Basty bet
Ұлттық қолөнер – біздің байлығымыз
– Қолөнерді анамнан үйрендім. Ол кісі шебер кісі болған. Өзі байдың қызы. Кезінде анам үшін әкесі Ташкенттен маталар, түрлі жіптер алғызып отырған екен. Анам ескіні жаңартып, түрлі заттарды тігетін.
Анам өмірден ерте озды. Менің әлі есімде, анам төсек тартып ауырып жатып мені тігін мәшинесіне отырғызып, тігін тігуді үйреткені. Тігін тігуді үйрендім. Бірақ, онымен айналысуға жас кезімде уақыт болмады. Жолдасым екеуміздің жеті ұлымыз болды. Өзім мектепте мұғаліммін. Тігіс тігумен айналысу мүмкін емес еді. Жолдасым да өмірден ерте озды. Бар ауыртпалық бір өзіме түсті.
Тігін тігумен зейнет демалысына шыққаннан кейін ғана шындап айналыса бастадым. Әсіресе, қатты шаршағанда оңашаны қалаймын. Оңашада отырып, тігіс тіксем, ойым жинақталып, тынығып қаламын. Жаңа жақсы ойлар, армандар ойға оралады.
«Көрпе fest» фестивалін ұйымдастырушы Ырза Тұрсынзаданың құрақтарын бұрын да интернет арқылы көріп, өзімше соған ұқсатып тігіп жүретінмін. Фестиваль болады дегенді естігінде фестиваль талаптары бойынша керекті құралдармен қатар сол тіккен құрақтарымды да мүмкіндік болса көрсетермін деген оймен алып алдым.
Ырза Тұрсынзада – «Құрмет» орденінің иегері, «Алтын сапа» фестивалінің жеңімпазы. Қазақ халқының ұлттық құндылықтарын зерттеуші, этнодизайнер. Фестивальды ұйымдастырудағы мақсаты – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларында көрініс тапқан халықтық қолданбалы өнерді дамыту.
Қолынан іс келетін әйелдер үйде отырып-ақ табыс тауып, отбасының әлеуметтік жағдайының көтерілуіне үлес қосуына қолдау көрсету. Шеберліктерін шыңдау, яғни қолөнер шеберлерінің басын қосып, тәжірибелерімен бөлісуге, шебер тігуге үйрету.
Қазақ әйелінің мықтылығын, қолынан барлық іс келетінін көрсету.
Қазақ әйелінің киім киісінің өзі ерекше болған. Оның ар-ұяты, ибалылығы, имандылығы киім киісінен-ақ білініп тұрған. Міне, күнделікті өмірде ескерілмей жүрген осындай дүниелерге көңіл бөлу, насихаттау мақсатында фестивальға қатысушыларға ұзын көйлек, орамал, яғни ұлттық нақышта киініп бару талап етілді.
Үш күндік фестиваль басынан-соңына дейін ұлттық құндылықтарымызға тұнып тұрды. Барлығымыз ұлттық киім киіп, ерекше әсерде болдық. Біздің ұлттық киіміміз қандай тамаша! Сәнді, жарасымды, ерекше! Халқымыздың талғампаздығын, ерекше өнерлі екенін көрсетеді.
Фестивальдың бірінші, екінші күндері тегін мастер класс өткізді. Бізге тапсырмалар берді. Мен мозайка тіктім.
Әлгінде үйден көрсетемін деп мақтанып алып шыққан құрақтарым түк те емес болып қалды. Біз өз бетімізше үйренген адаммыз ғой. Ал Ырза Тұрсынзада бізге матаны дұрыс таңдау, дұрыс пішу, дұрыс тігуді, жасаған затыңды қалай дұрыс ұсына білу керек, сата білуге дейін үйретті. Ою оюдың, құрақ құраудың технологиясын үйрету мақсатында жеке және топтық тапсырмалар берді. Әсіресе, ши құрақтың небір құпияларын үйрендік.
Сонымен бірге, қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпында ұлттық құндылықтарымызды қалай дәріптеуге болатынын үйретті. Мәселен, баланы перзентханадан шығарғанда, шілдеханада, тұсау кесерде, тағы да басқа салт-дәстүрлерімізді құрақпен әсемдеуді көрсетті. Сүндет тойға арнап «Бірлік. Байлық. Береке» деген жазуы бар көрпешелер мен жастықшаларды құрады. Жалпы кез келген салт-дәстүрлерімізге байланысты қуанышта, той-думанда қалай әдемі және қажетті қолөнер бұйымынан сыйлық жасауға болатынын да көрсетті.
Қыз жасауына өзге елдің төсек жапқыштарын қосқаннан гөрі, ұлттық оюларымызбен өрнектелген төсекжапқыш, жастықшалар қоссақ әлдеқайда әдемі болар еді деген ойын жеткізді. Біз осылай істеу арқылы жастарға ұлттық өнерімізді үйретеміз. Патриоттық сезімді қалыптастыратын боламыз.
Ырза Тұрсынзада: «Құрақ деген ұғым – қасиетті ұғым. Алланың біздің халыққа берген сыйы»,- деді. Иә, бар құндылығымыздың қадіріне жетіп, дәріптей білуіміз керек.
Фестивальдың үшінші күні марапттау рәсімі өтті. Фестивальға қатысқан 200 қолөнерші де құр алақан қайтқан жоқ. 30 қатысушыға тігін мәшинесін берді.
Марапаттауға келген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Ырза Тұрсынзада алғашқы марапатты бірінші маған тапсырды. Бұл мен үшін өте үлкен қуаныш, мәртебе болды.
Басымдық көпбалалы аналарға, жастарға берілді. Көптеген жастарға сертификаттар тапсырылды. Бренд маталар берілді. Орамал таратылды. Қатысушыларға келесі жолғы фестивальға төрт көрпеше мен төрт жастықша тігіп келу туралы тапсырма берілді.
Фестивальдан қатысушылар ерекше әсер алдық. Мен өз басым қолөнермен айналысқаныма бірнеше жыл болды дегеніммен, білмегенім көп екенін білдім. Нағыз өнер қандай болатынын көріп, халқымыздың өнерге бай екенін тағы бір біліп, мақтаныш сезіммен қуанып қайттым. Қатысушылар бір-бірімізбен қимай қоштастық.
Халқымыздың тарихы тереңде жатыр. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларының аясында тарихшыларымыз бен зерттеушілеріміз ұлттық құндылықтарымыздың тарихын зерттеп жатыр.
Жалпы, қазақ бай, яғни жері де, тілі де бай, өнерге де, дәстүрге де бай халық. Рухани жаңғыру мақаласы дер кезінде жарияланып отыр. Тәуелсіздік алған жылдары ең алдымен елдің әлеуметтік жағдайына мән берілді. Үкіметіміз елдің жағдайын түзеп алған соң, халыққа көп көмек, қолдау көрсетті. Нақты көмек, қолдаудың арқасында еңбек еткендер, тірліктің көзін тапқандардың жағдайы бүгінде жаман емес,- дейді Төлебала Сүңгібаева.
Елдің ішінде Төлебала анамыз да ауыл шаруашылығы саласына арналған жеңілдетілген пайызбен несие алып, мал басын көбейтті. Қазір қолындағы ұлы Аят балаларымен бірге осы тірлікті дөңгелетіп отыр.
-Жалпы, ауылда мал бағып, егін егіп, бақуатты өмір сүріп жатқан жандардың қатары көбейіп келеді. Ендігі жерде біз рухани байлығымызға көңіл бөлуді мықтап қолға алуымыз керек. Адамдар өзімшіл болмаса, тек қана өзімде болса немесе менікі емес қой, біреудікі не болса ол болсын деген немқұрайдылықтан арылуы керек.
Табиғатқа жаны ашыса. Себебі, жердегі дүниенің барлығы бізге берген Алланың аманаты. Бізге ештеңені ойлап табудың қажеті жоқ. Тек қана барымыздың қадіріне жетіп, дәріптей білсек болғаны.
Ырза Тұрсынзада айтқандай, жақындарымызға сый-сияпат жасауда ұлттық дүниелерімізді беруді әдетке айналдырсақ. Мәселен, мен үшін одан артық, одан қымбат сыйлық жоқ. Өзіміздің құндылығымыз өзімізден басқа ешкімге де керегі жоқ.
Бүгінде болып жатқан түрлі келеңсіздіктер, немқұрайдылықтар ананың құрсағында жатқан нәрестеге де әсер етіп жатыр. Мүмкіндігі шектеулі балалар көп туылуда. Сондықтан қай істе болсын ұлттық салт-дәстүріміз, ұлттық тағамымыз, өзімізге тән менталитетімізге оралуымыз керек. Әр елдің жылтырағына қызығудың қажеті жоқ. Оның барлығы бізде бар. Тек тарихқа үңіліп, көре білу керек.
Ең бірінші көзқарасымызды түзеуге тиіспіз.
Мен мәселен, отбасымда немерелерімнің арасында Абай атамыздың 175 жылдығына орай ақынның өлеңдерін, қара сөздерін жаттаудан байқау өткіздім. Күнде басымыз қосылатын жер асханадағы тоңазытқышқа Абай айтқан бес асыл іс пен бес дұшпанды жазып, жабыстырып қойдым. Балалар бір-бірімен жарысып жаттады. Көп өлең, қара сөз жаттағанына өзім зейнетақымнан сыйлық бердім.
Тәрбие – отбасынан басталады. Ата-әженің, ата-ананың бала тәрбиесінде өз міндеттері, жауапкершіліктері бар. Барлығы отбасындағы тәрбиеге байланысты. Сондықтан ұрпағымызды ойласақ, тәрбиеге мән берейік,- дейді Төлебала Күзембекқызы.
Ұлттық құндылықтарымыздың жоқтаушысы, насихатшысы болар осындай аналарымыз лайым көп болсын!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»