Basty bet
Ауданда эпидемиологиялық ахуал тұрақты
Күн санап өршіп бара жатқан коронавирустық инфекция бүгінде әлемнің 200-ден астам еліне таралып үлгерді. Елімізде аталған дерттің алғаш белгісі 13 наурызда анықталысымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бір ай мерзімге төтенше жағдай жарияланды. Қазіргі таңда елімізде 30 наурыз 18:50 жағдай бойынша індетті жұқтырған 302 науқас тіркеліп, оның 20-сы сауықтырылды. Өкінішке орай, ауруға шалдыққан бір азамат қайтыс болды.
Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында пандемияға байланысты 19 наурыздан бастап карантин режимі енгізіліп, сақтық шаралары күшейтілді.
Еліміздің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің арнайы қаулысына сәйкес COVID-19 инфекциялық вирусының халық арасында таралуының алдын алу мақсатында медициналық ұйымдарда, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған медициналық-әлеуметтік объектілерде, сәбилер және балалар үйлерінде, әлеуметтік оңалту орталықтарында, мүгедек балаларға арналған интернат түріндегі оқу орындарында толық карантинді (баруға тыйым салу) және күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режим енгізілді.
COVID-19 инфекциялық вирусының халық арасында таралуын болдырмау және алдын алу мақсатында сақтық шаралары ауданда да жүргізілуде. Көршілес Түркістан облысымен шектесетін Шақпақ ауылдық округінің аумағында стационарлық санитариялық пост ашылып, аудандық орталық аурухана, санэпидқадағалау қызметінің мамандары мен полиция бөлімінің қызметкерлерінен жасақталған топ тәулік бойы кезекшілік атқаруда. Олар аудан аумағына кірген көлік және адам қозғалысының есебін жүргізіп, жолаушылардың денсаулығы жағдайын бақылайды.
Жуалы аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Марат Искаковтың айтуынша, бүгінде ауданда эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірқатар шектеулер енгізілген. Мәселен, отбасылық дәстүрлі және рухани іс-шаралар, атап айтқанда, жетікүндік, қырықкүндік, жылдық астарды, атаулы мерекелік кештер мен тойларды, ұлттық көкпар ойындарын өткізу уақытша тоқтатылған. Көшелерде, қоғамдық орындарда бетперде тағып, жеке бастың гигиенасын сақтап жүру маңызды.
– Індетке байланысты қоғамдық орындарда, базарларда жаппай дезинфекциялау жұмыстары жүргізілуде. Басқарма мамандары әкімдік қызметкерлерімен бірлесіп, тұрғындар арасында санитариялық ағарту шараларын ұйымдастыруда. Тұрғындарға қандай да бір дерттің белгілері байқалған жағдайда, міндетті түрде жедел жәрдем қызметіне хабарласу қажеттігі ескертілді. Одан бөлек, шет мемлекеттен және карантин аймағынан іссапармен немесе қыдырып келген қонақтар міндетті түрде жергілікті әкімдікке хабар беруі қажет. Сондай-ақ ресми ақпараттардан басқа қандай да бір жалған ақпаратты таратпау қажет. Төтенше жағдай кезіндегі айтылған қатаң ескертулерге бағынбаған азаматтарға заң аясында шара қолданылады, – дейді Жуалы аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Марат Искаков.