Basty bet

Тұрғындарға нәсіпті болуға көмектеседі

Жалпы әлемдік тәжірибеде халықты жұмыспен қамту, кәсіпкерлік ісін ашу, не болмаса жұмыс табу мен кәсіп көзін ашуға көмектесу кез келген мемлекет үшін саяси басым бағыттардың біріне жататыны белгілі. Қазіргі таңда біздің елімізде де тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі өзекті. Осы орайда кейінгі жылдардың бедерінде мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрғындарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлік істерін ашуға мемлекет тарапынан қолдаулар жасалып жатыр. Соның бірі ретінде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын айтуға болады.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын Жуалы ауданында 2020 жылдың І тоқсанында іске асыру барысында бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылып отыр.

2020 жылға аудандық Жұмыспен қамту жол картасына сәйкес, бағдарламаға жалпы 2443 адамды тарту жоспарланып, оның ішінде 2050 адамды жұмыспен қамту жоспарланды. Тұрақты жұмыс орындарына- 1578 адам, уақытша жұмыстарға- 472 адам.
Есепті мерзімде жалпы 672 адам бағдарламаға қатысушы ретінде тартылып, барлығы 655 азамат жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 263 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды, уақытша жұмыспен 392 адам қамтылды.
Жұмыспен қамту органдарына қайырылған жұмысқа жарамды 12 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмысқа орналастырылды (жылдық жоспар – 49 адам, орындалуы – 24,4 %). Бағдарламаның 1-бағыты (Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету) шеңберінде 2020 жылы қысқа мерзімді кәсіптік оқу курстарына жалпы 120 азаматты жолдау жоспарланып, бүгінгі таңда 40 үміткер есепке алынды.
Аудан әкімдігі білім бөлімінің ұйымдастыруымен кәсіптік даярлауға 15 жасты жолдау жоспарланып, ауылдық округтердегі мобильдік топтармен тамыз айының соңында оқуға жолдануға үміткерлердің тізімдері мен құжаттары әзірленетін болады.
Бағдарламаның 2-бағыты (Жаппай кәсіпкерлікті дамыту) шеңберінде кәсіпкерлік істерін ашуға немесе кеңейтуге ниет білдірген 51 үміткер тізімге тіркеліп, оларға микрокредиттік ұйымдарға бағыттамалар берілді. Ағымдағы жылы кәсіпкерлікті дамытуға 145 қатысушыға 545 млн 161 мың теңге берілуі қарастырылған. Бүгінгі таңда кәсіпкерлік ісін ашуға 17 азаматқа 52 млн. 700 мың теңге көлемінде шағын несиелер берілді. 15 қатысушыға (жастарға, көпбалалы немесе аз қамтылған отбасыларына) 505,0 мың теңгеден (200 АЕК) қайтарымсыз грант берілуі қарастырылған. «Бастау Бизнес» жобасы аясында «Атамекен» ҰКП-ның аудандық филиалына кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 98 қатысушыны жолдау жоспарланды.
Бағдарламаның 3-бағыты (Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту) шеңберінде уақытша жұмыстарға жалпы 392 адам жолдама алды.
Ақылы қоғамдық жұмыстарға 200 жұмыссыз адамды орналастыру жоспарланып, 161 адам жұмысқа орналастырылды. «Жастар практикасына» 120 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып, 81 жас маман жұмысқа жолданса, әлеуметтік жұмыс орындарына жылдық жоспарға сәйкес, 120 адамды орналастыру жоспарланып, 150 жұмыссыз азамат жұмысқа жолдама алды.
Аудан аумағында биылғы жылы аудандық Жұмыспен қамту жол картасы бойынша жалпы 37 инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуға жоспарланған. Оларда жалпы 856 жұмыс орындары ашылып, оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы негізінде 427 жергілікті жұмыссыз азаматтар жұмысқа орналасуы жоспарланған. Сонымен қатар, олардың ішінде 70-інде тұрақты жұмыс орындары ашылуы көзделген.
Осы бағытта проблемалық мәселелерге жол бермеу мақсатында бағдарламалар әкімшілері (аудан әкімдігінің білім бөлімі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі, сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі және т.б.) облыстық басқармаларымен бірігіп мемлекеттік сатып алу шараларын өткізу кезінде келісімшарттарда мердігерлерге мынадай талаптар қоюлары қажет: әр жобада ашылатын жұмыс орындарының ішінде 50 пайызы жергілікті тұрғындарға арналуы керек. Сонымен қатар, жұмысқа орналасқан күннен бастап жұмыскерге 85 мың теңге көтермеақы (подъемные) төленіп, әрі қарай ай сайынғы еңбекақылары 85000 теңгеде кем төленбеуі тиіс. Бағдарлама әкімшілері халықты жұмыспен қамту орталығына жан-жақты қолдау көрсетіп, Жол картада белгіленген жұмыс орындары санына сәйкес, жергілікті жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналасуына ықпал етулері қажет.
Жол картадан бөлек, мемлекеттік және салалық, өңірлік бағдарламалар шеңберінде инфрақұрылымдық жобаларда жалпы 43 жұмыс орындарын ашу жоспарланды: уақытша- 32 (Өңірлерді дамыту бағдарламасы- ауыз су жүйелерінің құрылысы – 5 жобаларда – жергілікті тұрғындарға жалпы 22 орын); Қоңыртөбе ауылының Пахомов атындағы орта мектебінің спортзалының құрылысы-10 орын); тұрақты- 11 (Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы- 4, Халықтың табысын арттыру жобасы- 7). Одан бөлек, ағымдағы жылы Жұмыспен қамту Жол картасы аясында ауданда бірқатар инфрақұрылымдық жобалар іске асырылатын болады. Оның ішінде әлеуметтік-мәдениет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инженерлік-көлік инфрақұрылым нысандары, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және кәсіпкерлік салалары бар. Бұл жөнінде жұмыс жасап, нәпақа табамын дейтін ниет білдірушілерге жұмыспен қамту орталығының мамандарынан ақыл-кеңес алуларына болады.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау бағытында да маңызды іс-шаралар іске асырылып жатқанын айтқым келеді. Жалпы жыл басынан бері ауылдық округтерде жұмыс жасайтын ассистенттер 9451 адамы бар 2305 отбасымен сұхбаттар жүргізді. Соның ішінен аз қамтылған отбасылардан барлығы 2631 адамы бар 484 отбасынан өтініштер қабылданды: шартсыз ақшалай көмекке 244 адамы бар 64 отбасы, шартты ақшалай көмекке 2155 адамы бар 374 отбасы.
Барлығы атаулы әлеуметтік көмекке 2399 адамы бар 438 отбасының өтініштері оң шешімін тапты. 46 отбасының жиынтық табысы белгіленген күнкөріс деңгейінен асып кетуіне байланысты атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тартылды. Шартты ақшалай көмек алушылар қатарынан 102 азамат бағдарламаға қатыстырылды : тұрақты жұмыс орындарына ( маусымдық, уақытша) – 69 адам, қоғамдық жұмыстарға – 22 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 11 адам тартылды. Аталған бағыттарда тиісті жұмыстар жалғасуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт-Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының аумағында қауіпті індеттің алдын алу мақсатында төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты осы кезеңде халық арасында әлеуметтік шиеленіс пен наразылық жағдайларын болдырмау мақсатында өңірлерде азаматтардың әлеуметтік-еңбек саласының қағаз түрінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтерін «Электрондық үкімет» порталының «Электрондық өтініштер» сервисі арқылы алу мақсатында төмендегі алгоритм ұсынылады.
1. Қызмет алушы мемлекеттік қызмет алу үшін «Электрондық үкімет» порталының «Электрондық өтініштер» сервисі арқылы өтінішпен жүгінген кезде, ол өтініш Халықты жұмыспен қамту орталығының (ХЖҚО) кеңсесіне түседі. (Өтініш беруші электрондық цифрлық қолтанбаны (ЭЦҚ) 1414- Call-centre арқылы алып, өтінішіне қол қояды);
2. Кеңсе қызметкері электрондық өтінішті жауапты маманға жолдайды.
3. ХЖҚО-ның маманы құжаттарды тексереді және «Еңбек нарығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйеге енгізеді.
4. Сұрақтар пайда болған кезде маман Whatsapp мессенджері арқылы өтініш беруші азаматқа бейнеқоңырау арқылы хабарласады.
5. Қабылданған шешім жөнінде ХЖҚО маманы қызмет алушының «Электрондық үкімет» порталындағы жеке кабинетіне жауап жолдайды.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2020 жылғы 25 наурыздағы «Төтенше жағдай кезеңінде әлеуметтік-еңбек саласында мемлекеттік қызмет көрсетудің кейбір мәселелері және халықтың кейбір санаттарын азық-түлік – тұрмыстық заттармен қамтамасыз ету туралы» №109 бұйрығына сәйкес мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындау іс-шаралары электрондық форматта жүргізіледі.
Ағымдағы жылдың 1-ші тоқсанында АӘК алушыларға егер олар аз қамтылған санатына лайық болса 2-ші тоқсанға АӘК тағайындауға қайталап өтінішпен жүгінуге қажеттілік жоқ. Барлық мәліметтерді ХЖҚО мамандары басқа мемлекеттік органдарға сұрау салу арқылы электрондық түрде алады. Сауалдар туындаған кезде мамандар қызмет алушы азаматтармен телефон байланысы арқылы хабарласып, мәліметтерді нақтылайды. Азаматтармен жеке контактілерді шектеу мақсатында учаскелік комиссиялар АӘК алғашқы тағайындалған отбасыларында материалдық жағдайларына тексерулер жүргізбейді.
Аталған қызмет көрсету тәртібі жөнінде ақпараттық хабарландырулар аудандық газетке және әлеуметтік желілерге жариялануға әзірленді және аудан тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бір сөзбен айтқанда, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы кәсіп арқылы халықтың елеулі бөлігін нәсіпті болуларына өз септігін тигізеді. Бұл мынадай күрделі жағдайда аса маңызды. Сондықтан нәсіпті болуға асығыңыздар.

Нұрлан Әнуарбеков,
аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары

Таңдаулы материалдар

Close