Basty bet
Сегіз отбасына көмек көрсетілді
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында туған жердің қасиеті мен осынау қасиетті өлкеден шыққан қайраткер азаматтардың қадір-қасиетін арттыру, сонымен бірге ежелден қалыптасқан халықтық, ұлттық құндылықтарымызды барынша қадірлеу жөнінде міндеттер кеңінен қамтылған болатын. Елбасы аталған мақалада: «Қазақ «Туған жерге туыңды тік!» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады. Мәселен, «Ауылым – әнім» атты әнді айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл – мағынасы өте терең сөздер. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі» деген сөйлем жолдары елдің қандай азаматы болсын оны патриоттық сезімге жетелейтіні анық.
Бағдарламалық мақалада айтылғандай, қоғамда болып жатқан құбылыстарға бей-жай қарамай, қайырымдылық, мейірімділік, адамгершілік қасиеттері біздің қазақ халқының кез келген азаматының бойынан табылатыны анық. Осы орайда жоқ-жітікке көмек қолын созып, тұрмысы төмен көпбалалы отбасылардың ауыр тұрмысын жеңілдету мақсатында өткен аптада Қошқарата ауылында қайырымдылық акциясы өтті. Қайырымдылық шарасына ауылдық округтегі «Серік», «Ақиқат» шаруа қожалықтарының төрағалары Мейрамбек Әбдіқадыров, Нұрлан Исақов, сонымен бірге ауылдың түлегі Бақтияр Жандарбеков демеушілік жасады. Атап айтқанда, М.Әбдіқадыров сегіз бірдей отбасына ешкі берсе, Н.Исақов ұн алып беруге көмек қолын созды.
Айта кету керек, өткен оқу жылының соңында Қошқарата ауылдық округіне қарасты Қызтоған ауылындағы №35 С.Мұқанов атындағы негізгі мектебі оқушылардың жетіспеуіне байланысты жабылып қалу қаупі туындағанда ағымдағы жылдың жаз айында аталған ауылға көпбалалы үш отбасы көшіп барған болатын. Бұл отбасыларға көшіп бара салысымен ауыл азаматтарының күшімен тұрақты түрде қайырымдылық шаралары жасалып келеді. Ауыл әкімшілігінің тарапынан оларға қыстық отын-суына да көмек беріліп отыр.
Жақында ауылдық округте өткен қайырымдылық шарасында Қызтоған ауылында тұратын бұл үш отбасына да көмек көрсетілді. Сонымен Қошқарата ауылдық округінің әкімі Жәнібек Мырзалиевтың бастамасымен, ауылдың қолы ашық, жүрегі жомарт азаматтарының қолдау көрсетуімен өткен акция барысында көпбалалы, тұрмысы төмен, барлығы сегіз отбасына қайырымдылық жасалды. Қайырымдылық жасаушы топ әр отбасына барып, ешкі және ұн, күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларын табыстады. Шараға ауыл имамы Нұрмахан Таңатаров, ауылдық округтің қоғамдастық мүшесі Жорабек Шыршықбаев қатысып, қасиетті жұма күні жасалып жатқан қайырымдылық шарасының маңыздылығына тоқталып, көмек алған отбасылардың шаңырағына құт-береке тіледі.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»