Basty bet
Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ!
Адамның тағдыры оны қоршаған табиғатпен тікелей байланысты. Табиғатсыз адам өмір сүре алмаса керек. Таза ауасы мен шипалы суы, ну орманы мен асқар тауы жоқ табиғатты көз алдыңа елестету де мүмкін емес шығар?…
Бұлақтың сылдыры мен таудың жаңғырығын, қамыстың сыбдыры мен қайыңның күбірін естіген жан еріксіз тебіренеді. Тыныштық табады. Асқар тауға шығып та, сайын далаға көз жүгіртіп те жаныңызға сая табасыз. Табиғатты аялаған сайын адамның да жаны нәзіктікке толы болады. Жаны таза, ниеті кіршіксіз жаратылысқа айналады.
Табиғат – біздің тіршілігіміздің басты көзі. Аяулы табиғатсыз осы ғаламда өмір сүру, тіршілік ету мүмкін емес. Табиғат бізге ғажайып әсемдігін, таза мөлдір суын, көк аспанын, ақ бура бұлттарын береді. Таудан аққан өзеннің арқыраған дауысы, бұлақтың былдырлай аққан ерке үні, жасыл шөптің нәзік сылдыры өмірімізге әсері мол әсемдік береді. Табиғаттың ғажайып сұлулығын көз алдыңа елестете отырып, өзің бір керемет сезімге бөленесің. Табиғаттың бар әсемдігін, бар кереметін, оның әрбір әсерін сөзбен де, қалам тербеп те жеткізу оңай емес. Оның керемет көрінісі жаныңды тебірентеді. Бұлттары жеп-жеңіл ақ мақтадай, шөптері жап-жасыл барқыт кілемдей төселген. Осыншалық сұлулықты адамзатқа сыйға берген Ұлы Жаратушыны тану, табиғатты аялау – әрбір адам үшін маңызды. Себебі, адам – табиғаттың ажырамас бір бөлшегі.
Табиғат – адамзаттың екінші анасы. Дүние есігін ашқан сәбиіне бар ризығы мен несібесін тосатын қасиетті Ана секілді табиғат та буыны қатаймаған адам баласына бар ырзығын беріп, тіршілікке береке сыйлайды. Ырысымен бөліседі. Бала шақтан өтіп, болашаққа қадам басқанда туған анамызға қалай қамқорлық жасар болсақ, Табиғат-Анаға да солай қамқорлық жасауымыз қажет.
Қаншама ақындар сұлу табиғатты өлеңдерінің өрнегіне айналдырса, жазушыларымыз жасыл-желекке оранған дала сәнін өз шығармаларында тебірене суреттеген. Менің де өмірдің өзгермес бөлшегіне айналған табиғатқа арнаған жырларым бар. Соның біріне тоқталар болсам:
«Табиғатым өзімменен бір туғам,
Суын ішіп, көбелегін сан қуғам.
Анам сүйсе әсем гүлін даланың,
Әкем талай бұлағына бет жуған»,- деп келеді.
Айналадағы барша адамзат өмірінің ажырамас бір бөлігіне айналған табиғатты сұлу, ғажайып күйінде сақтау – әрқайсысымыздың адами парызымыз. Бізге жақсылық жасаған адамға жамандық жасамайтынымыздай, біз үшін бар ғажайыбын өлшеусіз сыйға тартқан табиғатты бүлдірмей, сындырмай, қоқысқа толтырмай, таза қалпында сақтауға баршамыз атсалысайық. Табиғатымыз сәнді болса, өміріміз де мәнді болмақ! Таза болса табиғат, аман болар адамзат!
Ерасыл ТҰРАР,
№19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның
7 «Ә» сынып оқушысы