкен жолдың бойынан бекетке бұрылатын жолайрық салу, сонымен қатар, мал айдап өтетін өткел салу мәселелерінің ұзақ жылдан бері күн тәртібінде өткір тұрғанын айтса, «Шақпақ» теміржол бекетінің бастығы Серік Қоңқабаев 18 үйлі шағын елдімекенге газ тарту жұмыстарын жеделдетуге күш салу керектігін әкімнің назарына ұсынды. Жиынға қатысқан Шақпақ ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің, жергілікті қоғамдастықтың, алқабилер алқасының төрағалары Ілияс Әбішев, Смайыл Көбесов, Пернебек Бердімбетов сөйлеп, шын мәнінде Шақпақ бекетінің тұрғындарына мемлекет деңгейінде көңіл бөлу қажеттігін тағы бір еске салды.
***
Ауылдық округтің әкімі Мұстафа Бектұрғанов осы күні түс ауа Ынтымақ ауылында болып, тұрғындар алдында есеп берді. Тиісінше, олардың мәселелеріне назар аударды. Тұрғындар жиынында Сапар Әбдірақов Ынтымақ негізгі мектебіне спорт зал салу, ауылға кіреберіске арка қою мәселесін айтып, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен жеңілдетілген несие алудың жолдарын сұрады. Мектепке спорт зал салу мәселесі бойынша аудан әкімдігі білім бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлсім Сыпатаева жауап берді. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары Дәулетбек Бейсебаев, Әсілхан Ратаев жол жөндеу және көшелерді жарықтандыру жұмыстарына көңіл бөлінсе деген тілектерін жеткізді.
Шақпақ ауылдық округінің үш ауылда өткізген жиындарының барысында округтен сайланған аудандық мәслихаттың депутаты Нұрмахан Тыныбеков 2020 жылы ауылдық округке аудан бюджетінің басым бөлігі бағытталып отырғанын, осыған орай Шақпақта тұрғындар игілігі үшін бірқатар шаруалардың сапалы атқарылатынына сенім білдірді.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»