Basty bet
Еңбек пен сабырлықты серік еткен аяулы ана
Үлгілі, өнегелі отбасыларды насихаттау – біздің жұмысымыздың басым бағыттарының бірі. Себебі, Отан отбасынан басталады. Әрбір отбасы мемлекеттің бір бөлшегі. Кісі бойындағы жоғары адами қасиеттер отбасынан бастау алады.
Бұл жолғы мақаламызға Талапты ауылындағы Гүлсара Оспанбаеваның отбасын арқау етіп отырмыз. Аталған отбасыны бізге Мыңбұлақ ауылдық округі әкімінің аппараты ұсынды.
Гүлсара Ұзақбайқызы жалғызбасты ана. Жолдасы осыдан он бес жыл бұрын қайтыс болған. Өмірде қаншама қиындықтар көрсе де мойымаған ана екі ұл, екі қызын тәрбиелеп, ел қатарлы оқытып, жоғары білім алып береді.
Түсінікті болу үшін әңгімемізді Гүлсара Ұзақбайқызының балалық шағынан, өскен отбасынан бастайық.
Гүлсара Оспанбаева Қызыларық ауылында өміріге келген.
-Әкем Ұзақбай Оспанбайұлы мен анам Зүлфия Бейсеқұлқызы өте сабырлы кісілер еді. Отбасымызда төрт ұл, екі қыз болдық.
Анам әскери совхозда картоп өсірумен айналысты. Әкем де қатардағы жұмысшы болды, көбінде су таситын көлікті айдады.
Ата-анам ысырапты жаны сүймейтін. Сұраншақтықты ұнатпайтын. Өзіне керектінің бәрін түгендеп отыратын. Біреуден сұрауға намыстанушы еді.
Анам өзінің әңгімесінде: “Екі жасымда анам қайтыс болды. Өгей шешенің тәрбиесінде болдым. Күйеуге тиген соң, ол кезде кеңес дәуірінің ықпалы болды ма әйтеуір ер адамдар үйдің жұмысына көңіл бөлмейтін. Үйдегі жұмыс, мал жайғау барлығы менің мойнымда болды. Тігін тіккім келсе де, онымен айналысуға қолым тимеді” деп отыратын.
Ол кезде үкімет көп мал ұстатпайтын. Үйде бір сиыр, бес қой, бір есегіміз болатын. Есекті күш көлігі ретінде ұстаймыз. Анам шынында малға жақсы қарайтын. Малды арнайы байламайды, бірақ қолы жұғымды болды ма, малымыз семіз болатын.
Ата-анамыздың еңбекқорлығының арқасында ішіп-жемнен қиналған жоқпыз.
Мен мектепте бастауышта өте жақсы оқыдым. Озат, алғыр едім. Ұстазым Бибайша Халықова өте білімді кісі еді. Ол кісі мені сыныбымыздың шамшырағы деуші еді. Бастауышты бітірерде мен түсініксіз ауыра бастадым. Жүрегім айнып, тамақ іше алмаймын. Анам дәрігерге алып барып, жазып берген дәрі-дәрмегін берді. Одан да жақсы бола алмадым. Денсаулығым болмаған соң қарым-қабілетім де нашарлай бастады.
Кейін барып бұл дерттің көз тигеннен болғанын білдік. Ол кезде қазақшылыққа халық аса мән бермейтін. Дем салып беретін молдалар да жоқ. Тіл-көз бойыма әбден сіңіп кеткен соң оңала алмадым.
Мектеп бітірген соң жұмыс істеуге кірістім. Фабрикада жұмыс істедім. Ол жердегі жұмыс денсаулығыма ауыр болғандықтан автобекетке жұмысқа ауыстым. Ол жерде анықтама бөлімінде жұмыс істедім. Менің дауыс ырғағымды, сөз саптауымды ұнатқан автобекеттің басшысы Сәрсен Толымбеков деген кісі дикторлыққа ауыстырды.
Кейін Теріс-Ащыбұлақтағы туберкулезге қарсы санаторийде жұмыс істедім.
Осында жұмыс істеп жүріп тағдыр қосып сыныптасым Мейірхан Бертайұлы екеуміз отау құрдық.
Ол мектепте алғыр, мінезді, ақылды жігіт еді. Мектептен кейін тағдырдың жазуымен топпен істі болды. Оның басында сондай өкіншіті іс болса, мен денсаулығыма байланысты екеуміз де не керек отыз бес жасқа дейін бойдақ жүріппіз.
Келін болып түскен отбасымда жолдасым үйдің үлкені болды. Үш келін бірге тұрдық. Жолдасым көп еңбектеніп, бауырларына қарайласты. Өз алдымызға үй болып, кейін бөлек шықтық.
Жекешелендіру басталғанда жолдасым ауданда алғашқылардың бірі болып жерімізді бөліп алып, шаруа қожалығын құрды. Екі гектар жерге құлпынай егіп, ауылды ғана емес, аудан тұрғындарын қамтамасыз еттік. Құлпынай егумен 2000 жылдан бастап 2008 жылға дейін айналыстық.
Жолдасым 2006 жылы өмірден озды.
Қазір Аллаға шүкір, екі ұлымыз, екі қызымыз төртеуі де ер жетті, бой жетті.
Тұңғышымыз Қуат орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінде жұмыс істеді. Мамандығы да сол салаға қатысты. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтанда жұмыс істейді. Қолынан барлығы келеді, өнерлі, спортшы. Біраз уақыт денсаулығы болмай жүрді. Енді ғана Аллаға шүкір, барлығы жақсы болып келеді.
Екіншіміз Қымбат Педагогикалық институтты бітірген. Қазіргі таңда ол да Нұр-Сұлтан қаласында жұмыста.
Қымбат аудандық “Қыз сыны” байқауына қатысып, ІІІ орынды алып, облыстық байқауда “Тараз аруы” атанып, республикалық байқауда “Вице мисс Қазақстан” аруы атанды. Қыз сынында жүлдегер атану әрине оңай емес, талаптары өте жоғары. Дегенмен Қымбат өзінің қасиеттерімен жеңімпаздардың қатарынан көрінді.
Үшінші перзентіміз Сұңғат әлеуметтік саланың маманы. Бүгінгі таңда шаруа қожалығымыздың тірлігімен айналысады. Егін егеді, аздап мал асырауды қолға алып жатыр.
Кенжеміз Сымбат ТарМУ-дің 3 курс студенті.
Кез келген ата-ана үшін бары да, байлығы да – балалары. Біз де шама-шарқымызша балаларымызды қатардан қалдырмауға тырыстық,- дейді Гүлсара апай.
Әңгіме арасында ақ жаулықты ана ағайын-туыстың ынтымағы мен ауызбіршілігіне де ерекше мән беретіндігін тілге тиек етті.
Әңгіме барысында байқағаным, Гүлсара Ұзақбайқызы басына түскен қиындықтарды еңбек пен сабырлылықтың арқасында жеңген жан екен.
“Жер ана, мені құшағыңа алып, еңбегімді жандырғаның үшін рақмет!”- деймін дейді Гүлсара ана.
Сөз соңында асыл ана “менің отбасыма көңіл бөліп, біздің еңсе тіктеуімізге серпін берген ауылдық округ әкімі аппаратының қызметкерлеріне, сіздерге рақмет!” деп ризашылығын білдірді.
Біз де ризамыз! Лайым, Гүлсара ананың да балаларының жолы ашылып, бақтары жансын! Келін түсіріп, қыз ұзатып, немере сүйіп, бақытқа, қуанышқа кенелсін!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»