Basty bet

Шебердің қолы ортақ

Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы халқымыздың ұлылығын нақты дәлелдеген құнды дүние болғаны даусыз. Онда ұлы даланың жаһандық тарихтағы орны туралы айтылып, ұлы даланың біз білмейтін жеті қыры барынша ашыла түскен. Аталған мақаладан үзінділер келтірер болсақ, «Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес. Қазіргі қоғамның ажырамас бөлшегіне айналған көптеген бұйымдар кезінде біздің өлкемізде ойлап табылған. Ұлы даланы мекен еткен ежелгі адамдар талай техникалық жаңалықтар ойлап тауып, бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар жасаған. Бұларды адамзат баласы жер жүзінің әр түкпірінде әлі күнге дейін пайдаланып келеді. Көне жылнамалар бүгінгі қазақтардың арғы бабалары ұлан-ғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді» делінген. Елбасының бұл пікірі әрі қарай нақты тарихи деректермен шегелене түседі.

«Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалада атқа міну мәдениеті, ұлы даладағы ежелгі металлургия, аң стилі, т.б. құндылықтар жөнінде айтылған. Ал металлургия мен аң стилін шеберлер жасағаны мәлім.
Халқымыздың өткен тарихына терең үңілер болсақ, он саусағынан өнер саулаған шеберлер мен ұсталардың кейінгіге мол мұра қалдырғанын көруге болады. Осындайда «Шебердің қолы ортақ», «Ақыннан хат қалады, ұстадан зат қалады» деп бекер айтылмаса керек. Ел ішінде шеберлігімен, ісмерлігімен танылған ұсталарды халық та қадірлейді. Ағаштан түрлі тұрмыстық бұйымдар жасайтын шеберді біз жақында Нұрлыкент ауылынан таптық. Ағаш шебері Алдан Хожабаевтың атажұртымен қауышқанына биыл 20 жылға жуықтапты.
Алдан Хожабаев Түркіменстан Республикасы Ташауыз облысының Көне Үргеніш ауданында туып-өскен екен. Әкесі Қожабай ақсақал қолының ісмерлігі бар етікші кісі болған. Өзі сондағы ауылдағы мектепте шаруашылық меңгерушісі, кейіннен колхоздың ұстаханасында жиынтықтаушы, слесарь болып жұмыс істеген. 1970 жылы Хожабаевтар отбасы Қарақалпақстанға көшіп барып, сондағы Қоңырат ауданында тұрады.
-«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, жастайымнан әкемнің шеберлігін көріп өстім. Әкем етік тігетін, басқа да шаруашылыққа қажетті заттарды өзі жасай беретін. Соған қарап менің де қызығушылығым оянып, бала кезімнен-ақ әртүрлі заттар жасай бастадым. Мектепте, колхозда әртүрлі жұмыс істеп біраз тәжірибе жинақтадым. Қарақалпақстанда тұрғанда да бұл кәсібімді тастаған жоқпын. 2005 жылы отбасымызбен атажұртымыз Қазақстанға біржолата қоныс аудардық. Бізге мемлекет тарапынан квота берілді. Басқа да жағдайлар жасалды.
Мұнда келгеннен кейін де ағаштан тұрмыстық заттар жасауға шындап бет бұрдым. Көбінесе, ағаштан ойма сандық, домбыра, ас ішетін үстел, оқтау-тақтай, есік-терезе, қолжуғыш, т.б. қазақы нақыштағы бұйымдар жасап жатырмын. Мұндай заттарға тұрғындардың сұранысы қашанда жоғары. Қажетті материалдарды аудан орталығынан сатып алып отырмын. Домбыра жергілікті қарағаштан, үстел қарағай ағашынан жасалады,- дейді ағаш шебері. Шебер өз үйінің бір бөлмесіне жасаған заттарын орналастырыпты. Негізгі жобалау, қию, жону жұмыстары бөлек бөлмедегі станокпен жасалады екен.
Қалдан ата Нұрлыкент ауылындағы үлкен шаруашылық «Гамбург» ЖШС-де ағаш ұстасы болып алты жыл жұмыс істегенін айтады. Ал отанасы Гүлбара Айтымбетова да тоқыма бұйымдарын тоқиды, көбінесе, шәлі тоқиды екен. Бұл отбасының қызы Айткүл Қалданқызы тігінші болған екен. Осыдан үш жыл бұрын ауылдан тігін ательесін ашып жұмыс істеген. Өкінішке орай, 2016 жылдың күзінде өмірден озыпты. Ағаш шебері Қалдан атаның ұсталығы ұлы Арал мен немересі Шыңғысқа дарыған екен. Бүгінде үш ұл, екі қыз тәрбиелеген отбасыдан 18 немере тәрбиелеп отыр.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close