Basty bet

Ардагер механик

Әрбір адам саналы ғұмырында өз ісін адалдыққа негіздей білсе, соғұрлым оның еңбегі жемісті болмақ. Бақ та, абырой мен құрмет те, барлығы таза маңдай термен келеді. Қазақ халқы «Еңбегімен ер сыйлы» деп бекер айтпаса керек. Ер азаматтың өмір жолы, еңбектегі табысы, бақытты тұрмысы жақсы ниеттен құралса, балаларына – мұра, халқына – өнеге болары анық. Міне, сондай ғұмыры еңбекпен өріліп, қажырлы жұмысымен елге пайдасын тигізіп, содан да жұрт жадынан жақсы жағынан орын алған ардақты азаматтың бірі – Мұрат Нартов.

Мұрат Нартов Қарасаз ауылдық округіне қарасты бұрынғы Красный пахарь ауылында туған. Ал 1961 жылы Күреңбел ауылына қоныс аударып, сол ауылдағы орта мектепті тамамдап, Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтынан инженер-механик мамандығын алып шығады. Оқуын аяқтаған соң жолдамамен Қаратау қаласындағы тұрмыстық-өндірістік комбинатына жұмысқа орналасқан ол сонда 16 жыл еңбек етіпті. Уақыт өте ауылына қайта табан тірегенімен мұнда жұмыссыздыққа тап болып, орталық ауруханада күзетші болып үш жылдай жұмыс істейді. Кейіннен Қарасаз ауылдық округіндегі Ақбастау ауылында 2004 жылы Жуалы колледжі ашылып, сонда директордың оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Одан аға шебер болған азамат қазіргі таңда зейнеткер. Жұбайы Айнагүл Асылбекова да колледжде бас аспаз болып еңбек етіп, сол жерден зейнетке шыққан. Екеуі бір институтта оқып, алғашқы еңбек жолын да бірге бастапты.
Жұмысшы мамандықтары қоғамның дамуына және экономикалық тұрақтылығына негіз болатын маңызды салалардың бірі болғандықтан, бұл мамандық адамзат өркениетінің бастауынан бері өзекті болып, бүгінгі күнге дейін маңыздылығын жойған жоқ. Осындай қарапайым маман иелерінің еңбегінсіз кез келген өндіріс, құрылыс, көлік және басқа да салалар дамымас еді. Сондықтан жұмысшы мамандықтары тек қана физикалық еңбек емес, сонымен қатар қоғамның болашағын құрудағы басты күш.
Жұмысшы мамандықтарын даярлайтын 68 жылдық тарихы бар білім ошағында мамандар даярлауда өзіндік орны мен қалыптасқан қағидасы бар шебер Мұрат Қуанышбекұлынан дәріс алып түлеп ұшқан шәкірттер қазір алыс-жақын жерлерде қызмет етеді. Әлі де, талай жас буын ел дамуына үлес қосу жолында тер төкпек. Электромонтер, тігінші және газбен дәнекерлеуші осы аталған үш мамандыққа дәріс берген. Жалпы 5 мамандықта 14 шебер жұмыс істесе, олардың қатарында Айдар Пошқаев, Алтай Бегдашев, Әділбек Байбазаров, Шариякүл Бегдашева және т.б. сынды елеулі еңбек еткен ардагер ұстаздар бар.
– Біздің кезімізде тек бір трактор мен комбайн болатын. Өзіміздің жеріміз бар, соны аударып, жер жыртып, одан қалды ауыл тұрғындарына көмектесіп тұратынбыз. Ал қазір колледждің жағдайы айтарлықтай жақсарған. Заманға сай техникалардың түр-түрімен толықтай жабдықталған.
Бұл мамандық физика мен математикаға қызығушылық танытқандар үшін қолайлы. Инженер-механик мамандығы әмбебап болып саналады әрі қазіргі заманғы техника мен технологияға еркін бағдарланған, механика мәселелерін шешуде инженерлік әдістерді ойлап тапқан, жұмыс істейтін саланың экономикасы мен өндірісін ұйымдастыруды білуі қажет. Функционалдық міндеттері қызмет бағыты мен саласына байланысты. Мәселен, дәнекерлеу технологиясын бақылайды, өнімдердің дәнекерлеу және құрастыру процестерінің дұрыстығын тексереді, машина-трактор паркінің жұмысын ұйымдастырып, қосалқы бөлшектермен және жинақтауыштармен қамтамасыз етеді. Бұл мамандықтың артықшылығы қазіргі заманғы технологиялық әлемде сұранысқа ие, бұл экономиканың барлық саласында өндірістік кәсіпорындардың жандануы үшін қажет. Инновацияларды жаппай енгізу дәуірінде бұл мамандарға деген сұраныс та жыл сайын артуда. Бұл ерлердің мамандығы. Өйткені өндірістік жағдайда маманға физикалық күш пен төзімділік қажет,- дейді зейнеткер Мұрат Қуанышбекұлы.
Сонымен қатар, еңбек адамының еңбегі ескерусіз қалмай 2017 жылы Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткізген табыстары мен білім беру саласына қосқан үлесі үшін ҚР білім және ғылым министрлігінің және Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының, сондай-ақ 2015 жылы аудан әкімінің Құрмет грамоталармен марапатталған.
Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close