Basty bet

Тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады

Аптаның ортасында Nur Otan партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Нарбай Ергебеков партияның қоғамдық қабылдау бөлмесінде карантиндік талаптарды сақтай отырып, тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады. Қабылдауға бірнеше тұрғын жазылып, өз мәселелерімен қайырылды.

Қоғамдық қабылдауда болған Қошқарата ауылының тұрғындары Рақымжан Шынәсілов, Жорабек Шыршықбаев, Есімжан Телеушов биыл мектеп түлектері ескі мектептің ғимаратын ыңғайлап, спорт үйірмелеріне арнап жабдықтағанын айтып, оны күтіп ұстауға көмектесуді сұрады. Ал, Нұрлыкент ауылының тұрғыны Жанар Жұпбағанбетова тұрақты жұмысқа орналасқысы келетінін айтып, өтініш білдірді.
Аудан әкіміне Б.Момышұлы ауылы Игілік көшесі тұрғындарының атынан Айнұр Мөриева қабылдауға жазылып, көпшіліктің сұранысын және көтерген мәселесін жеткізді. Ол аталған көшеде ауызсу жүргізілмегенін, асфальт төселмегенін айта келе, тұрғындар жауынды күндері балшықтан аяқ алып жүре алмайтындарын атап өтті. Ол осы мәселені бақылауға алып, сегіз отбасына қолайлы жағдай жасауды сұранды.
Сонымен қатар, Б.Момышұлы Өркениет көшесінің тұрғыны, өтініш иесі Қайырлы Болысов бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған интернет мәселесін көтеріп, шешімін тауып беруді өтінді. Аудан орталығының шетінде орналасқан көше тұрғындары интернет жылдамдығының төмен болуы балалардың білім сапасына кері әсерін тигізіп отырғанын айтады.
Қабылдауда «Боранды» шаруа қожалығының төрағасы Айбек Елекбаев Көксай каналының бойынан суармалы алқаптарды суғаруға судың жеткіліксіздігін айтып, оның көлемін ұлғайту жолдарын қарастыру қажеттігін айтты.
Аймақ басшысы қабылдауда болған әрбір тұрғынның мәселелерін көңіл қоя тыңдап, бірқатарына заңға сәйкес жауап беріп, кейбір өтініш иелерінің мәселелерін бақылауға алып, алдағы уақытта шешілуіне күш салатынын жеткізді.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close