Basty bet

Өмірдің мәні – сүйіспеншілік пен сыйластықта

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөздің астарында үлкен мән жатыр. Яғни, өмірде қандай адам болып қалыптасуың отбасыңда алған тәрбиеңе байланысты.

Тәрбиелі, білімді ұрпақ – ұлт болашағы. Әрбір өнегелі отбасы мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы.
Қайрат ауылының тұрғындары Қуанышбек Төребеков пен Гүлжан Мырзақұлова еңбекқор, үлгілі ұрпақ өрбітіп отырған отбасылардың бірі.
Қуанышбек Төреқұловтың әкесі марқұм Жұмабек ата жас кезінде МАИ қызметкері болып еңбек етсе, анасы Жұмакүл Шынғазы Үлеков атындағы фабрикада тоқымашы болып еңбек етіпті. Екеуі үш ұл, екі қыз тәрбиелеген. Алайда екі ұлдары тағдырдың жазмышымен өмірден ерте озған. Бүгінде қара шаңырақта аналарымен бірге Қуанышбек жұбайымен бірге тұрып жатыр.
Жұмабек ата қатал, тік мінезді жан болған екен. Балаларын да солай тәрбиелеген. Ал Жұмакүл әже ашық-жарқын, қонақжай жан.
Мерейлі отбасының өмір салты туралы Жұмакүл әженің келіні Гүлжан әңгімелеп берді.
-Мен Көлтоған ауылында өмірге келдім. Марқұм атам Рахымбай Мырзақұлов 40 жыл ұстаздық еткен, мектеп директоры болып қызмет еткен. Ал әжеміз Фатима ауылда диірменде жұмыс істеген. Біз қара шаңырақта ата мен әжеміздің тәрбиесінде өстік.
Әжеміз өте керемет ақылды жан. Мені Ақгүлжан деп еркелететін. Менің өмірде кездескен қиындықтарды жеңуіме әжем мен қайын атамның көп көмегі тиді. Ол кісілер өмірлік тәжірибелерімен мені сабырға, ақылға шақырып, алға бағыттап отырды.
Әжеміз Алла қаласа 85-ке келеді. Үйде ата-анаммен бірге тұрады. Қазіргі таңда 10 ұл-қызынан 40-қа жуық немере, 30-ға жуық шөбере сүйіп отыр.
Әкем Мәлік инженер болып жұмыс істесе, анам Лескүл мектепте хатшы болып еңбек етті.
Бала кездегі арманым – заңгер болу еді. Алайда заңгерлік оқуға түсе алмадым. Мектеп бітірген соң Алматыдағы Қыздар педагогикалық университетінің психология факультетіне сырттай түстім. Сөйтіп 1995 жылы арманымның жетегімен аудандық сотқа қылмыстық істер жөніндегі хатшы болып еңбек жолымды бастадым.
1997 жылы Қайрат ауылының азаматы Қуанышбек екеуміз шаңырақ көтердік. Екеуміз бір-бірімізді ұнатып, жақсы көріп отау құрдық. Мен ол кезде 18 жаста едім. Мен өте ерке болатынмын.
Отбасымызда үлкен кісілерден әжем, ата-енем болды. Өзім ата-әженің тәрбиесінде болғандықтан үлкен отбасына сіңісу маған аса қиын болған жоқ. Туған отбасымда қонақжайлылықты әбден үйренгендіктен келін болып түскен отбасымда да енемнің қонақжайлылығы маған қатты ұнады.
Тұрмысқа шыққан соң төрт жылдай бала көтермедім. Осы жылдар ішінде моральдық тұрғыда шаршадым десем болады. Ондай сәттерде өзімнің әжем мен қайын атам демеу болды. Сол кісілердің ақылының арқасында қазір Аллаға шүкір екі ұл, үш қызымыз бар. Бір жағынан жолдасым екеуміздің бір-бірімізге деген сүйіспеншілігіміз күш берді. Қазір тұңғышымыз Еркеназ ТИГУ-де заңгер мамандығы бойынша білім алуда. Ақботамыз ҚазҰУ-де аудармашылық мамандықты оқуда. Ұлжанымыз Мыңбұлақ орта мектебінде оқиды. Биыл 11 сыныпқа өтті. Ал, ұлдарымыз Арафат 9 сыныпта, Асылмұрат 2 сыныпта оқиды.
Енем қолы босағанда тігін тігумен айналысатын. Қазір денсаулығы болмай қалды. Әйтпесе, құрақтың түр-түрін құрайтын.
Ата-енеміздің тәрбиесінің арқасында қазір ел ішінде сыйлы отбасылардың бірі болып отырмыз. «Әкеге қарап ұл өсер» демекші, жолдасыма әкесі жақсы тәрбие берген деп есептеймін. Отбасының алдында өзінің ер азамат, әке ретінде рөлін үлкен жауапкершілікпен атқарады. Ер азаматқа тән қасиеттің барлығы бойынан табылады десем артық айтпаған болар едім.
Бала-шағасына өте мейірімді. Ұл-қыздарына да әкелерінің айтқаны заң.
Қуанышбек өтірік айтқанды жек көреді. Не жағдай болса да ашық айтқанды, шынайылықты жаны сүйеді. Өте намысшыл. Балаларым – бақытым деп бағалайтын азаматтардың бірі. Денсаулығымның барында ұл-қыздарыма жағдай жасайын деп, тынбай еңбек етіп жүр. Іштей үнемі Алланың берген бағы мен бақытына шүкіршілік етемін.
Еңбек жолыма келсем, аудандық соттан тұрмысқа шыққан соң отбасылық жағдайыма байланысты жұмыстан шығып кеттім. 20 жылдай өмірге ұрпақ әкеліп, олардың тәрбиесімен үйде отырдым. Осыдан үш-төрт жыл бұрын ғана Шымкенттегі М.Әуезов атындағы университетке кітапханашы мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2018 жылдан бері Көлбастау ауылдық кітапханасында кітапханашы болып еңбек етіп келемін.
Жолдасым әкесімен бірге құрған «Қуаныш» шаруа қожалығының жұмысын жүргізуде. Меншігіндегі жерге картоп, арпа, бидай, мақсары егеді. Қажетті техникалары бар. Одан бөлек «Ерке Бота» құрылыс жұмыстарымен айналысатын ЖШС жұмысымен айналысады. Бес-алты кісіні тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Отбасы болғаннан соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды ғой. Отбасында әйелдің кешірімді болғаны дұрыс. Ренжісіп қалсақ, көбінде бірінші болып мен сөйлеп кетемін.
Отбасыма дәмді тамақ дайындап бергенді жақсы көремін. Жолдасым жұмыс бабымен көбінде жолда жүреді. Жұмыстан шаршап келгенде дәмді тамағымды дайындап күтіп отырамын. Бір-біріміздің бабымызды, көңілімізді табуға тырысамыз. Қазір де жұмыста болсам да барлығына үлгеремін. Қыздарымнан да осыны талап етемін. Қыз баласы қанша дипломы болса да, ең маңыздысы тамақты дәмді етіп пісіруді үйренуі керек.
Отбсында көп жағдай әйелге байланысты. «Мал таппайтын еркек жоқ, құрарын айт» демекші, ер азаматыңның тапқанын ұқсата білу де өнер. Күйеуінің тапқанын жарқыратып көрсете біліп, мәртебесін көтеріп, сыйлап отырған әйел ешқашан есікте отырмайды,- дейді өнегелі отбасының отанасы Гүлжан Мәлікқызы.
Отағасы Қуанышбек Төребеков ауылдағы Мыңбұлақ орта мектебімен тығыз байланыс жасап отырады. Яғни, мектепке қажет жағдайда демеушілік жасаудан ешқашан шет қалған емес.
Үлгілі, еңбекқор отбасына амандық, істеріне береке, бақыт тілейміз!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close