Basty bet
Антыңа адал бол, жас сарбаз!
Өткен сенбі күні Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің барлық әскери гарнизондары мен бөлімшелерінде әскери Ант қабылдау рәсімі бір мезгілде өтті.
Аудан аумағында орналасқан «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығына қарасты 91678 таулы-қорықшы батальонына әскери міндетін өтеуге келген жас сарбаздар да әскери Ант қабылдап, Отанына және оның заңды сайланған Президентіне адал қызмет етуге ант берді.
Ант қабылдау рәсімі салтанатты жағдайда өтті. Жиынға шақырылған қонақтар мен ата-аналар саптық алаңның мінбе жағынан орын алып, рәсімнің өту барысын қапталдан қадағалауға мүмкіндік алды.
Әскери бөлімнің жеке құрамы мен жас сарбаздар саптық алаңда сапқа тұрғызылғаннан кейін бөлімнің Жауынгерлік туы енгізілді.
– Түзел! Ту астына тік тұр! Назар солға!
Жиын бастығы, бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Алтай Ташкеевтің баянатынан кейін бөлім командирі, подполковник Арман Сабыров сарбаздармен әскери тілде сәлемдесіп, оларды Әскери ант қабылдау күнімен құттықтады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны шырқалды.
Жиын бастығы, подполковник Алтай Ташкеевтің «Әскери ант қабылдауға кіріс!» деген пәрменінен кейін жас сарбаздар ант қабылдау рәсімін орындауға айналды.
Рота және взвод командирлері әскери ант қабылдаушыларды кезекпен саптан шақырды. Әскерге шақырылғандар бір ай бойы жас сарбаз мектебінен өтіп, онда саптық және дене даярлығын үйреніп, жіптіктей болып ысылып, ширағаны байқалады. Жас сарбаздар әр адымын нағыз әскерилерше нық басып, взвод командирінің алдына келіп, тік тұра қалды. Қолына берілген әскери Ант жазылған кітапты алып, жатық, түсінікті тілмен оны оқи бастады.
Жиын бастығының әскери ант қабылдау рәсімі аяқталғанын баяндағаннан кейін кезек құттықтауларға берілді. «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығы барлау басқармасының бастығы, подполковник Ербол Серғазин жас сарбаздарға қарай қайырыла келе:
– Отан қорғаушы болу – өте абыройлы әрі жауапты іс. Сондықтан әрбіріңіз білім мен дағдыны, іскерлікті табандылықпен меңгерулеріңіз керек. Атап айтқанда, жауынгерлік дағдыны, әскери шеберлікті жетілдіріп, нағыз әскери маман болуларыңыз керек. Қасиетті антқа адал болыңыздар, – деді.
Жас сарбаздар мен ата-аналарды әскери ант қабылдау күнімен әскери бөлімнің командирі, подполковник Арман Сабыров та құттықтап, олардың Отан алдындағы борыштарын жоғары деңгейде атқарып, еліне, отбасына абыроймен оралуына тілектестігін білдірді.
Сонымен қатар жас сарбаздардың ант қабылдау рәсіміне келген тәжік-ауған соғысының ардагері Қуаныш Дүйсенбаев, ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері Бақыткүл Жексекеева мен Тамара Ваганова жас сарбаздарға жігер беріп, еліміздің болашағы, Отанды қорғау жолында аянбай тер төгуге шақырды.
Түннен бері аспан қою қара бұлтқа оранып, себелеп тұрған жауын осы сәтте толастап, күннің көзі жарқырай көрініп, төңіректің бәрін нұрландырып жіберді.
– Мен бүгін ұлымның ант қабылдауының куәсі болайын деп, сонау Өскемен қаласынан келдім, – дейді Елжас Зарыққанның анасы Ажар Айыпова. – Есейіп қалған Елжасымды және оның жанындағы өзі қатарлас балаларды көріп қуанып тұрмын. Аз уақыттың ішінде есейіп, ақыл тоқтатқан сияқты ұлдарымыз. Ұлыма және оның қарулас достарына Отан алдындағы міндеттерін абыроймен атқарып, ата-аналарыңның үмітін ақтап, өздерінің тәрбиелі, білімді қайратты екендерін көрсетіп, кейінгі жастарға үлгі болуларына және аман-есен елдеріңе оралуларына тілектеспін. Аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын, – деп аналық ақ тілегін айтты.
Ата-аналар атынан Шығыс Қазақстан облысының әр өңірінен келген Елена Ившина мен Жанна Хегай сөйлеп, аналық ақ тілегін жаудырса, ант қабылдаған жас сарбаздар Арқат Әбілқайыр мен Николай Белоусовтар берген анттарына адал болып, Отаны мен халқының үмітін ақтайтынына сендірді.
Шара соңында таулы-қорықшылар қоян-қолтық күрестің элементтерін, қаруды қолдану арқылы саптық әдістерді көрсетіп, салтанатты шерумен жүріп өтті.
Салтанатты шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Жас сарбаздар екі күн бойы ата-аналарының жанында болып, олармен бірге сейілдеуге мүмкіндік алды.
Әскери ант қабылдаған жас сарбаздар әскери өмірдің қыр-сырын үйреніп, машықтануда. Алдағы уақытта оларды жоғары жауынгерлік дайындық сабақтары мен оқу-жаттығулар, кәсіби дейгейлерін шыңдайтын кезеңдер күтіп тұр. Жас сарбаздар бұл асуларды абыроймен еңсеретініне сенім мол.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»